Алматының индустриялық аймағында биыл 9 жоба іске қосылады

Жарияланды
Олардың жалпы құны – 40 млрд теңге

Биыл индустриялық аймақта жыл соңына дейін 40,3 млрд теңге сомасына 9 жоба іске қосылып, 823 жұмыс орны құрылады.  Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндаған Бақытжан Сағынтаев мәлемдеді. 

«Шағын кәсіпорындар үшін индустриялық аймақта орта есеппен 5 мың шаршы метрден болатын шағын өнеркәсіптік парктер – өндірістік үй-жай салынып жатыр. Биыл 4 шағын өнеркәсіптік паркті іске қосу жоспарлануда. Қазіргі кезде Түрксіб, Алатау және Наурызбай аудандарында осындай бір-бір шағын парктер іске қосылды. Шағын өнеркәсіп парктерінің резиденттері үшін жылдық 2% жеңілдікпен қаржыландыру және 1 шаршы метр үшін 1200 теңгеден алаңды жалға алу қолданылады. «Алатау» ИТП арнайы экономикалық аймағы да белсенді дамуда. Жылдың басынан бері 8 жоба бойынша өндірістік алаңдарды жобалау басталды. Инвестициялардың жалпы сомасы 44,5 млрд теңгені құрайды, 1,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылады» деді қала әкімі. 

 Қала экономикасындағы маңызды сала сауда-саттық болып тұр.  Жалпы өңірлік өнімнің 32,9%-ы осы салаға тиесілі болса, жұмыспен қамтылған тұрғындардың  24,4%-ы  сауда-саттықта жұмыс істейді. Биыл базарлардың  орнында 81 жаңа заманауи сауда нысанын салып, іске қосу жоспарланған.

Әкімнің айтуынша, дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың арқасында экономиканың құлдырауына жол берілмеген. Биыл қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,8% құрады. 

«Өнеркәсіпте 19,7% өсім қамтамасыз етілді, құрылыс – 24,7%-ке, байланыс қызметтері – 13,4%-ке артып, сауда – 4,7%-ке өсті. Пайдалануға белрігне тұрғын үй аумағы 13,3%-ке артты, 570 мың шаршы метрден астам  баспана салынды. Биыл 2 млн 600 шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 32,7%-ке артып, 355,4 млрд теңгені құрады. 1,1 трлн теңге салық жиналды. Оның ішінде 350 млрд теңге жергілікті бюджетке түсті» деді Б.Сағынтаев. 
 

Сондай-ақ оқыңыз