Жас отбасылар қандай мемлекеттік қолдау бағдарламаларын пайдаланып, баспаналы бола алады?
Қазіргі кезде баспананы тиімді әрі ыңғайлы жолмен алуға мүмкіндік беретін түрлі бағдарламалар бар. Оларды біліп жүру жастардың баспана мәселесін жедел шешіп алуына мүмкіндік береді. Бұл орайда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдаудың жеңілдікті шарттарын айтып, қолданыстағы және әкімдіктер әзірлейтін тұрғын үй бағдарламалары туралы кеңес береді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы
Бұл бағдарлама арқылы тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында «Отбасы банк» АҚ арқылы жылдық 2 пайыз жеңілдікпен несие беру көзделген. Нысаналы топ – кезекте тұрғандар, атап айтқанда, көп балалы, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар жанұялар.
Бүгінге дейін аталған бағдарлама бойынша табысы төмен санаттағы 9443 отбасы баспаналы болды.
Мәселен, Алматыда 2 шілдеден бастап тұрғын үй сертификаттарын алуға өтінім қабылдау басталды. Бұл мақсатта 2 млрд теңге бөлінген. Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаевтың айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағыттары бойынша тегін әрі қайтарымсыз негізде 1 млн теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек түрінде беріледі.
«Сертификаттарды кезекте тұрған 1 мен 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және көпбалалы отбасылар алады» дейді Данияр Қырықбаев.
Қажетті құжаттар тізімі мынадай:
• Нысан бойынша өтініш;
• Өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
• Соңғы 6 айдағы табысы туралы анықтама;
• Жұмыс орнынан анықтама;
• Банктен тұрғын үй заемын беруді мақұлдаған хат.
«5-10-20» мемлекеттік бағдарламасы
Кезекте тұрған тағы 17 мыңында «5-10-20» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтер сатып алуға қарыз алу мүмкіндігі бар. Олар тұрғын үй құнының 10 пайыз бастапқы жарнасын төлеп, 5 пайызбен 20 жылға дейін несие ала алады.
Бұл мақсатқа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 210 млрд теңге бөлінген болатын. Аталған бағдарлама бойынша 9 699 отбасы пәтер сатып алуға несие рәсімделген.
Отбасындағы әрбір адамның табысы соңғы алты айда 3,7 күнкөріс минимумынан аспауы керек. 2021 жылы отбасындағы бір адамның табысы 126 917 теңгеден аспауы керек.
«Жас отбасы» бағдарламасы
2020 жылдың шілдесінде банк жас отбасыларға арналған «Жас отбасы» атты өзінің тұрақты бағдарламасын іске қосты. Бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үй, сондай-ақ өз үйін салу үшін жер учаскесін сатып алу үшін қарыздар жылдық 6 пайызбен беріледі. Ал 2 жыл өтісімен мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендейді. Несиелеу мерзімі 6 жылдан 9 жылға дейін.
Бұл бағдарламада ерлі-зайыптылардың жасына және отбасындағы балалардың санына ешқандай шектеулер жоқ. «Жас отбасы» бойынша қарыз алудың негізгі критерийлері: некеде 3 жылдан 5 жылға дейін тіркелу, «Отбасы банкте» депозиттің болуы (ашылуы), тұрғын үй құнының 50 пайызын жинақтау. Сондай-ақ, сатып алынатын тұрғын үй сомасының 50 пайызын бір мезгілде салған кезде жеңілдікті қарыз алу мүмкіндігі бар.
Жастарды қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған бекітілген кешенді жоспарына сәйкес, облыстық әкімдіктер тұрғын үй сатып алу үшін жас отбасыларды жеңілдікпен несиелендіру бойынша өңірлік жобалар әзірлеуде. Ақтөбе облысының әкімдігі «Отбасы банкімен» ынтымақтастық аясында жергілікті бюджеттен «Ақтөбе Жастары» және «Жас отбасылар мен мамандарды несиелендіру үшін қолжетімді баспана» өңірлік бағдарламаларын жүзеге асыруға 1,5 млрд теңге бөлуге ниетті.
Алматы облысының әкімдігі жұмыс істейтін жастар үшін «Жетісу жастары» бағдарламасын бастапқы жарнасыз (бірақ қосымша кепіл болған жағдайда) жұмыс жасауда. Қарыздың ең жоғарғы сомасы 10 млн теңгеге дейін.
«Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы
Нұр-сұлтан қаласының әкімдігі «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар жергілікті бюджеттен 3 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге жылдық 5 пайыз жеңілдікпен қаржыландыру есебінен 10 млн теңгеге дейін қарыз ала алады.
Аталған бағдарламаға 36 жасқа дейінгі жастар (жолдасының/жұбайының жасы әсер етпейді) қатыса алады. Бағдарлама қатысушысы бір жылдан кем емес уақытта қаланың тұрғын үй есебінде тұрған болуы және басында жеке меншік үйі болмауы керек.
Бұл ретте ресми жұмыс өтілі 1 жыл болуы керек. Аталған бағдарламаның қатысушысы жылдық жеңілдетілген 5 пайыздық ставкамен үй сатып алу үшін 13 млн теңгеге дейін зайем ала алады. Қала басшысы сонымен қатар Елбасы бастамасымен қолға алынған жұмыс істейтін жастарды қолдауға бағытталған арендалық тұрғны үй бағдарламасының да жалғасатынын айтты. Жыл соңына дейін арендалық тұрғын үй бойынша мыңнан астам жас баспанаға қол жеткізеді деген жоспар бар.
Алғашқы кезекте 150, егер сұраныс жақсы болып жатса жыл соңына дейін тағы 600 пәтер ұсынылмақ. Банк ұсынған 13 млн теңгеге дейінгі ипотеканы 20 жыл ішінде төлеп біту қажет. Бастапқы жарна – 10 пайыз. Басқарма басшысының айтуынша, 13 млн теңге қатып қалған сома емес. Бұл ретте қатысушы өзі жинаған қаражатты сол 13 млн-ға қосу арқылы қалаған бағадағы пәтерін рәсімдей алады. Қатысушы жаңадан салынған пәтерлерді де, ескі пәтерлерді де таңдауға құқылы.
Осы жобаларды іске асырудың басталғаны туралы өңірлік әкімдіктердің сайттарында және БАҚ-та, сондай-ақ «Отбасы банкінің» сайтында хабарланатын болады.
Сонымен қатар, жастар саясаты жөніндегі уәкілетті орган жастар мен студенттік ұйымдарды, сараптамалық және азаматтық қоғамдастық өкілдерін тарта отырып, жастарды жұмысқа орналастыру, білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін кешенді шешу үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасын әзірлеуде.