Әуебилетті қалай арзанға алуға болады?

Жарияланды
Сіз білмеуіңіз мүмкін бірнеше «құпия» тәсілді бөлісеміз

Көпшілігі еңбек демалысын жазғы маусымға жоспарлайды. Әсіресе, шетелге шығу не ел ішінде саяхат жасауды ойға алғандарға ұшақ билеттерін аларда ескеру керек дүниелер бар. Бұл материалда билетті арзанға алудың жолдарын бөлісеміз. Кейбірін білсеңіз, енді бірі сіз үшін жаңалық болуы әбден мүмкін. Көбіміз билетті алдын-ала алған кезде ғана арзанға алуға болады деп ойлаймыз. Ал негізі оның басқа да жолдары бар. 

Іздеу сайттарын не мобайл қолданбаларды пайдаланыңыз

Әуебилеттерінің бағасын қарағанда жай ғана Google сынды іздеу жүйесіне жазу жеткіліксіз. Егер басқаларымен салыстырғыңыз келсе, арнайы іздеу сайттарына кіріп көрген дұрыс. Бүгінде ең танымал сервистердің ішінде Авиасейлс бен Skyscanner-ді атап өтуге болады. Бар болғаны санаулы секундтардың ішінде ең арзан әрі оңтайлы нұсқаны шығарып береді. Заман дамып жатыр десек те, әуекассаларын әлі күнге дейін билет алатындар бар. Ал ол жерде қымбаттау әрі уақытыңызды алады. Егер жиі сапарлайтын болсаңыз, мобайл қолданбаларды жүктеп алған жөн.   

Таңдау жасау керек болса, арзандау шығатын жақты таңдаңыз

Егер демалыста қайда баратыныңызды әлі шешпесеңіз, арзандау жақты таңдауға кеңес береміз. Мысалы Skyscanner-де іздеудің кеңейтілген түрі бар. Бастысы, ұшатын қаланы не елді көрсетесіз де, баратын бағытыңызға «кез келген жаққа» деп көрсетіңіз. Осылайша қазіргі уақытта қай жаққа барған тиімдірек екенін жүйе өзі-ақ шығарып береді. Тіпті уақытын да бір жыл көлемінде не ай көлемінде деуге болады. Ал «Авиасейлста» арзан бағалардың күнтізбесі бар. Сол жерден уақыты мен бағасына қарай таңдау жасау мүмкіндігі қарастырылған.     

Бағаның құбылуын бақылап жүріңіз

Билет бағасы үнемі құбылып тұрады. Кеше арзан тұрғаны бүгін қымбаттап кетеді. Болмаса, қымбат билет аяқ-асты арзандап шыға келеді. Үнемі бақылап отыру қиын болғандықтан, сервистердің жаңалықтарын e-mail арқылы алып отыратындай етіп жазылып алуға болады. Сондай-ақ, қазір телеграм-боттарды да қолданған ыңғайлы. Алдын-ала баратын жақ, уақытын, шамамен қандай бағада керегін белгілесеңіз, робот сізге ара-тұра бірнеше нұсқа жолдап тұрады. Бастысы, арзандады деген кезде алып үлгерсеңіз болғаны. Мына кездерде билет арзандау болады:
•    Кез келген әуе бағыттары бір жыл бұрын;
•    Ұшардан 2-3 ай бұрын (әсіресе, лоукостерлерде);
•    Бірнеше күн бұрын (чартерлерде немесе адам аз ұшатын кездерде ірі әуекомпанияларында);
Қызып тұрған турлар тиімді
«Ыстық» әлде «қызып» тұрған, болмаса «күйіп бара жатқан» турлар деген бар. Яғни ұшуға сіз дайын болсаңыз, бір не бірнеше күн қалғанда тым арзандап кетеді. Неге тур тиімді? Адам көп баратын бағыттарда бірнеше орын бос қалады немесе әлдекімдер бара алмайтын болғасын қайтарып жатады. Сондықтан тым арзан бағаға алуға мүмкіндік туады. Турпакеттің ішінде арзан билеттен бөлек тұратын жер, сақтандыру, трансфер кіреді. Тіпті қонақ үй, басқасы керек болмаса да әуебилеті үшін-ақ алуға болады. Өйткені билетті бөлек алатын болсаңыз, күні таяу қалғанда әлдеқайда қымбатқа шығады. Сондықтан мұны да бір нұсқа ретінде есте ұстаңыз.    

