Банк пен қаржы

Ипотеканы бір күн ішінде қалай рәсімдеуге болады?

Банк тың мүмкіндік ұсынып отыр

Елімізде ипотека рәсімдеу процесі де цифрлана бастады. Өтінішті қабылдаудан басталып несие беруге дейінгі процесс түгелдей адамның қатысуынсыз жүзеге асады. Нәтижесінде клиент үйден шықпай ақ баспаналы болуға қадам жасайды. 

Freedom Finance Bank ұсынатын онлайн ипотека 3-15 жыл аралығына беріледі, сыйақы мөлшерлемесі – 10,5-11 пайыз көлемінде, алғашқы төлемі – 20 пайыздан басталмақ. Берілетін максималды несие – 70 млн теңге. 

Іске асатын процесс барынша қарапайым ойластырылған. Азамат өтініш береді және ең соңында тұрғын үйдің өз атына рәсімделгені туралы смс алады. Ал ақша автоматты түрде сатушының шотына түседі. Әлемде өзге де осындай цифрлы ипотека жүйесі бар. Бірақ олардың өзі толыққанды емес, тек 70 пайыз мөлшерінде цифрландырылған екен. Сондықтан бұл тұрғыда қазақстандық өнім өзгелерден оқ бойы озық тұр деуге болады. Freedom Holding Corp директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Тұрловтың айтуынша, банк жұмысын бастағаннан бері басшылық ипотека беруді мейлінше жеңілдетуді қарастырған. Нәтижесінде осындай онлайн өнім дүниеге келген. Оның сөзінше, бізде екінші деңгейлі банктер ипотека рәсімдеу үшін кем дегенде бір қызметкерді жалдайды. Ал оған жалақы төлеу керек, бұл ұзақ мерзімде біршама шығын болады. Ал цифрландыру мұндай басы артық шығыннан құтқарады. 

Банк онлайн ипотека аясында шотты ашу, халыққа қызмет көрсету орталығында электронды тіркеу, нотариалды келісім жасау және кепілге қою процестерін цифрландырып отыр. 

Әзірге несиенің бұл түрі тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тұрғындары үшін тиімді. 

«Өнімді жасау кезінде өзге елдер тәжірибесін зерттедік, алдыңғы қатарлы топ-10 елді таңдап, аса қатты цифрландырылған банктерді таптық. Сонда байқағанымыз – олардың барлығында тек бастапқы кезең – өтініш беру кезеңі және финалдық кезең – ақшаны карточка арқылы алу ғана онлайн атқарылады. Өзге процестің бәрі офлайн түрде іске асады. Сондықтан біздің өнім тек Қазақстанда ғана емес, әлемде де үздік атанып отыр деп сеніммен айта аламыз» дейді директорлар кеңесі жанындағы кеңесші Айдос Жұмағұл. 

Математикалық анализ негізінде жылжымайтын мүлікті бағалаудың өзіндік моделі енгізілгендіктен рәсімдеу кезінде клиенттен бірде бір құжат талап етілмейді. Аталған өзіндік модель инфрақұрылымның дамуын, көлік құралдары мен таулардың жақындығын, орналасуын және тағы басқа факторларды ескере отырып, тұрғын үй құнын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар нотариустар үшін арнайы жеке кабинеттер құрылған. Соның арқасында олар (нотариустар) қашықтан жұмыс істеп, дайын құжатты басып шығарып, келісімді тәмамдайды. Құжаттардың үлкен пакетін жинақтауға клиенттің ЖСН-ы мен телефон нөмірі жеткілікті. 
Банктің бұл өнімін цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де қолдаған. 

«Жылжымайтын мүлік сатып алу – үлкен оқиға және оның онлайн форматта өтуі мемлекет үшін де маңызды. Біздің міндетіміз – халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті азайту. Болашақта барлық ипотекалық несиелер мен тіркеулер онлайн режимінде жүруі үшін біз барлық банк мекемелерін осы қызметтерді жылдам пайдалануға шақырамыз» деді министр. 

Зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында елімізде 16 075 қарыз алушы бұрын банктерден 62 млрд 41 млн теңгеге алған ипотекалық тұрғын үй заемдарын өтеген. 

47 133 қарыз алушы бір реттік зейнетақы төлемін жалпы сомасы 144 млрд 53 млн теңге болатын ипотекалық тұрғын үй заемдарын ішінара өтеу бойынша пайдаланған. 8 889 қарыз алушы бір реттік зейнетақы төлемін алғашқы жарна ретінде кәдесіне жаратқан.