Банктердің кредит бермей қоятын себептері

Жарияланды
Бұған әсер ететін бірнеше фактор бар

Несие рәсімдеуге өтінім бергенде кейде «мақұлдай алмаймыз» деген жауап алуыңыз мүмкін. Бір ескеретін жайт, қарызға батқандар ғана емес, басында бұрын кредиті болмағандар да ала алмай жатады. Рұқсат берілмеуінің нақты себептерін банктер ашып айтпайды. Десе де, жауапқа әсер ететін бірнеше факторды білеміз. Сондықтан білгенімізді сізбен де бөліскелі отырмыз. 

1. Табысыңыз аз болса

Бұл енді бірінші кезектегі себеп екенін ішіңіз біліп отырған болар. Өйткені қаржы ұйымына клиенттің уақытылы төлеп отыруға шамасы келе ме, жоқ па сол маңызды. Демек кредит берер уақытта банк алдымен сіздің табысыңызды есептеп, егер алған жағдайда қанша ақша қалатынын, өзге төлемдердің бар-жоғын тексеріп, соңында өмір сүруге жеткілікті шекті сома қала ма — соған қарайды. Яғни сізде бұдан бөлек ипотека, автонесие және тауарлық несиелер болып тұрса, оның үстіне бір ай өмір сүруге қажет сома қала ма, бала-шағаның жағдайы жасай алмай қиналып қалмайсыз ба деген мәселелерді де назардан тыс қалдырмайды. Айтпақшы, қосымша табысыңыз барын көрсетсеңіз, беріп қалуы бек мүмкін. Қалай болған күннің өзінде банкке керегі — сізден ай сайын төлем алып, ақшаның айналымда болуы.     

2. Ақша алудағы мақсатыңыз күмәнді болған жағдайда 

Кез келген кредиттің берілетін мақсаты болады. Яғни бірі кәсібін дөңгелетуге, бірі машина алуға, енді бірі үйлі болу ойымен алады. Бұл ретте мақсаты өте маңызды. Мәселен қазір пандемия кезінде көп бизнес күйреп жатыр. Ал егер сіз банкке барып, «мейрамхана ашайын деп едім» десеңіз, сізге бермей қоюы мүмкін. Өйткені қазір кәсіптің дәл бұл түрі гүлденгеннен гөрі тоқтап жатыр. Әрі тауарлық несиелерге қарағанда мұнда ақша көлемі де қомақтырақ болғандықтан, банктердің аса тәуекелге бара қоймайтыны түсінікті. Көбіне ипотека, бизнеске арналған кредиттерді алу қиындау. Ал енді кішігірім соманы қолма-қол ақшалай алу, телефон жаңарту дегендей себептермен алынған несиелердің мақұлдану ықтималы әлдеқайда жоғары. Себебі ол кезде, сәйкесінше, тәуекел де төмен. 

3. Мүгедектігіңіз болса…

Бәрі болмаса да, ауырлау деңгейдегі мүгедектігі барларға кредиттің мақұлдануы сирек. Мұнда да мәселе тәуекелге келіп тіреледі.  

4. Бұрын істі болсаңыз… 

Сіз туралы мәліметтің кемі 90 пайызын банктер біледі. Бұған күмәніңіз болмасын. Тіпті алыс туыстарыңыздың да нөмірін таба алады. Олардың деректер базасы қандай үлкен екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Әрине, бұрын түрмеде отырғанның бәріне банк есігі жабық деп айта алмаймыз. Бірақ бірден-бір себепкер болып қалатын кездері кездеседі. соның ішінде, алаяқтық, есірткі саудасы, терроризмді қаржыландыру туралы баптар бойынша істі болғандарға  мақұлдауы қиын. 

5. Жұмыс істейтін жеріңіз жабылуы мүмкін болған жағдайда

Айтқандай, банктер бәрін біледі. Соның ішінде жұмыс істейтін  жеріңіз жайлы. Сізге айлық беретін бірден-бір жер болғандықтан, компанияны тексеруі заңды. Яғни сізге кредит бермес бұрын жұмыс берушінің ахуалы есепке алынады. Егер ол жабылудың аз-ақ алдында тұрған, «қауіпті аймақтағы» мекеме болса, алдағы уақытта жұмыссыз қалуыңыз мүмкін болғандықтан, кредит бермей қоюы ғажап емес.  