Әуекомпаниялардың акциялары оңтайлы бола бермейді

Белгілі бір бағытқа арзан билеттер сатылымы басталғаны туралы жаңалықтың дені маркетинг тәсілі ғана болады. Яғни өзіне клиент тартудың жолы. Акция бойынша алмақшы болып, іздей бастасаңыз, қолайсыз тұсы жетіп артылады. Бағасы да айтарлықтай түспеуі мүмкін. Ал бағасы шынында арзан бағыттар көбіне тартымсыз немесе танымал болса да өте аз көлемде болады. Алып үлгергендердің қатарында болсаңыз, жолыңыздың болғаны. Қолайсыз тұстарына келсек, біріншіден, нақты сізге керек күнге болмауы мүмкін. Одан қала берді жүк үшін бөлек төлеу керек, түнгі не таңғы уақытта, әуежайы тым алыс, тіке баратын емес, бірнеше жерге соғатын рейс деген сияқты бірнеше қолайсыздық қоса шығады. Әлбетте, дәл ойыңыздағымен үйлесе кетсе, құба-құп. Ал енді басым көпшілігіне ол акция айтарлықтай оң жамбасына келмейді. Сондай-ақ, әуекомпаниялары артық ақпаратты тым көп жолдайды. Осылайша электронды поштаңызды «қоқысқа» толтыруы мүмкін. Егер үнемі жаңалықтан хабардар болғыңыз келсе, спамға толғанына мән бермесеңіз, әрі кез келген уақытта тәуекел етіп, ұшып кетуге даяр болсаңыз, жаңалықтарына жазылғанда тұрған ештеңе жоқ. Ал енді бір жылда бір демалатын адамдардың қатарынан болсаңыз, оның сізге қажеті шамалы. 

Адамдар аз ұшатын кезді таңдаған дұрыс

Бұл кеңесті көпшілік білетін болса керек. Дегенмен жазда, жаңа жыл және мамырдағы демалыс кезінде шетелге шығатындар саны едәуір көп болады. Сәйкесінше, билеттер қымбаттау болады. Сондықтан сұраныс аздау кезді таңдасаңыз, қалтаңыздан қақпайтын, арзандау билеттерге қол жеткізе аласыз. Әрине, баратын еліңіздің ауа-райын да есепке алуды ұмытпаңыз. Арзан аламын деп, қонақ үйден шыға алмай жатқан да жақсы емес. Ал енді сұраныс қай кезде аз болады? Еуропаға көбіне маусымдар арасында немесе қысқат, Тайландқа жазда барған дұрысырақ. Бұл уақытта ұшақ бағасы ғана арзан болмайды. Сонымен бірге тұратын жер, экскурсия және түрлі ойын-сауық бағдарламалары бағасы біршама төмендейді. Одан бөлек, сұраныс аз кезде бардым деген сөз — туристер аз кезде бардым дегенді білдіреді. Бұл — өте жақсы бонус. 

Чартерлік рейстермен ұшқан жақсы

Чартерлік рейстер дегеніміз — туристік оператордың тапсырысымен туристік маусым қызып тұрған кезде жасалатын рейс. Яғни ең танымал бағыттарға туроператорлар түгел бір ұшақ бортын сатып алады. Бұған дейін айтқанымыздай, турпакетпен ұшқан секілді, чартерлік рейстердің де бағасы біршама арзандау болады. Пакетті сатып алмай-ақ, жекелеген адамдардың да бұл рейске кіруіне мүмкіндік бар. Қалай десеңіз, кейде борт толмай қалады да, содан өтпей қалған бірнеше орынды төмен бағада сату үшін нарыққа шығарады. Көбіне барар бағытқа ғана арналған болуы мүмкін. Дегенмен бағасы салыстырмалы түрде арзандау болады. Сондықтан жазда көпшілігі демалысқа барғанды пайдаланып, «көппен көрген ұлы той» деп барып қайтуға кедергі жоқ. Біз тізіп шыққан осы нұсқаларды есте ұстау арқылы едәуір үнемдеп, оңтайлы нұсқа таба аласыз. 
 

Сондай-ақ оқыңыз