Аудан, қала және ауыл әкімдіктерінің дербестігі артып, жауапкершілігі күшейеді

Жарияланды
Сенат заң жобасын мақұлдады

Бүгін Сенат депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне биліктің аудандық, қалалық және ауылдық деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, заң жобасы бірқатар нормативтік құқықтық актілерге аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округтердің кіріс базасын кеңейту; бюджеттік рәсімдерді оңайлату; әкімшілік-аумақтық бірліктерге қойылатын талаптарды жетілдіру; дербестікті кеңейту және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейтуге қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Бюджеттің кіріс көздерін көбейту үшін ЖӨБ бюджеттің IV деңгейіне салық пен төлемнің қосымша төрт түрі беріледі. Бұдан бөлек, бюджеттік рәсімдер жеңілдетіледі. Атап айтқанда, ауылдық округ әкімі аппараты үшін бюджетке жиырма пайыздан аспайтын көлемде түзету енгізіледі. Түзету жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша жүргізіледі

«Бюджет кодексіне бір жылы ішінде аудан мен ауылдық округ бюджеттері арасындағы ЖСТ көлемінің өзгеруіне жол бермейтін нақтылаушы норма енгізіледі. Осылайша, ауылдық округтер әкімдерінде субвенцияларды азайту немесе алып қоюларды ұлғайту қаупінсіз ауылдық округтердің салық салынатын базасын ұлғайтуға мүдделілік болады»  деді Ә.Ерғалиев.

Сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктер санатын өзгерту тәртібі де айқындалады. Қала мәртебесінің өзгеруі сәйкес келмеген жағдайда  – бес жыл, ауылдарда үш жыл ішінде жүзеге асырылады.

Заң жобасында мәслихат пен депутаттарының мәртебесін арттыру бойынша түзетулер, атап айтқанда, мәслихат сессиясының төрағасы лауазымын тарату және оның өкілеттігін мәслихат хатшысына беру көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз