Токио Олимпиадасына Қазақстаннан 95 спортшы барады

Жарияланды
Отандық спортшылар спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алған

Қазақстандық спортшылар Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алды. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Токио Олимпиадасының іріктеу және рейтингтік жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды. Нәтижесінде біздің олимпиадалық құрамға 95 спортшы кіреді, деп  жазады Olympic.kz.

Токио Олимпиадасы 23 шілде күні басталады және төртжылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

«Ұлттық Олимпиадалық комитет спортшылар мен жаттықтырушыларға  Олимпиадаға деген армандарына адалдық танытып, тынымсыз жұмыс істеп, талмай еңбектенгені үшін алғыс білдіреді. Осы орайда ұлттық спорт федерацияларының, кешенді ғылыми топ мамандарының, спорт менеджерлерінің қажырлы жұмысын атап өткен жөн. Олар өз спорт түрлері бойынша жолдаманы жеңіп алуға және Олимпиада ойындарына үздік спортшылардың аттануына барынша көмектесті. Олимпиадалық отбасы үшін Токио Олимпиадасына дейінгі соңғы екі жыл оңай болған жоқ. Соған қарамастан  қазақстандық спортшылар өздеріне, командаға деген сенімдерін жоғалтпады және өздерінің көрсеткіштерін жақсартумен жаттығуларын жалғастырды. Тіпті осындай жағдайға қарамастан біз барынша мүмкіндікті кеңейтіп, Токиоға ел намысын абыроймен қорғайтын спортшыларды жасақтадық. Барлық Олимпиадалық отбасының атынан Мемлекет басшысына және ел Үкіметіне қазақстандық спортшыларды қолдап, барлық қажетті жағдайды жасағаны үшін алғыс айтқым келеді», – деді Қазақстан ҰОК Президенті Тимур Құлыбаев.

Қазақстан бірінші рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады. Каратэ бойынша бірден бес спортшы, ерлерден Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен әйелдерден Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева, ал құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин бақ сынайды.

Танымал қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова отандық олимпиадалық құрамның көшбасшысы болатыны сөзсіз. Бұл дода  Ольганың спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Бүгінде оның қоржынында олимпиада медальдарының толық жиынтығы бар. Осыған дейінгі қатысқан барлық Олимпиада ойындарында ол жүлдемен оралған болатын.
 

Сондай-ақ оқыңыз