Бір айда 72 адам суға кетіп қайтыс болды

Жарияланды
Соның ішінде 27-і – балалар

Шомылу маусымы басталғалы (1 маусымнанбері)  – 72 адам, соның ішінде 27 бала суға батып, қайтыс болған. Бұған суда өз күшін дұрыс бағаламау, мас күйде суға шомылу, шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсу, суға батып бара жатқан адамды  құтқаруға ұмтылу мен балаларды қараусыз қалдыру себеп. Осы орайда ТЖМ суда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. 

Әсіресе Түркістан (14), Қызылорда (8), Алматы (7) және Шығыс Қазақстан (7) облыстарында суға кеткендер көп.
Су айдындарының жағалау аумағын патрульдеу кезінде құтқарушылар мен полиция қызметкерлері 59 адамды, оның ішінде 8 баланы құтқарған.

Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері  сонымен өатар қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін бұзушыларды анықтау және су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау бойынша бірлескен рейд пен патрульдеу жұмыстарын жүргізеді. Қоғамдық орын ережелерін бұзғаны үшін 1000-ға жуық адам, ал ортақ су пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1000-нан астам адамға ескерту жасалған.

Осы орайда ТЖМ азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. 

Ең алдымен:
– мас күйде суға кіруге және шомылуға;
– қайық, катер, айлақ, сондай-ақ өзге де құрылыстардан суға секіруге;
– тексерілмеген және жабдықталмаған жерде суға сүңгуге;
– жүзу шекарасын белгілейтін буйкалардың артынан жүзуге;
– жүзуге арналмаған заттарда жүзуге;
– балаларға ересектердің қарауынсыз суға шомылуға тыйым салынады.

Әр адам қауіпті жер мен  шомылатын су қоймасының ерекшеліктерін білуі керек, өйткені жабдықталмаған жерлерде тастар, су басқан бөренелер, темір кесектері, шыны және басқа заттар болуы мүмкін.
 

Сондай-ақ оқыңыз