Байып кету: пайдасынан зияны көп кеңестер
Бүгінде байып кетудің сан түрлі әдісін бөлісетін бизнесмен де, блогер де көбейді. Кеңестің көз сүрінетіні сонша, қайсысына сенер-сенбесіңді білмейсің. Осы ретте ғылыми тұрғыда зерттеле келе, пайдаға аспайтыны анықталған әдістер туралы сөз қозғамақшымыз.
Визуализация: байлық өздігімен келетіні рас па?
Көзді жұмып, қиялдап, елестету арқылы, болмаса қабырғаға «армандар картасын» ілу арқылы байып кетуге болатынына сендіретіндер легі азаяр емес. Сол картаны жасап, сатып жатқандардың байып жатқаны шындық. Ал алғандардың аяқ-асты үлде мен бүлдеге орана кетуіне қатысты күмән басым. Жалпы алғанда бұл идеяны қолдаушылар визуализацияның көмегімен мотивация алып, түпсанамыз қажет адамдар мен жағдайларды магнитше тартады дейді. Ал негізі қалағанымыздың бәрі олай оңай бола қоймайды. Яғни жағымды арман-қиял күш-қуатымызды дұрыс бағытқа бұрады деген шындыққа жанаспайды.
Нью-Йорк университетінің психология факультетінің ғалымдары бұл тақырыпта зерттеу жүргізген. Олар ғылыми жұмыс барысында «армандар тізілген тақтаның күші жоқ» деген байлам жасаған. Яғни адамдар саусақ ұшын да қимылдатпай, бірақ кенеттен байлық үйіліп төгілсе деп ойлайды деседі. Әрі миымыз әлгі позитив ойды шындық деп қабылдап, алға қимылдаудың орнына, тұрған жерінде тұрып қалады екен. Осыған ұқсас зерттеуді Калифорния университетінің ғалымдары да жасапты. Студенттерді екі топқа бөліп, визуализация жасатқан. Бір тобы емтиханға дайындық барысын елестетсе, екіншісі — сәтті тапсырғанын ойлаған. Алғашқы топтың студенттері дайындық жайлы көбірек ойланғандықтан, еңбектеніп, шын мәнінде оқыған. Ал жай ғана жақсы баға алғанын елестеткендер ондай сәтті тапсырмапты. Бұл дегеніміз визуализацияның нақты қадамдарды ойластырып, жасауға кедергі келтіретінін білдіреді. Сондай-ақ, бәрін оңай жолмен, жай ғана визуал ойлау арқылы қол жеткізуге болады деп жаңсақ пікір таратып, адамды жалқау ете түседі деседі.
Аффирмацияның күші бар ма?
Трендтегі тағы бір тәсіл — аффирмация. Білмейтіндерге қысқаша анықтама айта кетсек, бұл — жақсы ойлап, жоқ нәрсені бар қылып айту әдісі. Жалпы алғанда бұл идеяны алға тартатындардың уәжі мынадай: психологияда жиі аффирмация айту арқылы түпсанада қажетті образ не ұстанымды бекітуге болады-мыс. Яғни психологиялық әрі эмоционал жағдайды түзеп, өмірге оң өзгеріс әкелуге болады екен. Әйтсе де, зерттеулер нәтижесі мұның да іске аспайтын тәсіл екенін дәлелдеп отыр. Яғни аффирмацияның негатив ойларды қашыруға, қиындықтарды еңсеруге, өз бағасын көтеруге еш көмегі бола алмайды екен. Линаннь университетінің ғалымдары жасаған зерттеудің қорытындысы бойынша, жағымды сөздері бар аффирмацияларды пайдаланғанды аса сақ болу керек. Өйткені өзін төмен бағалайтын адамдар әлгі мәтіндерді оқығанда кәдімгідей күйзеліске түсіп кетеді екен. Яғни адам санасы аффирмацияның өзіне емес, айтылып жатқан сөз бен шындықтың жанаспайтынына баса мән беріп кетеді деседі. Оның соңы адамның ахуалын одан әрмен нашарлатуға әкеп соғуы ықтимал.
Таңғы бесте тұру жетістіктің кілті ме?
Мотивациялық кітаптардың денінде авторлар күнделікті режимін жазады. Басым көпшілігі «ертемен тұратын болсаңыз, шыңға жетесіз» деп сендіреді. Сенбеске амал жоқ. Өйткені осыған ұқсас сөз біздің өзімізде де бар: «Ерте тұрған еркектің бір ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық». Әрине, ерте тұрса көп шаруаны тындыруға болатыны белгілі. Әрі түске дейін ұйықтаған адамға қарағанда таңмен таласа тұрған адамның энергиясы тасып тұрады. Мұның жағымды әсерін атап өтпеу мүмкін емес. Десе де, кей адамдарға бұл әдіс жақпайды. Бұған дәлел ретінде Америка, Ұлыбритания, Нидерланды, Германия және өзге де елдердің университеттерінің ғалымдары бірлесіп жасаған зерттеуді келтіре аламыз. Олар 700 мыңнан астам респонденттің мәліметтерін зерттей келе, адамның күш-қуатының қай кездері мол болатынына әсер ететін 350 генетикалық фактор табады. Яғни ғалымдар қатысушылардың күннің қай бөлігінде өзін жақсы сезінетінін анықтаған. Сөйтсе, бәрінде бірдей бола бермейді екен.