6. Банктен «қашып» жүрген адамның танысы болсаңыз…

Негізі әр банктің деректер базасында кредит төлемей жүргендердің тізімі болады. «Қашқын» адам кезінде несие алғанда «мен төлей алмаған жағдайда, мына кісіге хабарласасыз» деп сіздің мәліметтеріңізді берген болса, жағдай қиын. Демек банк ұнатпайтын адаммен байланыста болғаныңыз да әсер етуі мүмкін екен. Бірден шошымаңыз. Бұл — мүмкін болатын фактордың бірі ғана. Айталық, әлгі төлемей жүрген адам сіздің жұбайыңыз сынды жақын адам болғанда ғана әсер етеді деседі. 

7. Шағын қаржы ұйымдарымен дос болған жағдайда

Шыны керек, банктер кішігірім қарыз дегенді жақтырмайды. Нақтырақ айтқанда, микроқаржы ұйымдарынан алынған қарыздарды. Өйткені ондай ұйымға баратындар — қаржылық ахуалы әбден қиындап кеткендер. Сондықтан несие тарихын ақтара келе, соңғы 2-3 жылда қарыз алушының шағын қаржы ұйымдарынан ақша алғаны белгілі болса, оның себебі сұралып, қалай жапқаны — бәрі анықталады. Ал енді ойланып қарасақ, ол жерден қарыз алғандар көбіне жалақыға дейін ала тұрғандар болып шығады. Бұл болса, клиенттің болашақта банк басына «бәле» болуы мүмкін екенін білдіреді. Сондықтан бұрын-соңды микроқаржы ұйымдарынан қарыз алып, оны төлей алмай, бірнеше ай кешіктіріп жүріп алсаңыз, менеджерге түсіндіруге тырысыңыз. Яғни неліктен кешіктіргеніңізді айтыңыз. Себеп өте маңызды болғаны жөн. Мысалы, сол кезде жұмыссыз жүріп қалсаңыз, ауырып қалсаңыз дегендей нақты себептер болуы керек. Ал қалыпты жағдайда айлығын жеткізе алмаған адам болып көрінсеңіз, мақұлдамай қояды. Сонымен бірге сотқа дейін барған жағдайлар тіркелсе де, мұндай адаммен банк араласқысы келмейді. 

8. Кредит мерзімін ұзартып, «демалыс» алсаңыз…

Кредит тарихы деген — бәрін үтір-нүктесіне дейін еске сақтайтын құжат. Яғни уақыт өте келе ұмытылатын, сызылып кететін дүниелер болмайды. Қай айда қанша күнге, қанша сома кешіктергеніңіз, бір кездері төлей алмай, уақытша «қатырып» қойған болсаңыз да, ол көрініп тұрады. Әсіресе, былтыр пандемия кезінде үш айлық не одан да көп мерзімге кредитті ұзартқандар болды. Рәсімдегендер ішінде шынында жұмыссыз қалғандар да, жолына создырғандар да болды. Мұндай шешім қабылдамас бұрын «қаншалықты создыруға мұқтажсыз? Онсыз шешу мүлдем мүмкін емес пе?» — осыны ойлаңыз. Бір қарағанда, бірнеше ай кредит төлемей бос жүретіндей көрінгенімен, ол бәрібір алдыңыздан шығады. Яғни ол кез үшін ұсталатын комиссия, пайыздың өсуі, мерзімінің ұзаруы дегендей мәселелер бар. Ал оны дұрыс бағамдамасаңыз, кейін екі арада түсініспеушілік пайда болады.  Ал енді ақыры создырған болсаңыз, одан кейін қанша уақыттың өткені маңызды. Себебі бірер ай бұрын ғана «кредитімді төлей алмай жатырмын» деген адамның қолына сұраған қаражатын ұстата салмайды. Бұл дегеніміз келесі несиені алмас бұрын, жағдайыңыздың түзелгенін дәлелдеуіңіз керек. Қаржылық ахуалы тұрақтанып, бір ізге түскендермен жұмыс істеген банк үшін қолайлырақ. 
 

Сондай-ақ оқыңыз