Азық-түлік бір айда 1,7 пайызға қымбаттады
Қазақстанда азық-түлік бағасы бір айда 1,7 пайызға, азық-түлік емес тауарлары – 0,8%, ақылы қызметтер 0,7%-ға қымбаттаған. Бұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы келтіріп отыр.
Азық-түліктің ішінде көкөніс қатты қымбаттады. Сәбіз бағасы бір айда екі еседей көтерілсе, қызылша бағасы –1,5 есе, картоп 40,7% қымбаттаған. Күнбағыс майына – 5,6%, қой етіне – 2,7%, жармаларға – 1,8%, құмшекерге – 1,5%, құс ет мен жылқы етіне – 1,4%, ет өнімдеріне – 1,1%, макарон өнімдері мен нанға – 0,8%-дан, жаңа жиналған жемістер мен шайға 0,7% құн қосылған.
Минералды және ас су – 1,3%, салқындатылған сусындар, алкогольды сусындар 0,9%-дан қымбаттады.
Дегенмен қияр-қызанақ, банан мен апельсиннің бағасы біршама арзандапты. Сарымсақтың да бағасы 11 пайызға төмендеген.
Тұрмыстық аспаптар – 2,2%, жиһаз және үйге қажетті заттар – 1,9%, құрылыс материалдары – 1,5%, автомобильдер – 1,3%, киім және аяқ киім– 0,7%, ыдыс-аяқ, жуғыш және тазалағыш құралдар, жеке қолданылатын тауарлар 0,6%-ға қымбаттады.