1 қарашадан Қазақстанға таңбаланбаған аяқ киім әкелуге тыйым салынады
Биыл 1 қарашадан Қазақстанда таңбаланбаған аяқ киім өндіруге және шетелден әкелуге тыйым салынады. Ал бөлшек сауда сөрелеріндегі таңбаланбаған тауарды 2022 жылдың 1 қарашасына дейін сатуға болады. Мұндай шешім сала өкілдері қатысқан кеңесте қабылданған.
Бұдан бұрын міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылдың шілдесінен енгізіледі деп жоспарланған еді.
Дегенмен, көптеген импорттаушылар шетелден күздік-қыстық аяқ киімдерге алдын ала, жарты жыл бұрын тапсырыс береді. Сондықтан көктемде тапсырыс берілген таңбаланбаған аяқ киім ҚР шекарасынан 1 шілдеге дейін өтпей қалу қаупі туындаған.
«Енді нарықтың жаңа нормаларға мұқият дайындалуына тағы бес ай және таңбаланбаған тауар қалдықтарын сатып үлгеруіне бір жылдан астам уақыт бар. Цифрлық таңбалау бойынша жедел желі бизнеске тәулік бойы қызмет етеді. Аяқ киімді цифрлық таңбалау туралы пайдалы ақпарат markirovka.kz порталында бар. Сондықтан әрбір кәсіпкердің нарықтағы жұмыстың жаңа ережелеріне мұқият дайындалу мүмкіндігі мен уақыты бар» дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.
Міндетті цифрлық таңбалауды енгізуге кеден қоймалары да дайындалып жатыр. Қойма аумағында кедендік рәсімдер кезінде шетелдік зауыттарда таңбаланбаған тауарға Data Matrix цифрлық коды бар стикерлер немесе этикеткалар орнатылатын болады.
Айта кетейік, тауарларды цифрлық таңбалау – бұл ЕАЭО деңгейінде жүзеге асырылатын ұлтаралық жоба. Ал аяқ киім саласы – елімізде міндетті цифрлық таңбалау енгізілетін алғашқы салалардың бірі. Мұндай шешім нарықтағы контрафакті тауар деңгейін ескере отырып қабылданған.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, көлеңкелі аяқ киім нарығы жалпы нарықтың 48,5%-ын құрайды екен. Аяқ киімді цифрлық таңбалау нарықты ашық қылып, контрафактіден тазартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, аталған шара қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Ал тұтынушы Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы таңбаланған тауар түпнұсқа ма, емес пе, оңай тексере алады.