Сондай-ақ, Гарвард университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің, Мюнхен және Людвиг-Максимилиан университеттерінің ғалымдары ұйқы режимі адамның геніне байланысты, жеке биологиялық сағаттар арқылы анықталатынын дәлелдеп шыққан. Сондықтан зерттеу авторлары жұмыс режимін өзіңіздің ішкі күйіңіз, ұйықтауға және оянуға қолайлы кездерді таңдау арқылы жасауға кеңес береді. Оксфорд университетінің биологы Катарина Вульфтің айтуынша, адам өзінің табиғи ритміне сай өмір сүрсе, өзін жақсырақ сезініп, өнімдірек жұмыс істейді. Ал егер режимді қолдан өзгертсе, онда физилогиялық үдерістер бұзылады екен. Айталық, сіз бұрыннан «үкі» типтес адамсыз. Үнемі кеш жатып үйренген олар ерте тұруды қолға алса да, ағзасы олар оянған соң да мелатонин бөліп, соның салдарынан өзін шаршаңқы сезінеді. Адамның биологиялық сағатын ауыстыруға тырысқан жағдайда инсулин және глюкоза бөлу процестеріне де кері әсері болады. Ал ол болса, артық салмаққа әкеліп соғады. Бұл қай кезде ояну жайлы айтып отырмыз. Яғни ішкі сағатыңызға сай тұрмасаңыз, қанша сағат ұйықтасаңыз да біреу сізді құдды ұрып кеткендей сезініп жүре беруіңіз мүмкін.
Көп жаратқан сайын, табыс молая түсе ме?
Байлыққа қатысты жиі айтылатын ендігі бір кеңес — көп қаражат жаратудан қорықпау. Мұның бастауы сонау эзотериялық заңда деседі. Яғни адамның бергені көп болған сайын, алары да еселене түседі екен. Аталған заңды қазір заманауи бизнес-коучтер жиі қолданып жүр. Ал енді суық санамен ойлап көрер болсақ, қолдағы барды басқаларға бере берсеңіз, қалай байисыз? Әлбетте, көмектесу, қайырымдылық деген жақсы. Дегенмен ол үшін өзіңіз бай болуыңыз керек.
Америкалық кәсіпкер Уорррен Баффетт былай дейді: «алдымен адам өзіне қаражат құюы керек. Өзіңізге жасаған ең құнды салым — қабілетіңізге құйылған инвестиция. Қабілетіңізді арттырып, бизнесіңізді жандандыру үшін жасаған бастамаңыздың қай-қайсы болсын жемісін береді». Қарап отырсақ, басқаға бермесеңіз де, тіпті өзіңізге де бар ақшаны төге берген жөн емес. Бұл жерде керегі — ақылмен жұмсау, артқа жинау, шығынды бақылау. Ол үшін біз үнемі кеңес беретін бюджетті жоспарлау, кіріс пен шығысты қарап отыру қажет. Айтқандай, қайырымдылық жасаудың керегі жоқ деуге болмайды. Ол қаржылық жағынан пайда әкелмесе де, жағымды эмоция сыйлайды. Мұқтажға көмектесу арқылы бақытты бола түсесіз. Германиялық, америкалық, швейцариялық ғалымдар мынадай қызық зерттеу жасапты. Қатысушылар ақшасын өзгелерге көмектесуге жұмсапты. Сөйтіп мидың сол кездегі белсенділігін бақылай келе, жомартық пен бақытқа жауапты ми бөліктерінің белсене түскенін байқаған. «Көп құртқан сайын көп табамын» деп ойлау қате. Әйтсе де, қолда бар болып тұрса, бөліскен сайын өзіңіз де қуанасыз.
Табысты болудың жалғыз жолы тынымсыз еңбек пе?
Енді бір адамдар тырбаңдап жұмыс істей беру арқылы байып кетуге болады деп есептейді. Яғни басқаның бәрін ұмытып, бір минут та дамыл таппай еңбек ету керек-мыс. «Еңбек бәрін жеңбек» деген рас. Әйтсе де, сол жолда денсаулықты сарп етіп, кейін сол тапқанның бәрін ахуалды реттеуге жұмсаудың қажеті қанша? Осы бағытта жасалған бір ғылыми зерттеуді мысалға келтірейік. Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымдарының айтуынша, адамның миына демалыс қажет. Тынықпаса, өнімді жұмыс істей алмай, жады әлсірейді екен. Ғалымдар «біз тыныққан кезде миымыз жұмыссыз, сенделмейді. Жақында алған ақпараттарды өңдеп, шешілмеген мәселелерді анықтайды» дейді.
Флорида университетінің психологы К. Андерс Эрикксон отыз жылдан астам уақыттан бері ерлер мен әйелдердің түрлі салада қалай жетістікке жететінін зерттеген. Қорытындылай келе, ол мынадай байлам жасаған: кәсіби маманның дені әлденеге шындап кіріссе, әрі кетсе бір сағаттай тынымсыз жұмыс істейді екен. Ал одан кейін тынығу керек болады деседі. Сондай-ақ, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүргендер көбіне күніне төрт сағаттай ғана жұмыс істейді екен. Демек, адам еңбек етуі керек дегендей, демалуы да керек. Серуендеу сынды әдістерден бөлек, кәдімгі күндізгі ұйқының да пайдасы зор. Қысқа болса да көз шырымын алып алған дұрыс. Ол жұмысты өнімдірек жасауға ықпал етеді. Қорыта келе айтарымыз, демалыссыз жұмыс істегеннен гөрі ара-арасынды үзіліс жасап істегеннің нәтижесі көбірек көңіл қуантады.