Жұма күні OPEC+ келіссөздерінің келесі айда өндірілетін мұнай көлеміне қатысты кезекті раунды өткенімен, мұнайлы елдер келісімге келе алмады. Келіссөздер 5 шілдеге қалдырылды. Ал осы орайда Brent маркалы мұнай фьючерстері жұма күні 0,29 пайыз қосып, барреліне 76,1 доллардан сатылды, деп жазады ҚҚҚ сараптама орталығы.
Brent маркалы мұнайдың барреліне 76 доллардан жоғарылауы – 2018 жылдың қазан айынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, келіссөздерді кейінге қалдыруға Ресей ұсыныс тастаған.
«Бұған дейін мұнай өндірісін көбетуге бөлінетін квота Біріккен Араб Әмірліктерінің көңілінен шықпады: ол Ресей Федерациясы мен Сауд Арабиясы арасындағы шикізат өндірісін тамыздан желтоқсанға дейін күніне 2 миллион баррельге арттыру туралы келісімді қайта қарауды сұрады» делінген хабарламада.
Егер өндіріс көлемін арттыру туралы келісімге қол жеткізілмесе, БАӘ ОПЕК+ мәмілесі шеңберінде бұрын белгіленген шектеулерді тамыз айында сақтауға дайын.
Инвесторлар OPEC+ елдерінің келісімге келе алмауы негізгі өндірушілердің мұнай өндірісін қазіргі көлемде жалғастыратынын білдіруі мүмкін деп қорқады.
Айта кетейік, Қазақстан биыл 85,3 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр.