Алматыны қоршай салынып жатқан алып айналма жол қандай пайда әкелмек?
2018 жылдан бастап көпшілікке БАКАД атауымен белгілі Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының салына бастағаны белгілі. Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы аса ірі инфрақұрылымдық жоба болып саналатын бұл құрылыс құны 150 млрд теңгеге бағаланады. Жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразия даму банкі қаржыландырады.
Жолдың ұзындығы – 66 шақырым. Алты жолақты қозғалысты үлкен айналма автомобиль жолы I техникалық санат параметрлеріне сәйкес келеді. Автожол құрылысымен қатар жаңа көпірлер, көлік жол айрықтары мен эстакадалар салу көзделген. Соның арқасында жол қозғалысы қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, автомобиль көлігінің қоршаған ортаға теріс әсерін азаймақ. Жоба толыққанды пайдалануға берілгеннен кейін барлық транзиттік ағын – тәулігіне шамамен 38 мың автомобиль Алматы қаласын айналып өтетін болады. Бұл ретте Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемі өседі деп күтілуде.
Қазір құрылыс алаңында шамамен 1600 адам мен 600 бірлік техника еңбек етуде. Құрылыс аса белсенді жүргізілетін кезде 3 мыңға жуық адамды тарту жоспарланып отыр.
Құрылыс басына келген үкімет басшысы Асқар Мамин құрылыс-монтаждау жұмыстарының қарқынын арттыруды және барлық сапа стандарттарын қамтамасыз ете отырып, кестеден 2 жылға ертерек, жұмысты 2022 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырыпты. Алматы агломерациясын ғана емес, жалпы елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамытуға қауқарлы жобаның іске қосылуын тұрғындар да асыға күтіп отыр.
Қарасай, Іле, Талғар аудандарының территориясынан өтетін үлкен айналма жол Алматы – Ұзынағаш автожолының түйіскен тұсы – Қырғауылды ауылынан басталады. Одан әрі қарай Райымбек ауылы маңында Алматы – Бішкек тасжолын, Ақсеңгір станциясы тұсынан Борандай – Шамалған жолын, Алматы – Комсомол, Алматы – Қапшағай, Алматы – Байсерке автожолдарын және Құлжа трассасын кесіп өтіп, Алматы – Талғар автожолының қиылысқан жерінен аяқталады.
Үлкен айналма жолы аясында 7 транспорттық жол айырығы, 20 көпір және 20 жол өтпесі жұмыс істейді.
Осыған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл жолдың құрылысына 2021 жылы 125 млн доллар бөлінетінін жария еткен еді. Ведомство есебіне сүйенсек, биыл қазу жұмыстары, коммуникацияны, су жүргізу құбырларын, жасанды конструкцияларды орнату жоспарланған. Министрлік мәліметінше, 2020 жылы концессионер кредиторлармен келісімге қол қойылған. Онда қаржыландыру көлемі 585 млн доллар деп көрсетілген.
Аз уақыт бұрын министрліктің автожолдар комитеті БАКАД-тың 2024 жылы пайдалануға берілетінін және қолданғаны үшін ақылы болатынын мәлімдеген. Жеңіл автокөліктер 200 теңге төлесе, жүк көліктері жүріп өткен шақырымына қарамастан 390 теңге төлейді.
Қысқасы, жол республикалық маңызы бар 5 автомобиль жолын, жергілікті маңызы бар 14 жолды және 8 далалық жолды кесіп өтеді.
• Жолдың ұзындығы – 66 шақырым;
• Жолақ саны – 4 және 6;
• Қозғалыс жолағының ені – 3,75 м;
• Жабын түрі: цементбетонды монолитті, асфальтбетонды.
• Есептелген қозғалыс жылдамдығы – 150 шақ/сағ.
Үлкен айналма жолдың қандай пайдасы бар?
Алматыға пайдасы:
• Мегаполистегі транспорт жүйесіне түсетін салмақты азайту есебінен қала мен қала шетіндегі территориядағы экологиялық ахуалды жақсартады;
• Қалаға кіреберіс болып саналатын негізгі жолдарда кептеліс көлемі азаяды;
• Транспорттық қызмет көрсету сапасы артып, қозғалыс үздіксіз жүзеге асады және қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Алматы облысына пайдасы:
• Аудандар арасында жаңа маршруттардың пайда болуы облыс ішіндегі интеграцияның дамуына айырықша ықпал етеді;
• Сауда саласы кеңейе түседі, экономикалық даму көрініс береді, жалпы өңір тұрақтылығы мен дамуына әсер етеді.
Қазақстанға пайдасы:
• Қазақстандық транзиттік маршруттардың бәсекеге қабілеттілігі және транзиттік әлеуеті артады, тасымалдаушылардың көлік қызметінің құны төмендейді, автотранспорттарды пайдалануға кететін шығындар үнемделеді;
• Автожол саласындағы алғашқы пилоттық концессиялық жобаны жүзеге асыру тәжірибесі келешектегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының моделі ретінде пайдаланылуы мүмкін.
• Алматы айналасында заманауи жоғары технологиялы айналма жолдың салынуы транзиттік транспорт ағынын қала сыртына шығаруға мүмкіндік береді.
«БАКАД бағыты бойынша барлық коммуникациялар реттелмегендіктен біз толыққанды жұмысқа кірісе алмаған едік. Электр қуаты созылған жерлерде біз кабелдерді бірнеше метр биікке көтердік. Өйткені стандарт бойынша жоғары жылдамдықтағы жолдарда электр сымдарының биіктігі 5,5 метрден төмен болмауы тиіс. Біз сымды алты-жеті метр биікке көтере алатын бағандар орнаттық. Сонымен қатар арнайы шешімсіз біз ультра жоғары жылдамдықтағы интернет пен ішкі істер органдарының байланыс арналарының жер асты кабельдерін қозғай алмадық. Осындай нюанстар жұмыстың басталуын 2020 жылдың тамызына дейін тежеді» дейді жылдам тасжол құрылысын жүргізуші «БАКАД Инвестиция және Операция» компаниясының өкілі.
Компания өкілінің айтуынша, жаңа үлкен айналма жолмен алғашқы көліктер 2024 жылдың қазанында жүреді деп жоспарланған. Бірақ жұмысты жылдамдатып 2023 жылдың басында пайдалануға беру көзделіп отыр. Жол пайдалануға берілгеннен кейін де құрылысты салушы компания өз есебінен жолды басқарады және оның сапасына жауапты болады. Қазақстан үкіметімен жасалған келісімге сәйкес инвестор компания 15 жыл бойы ақылы жолдың ақшасын өзіне алады және 15 жылдан соң асфальт жабындарын жаңартып беруі тиіс.