Қазақстанда тағы бір қаржы пирамидасы анықталды
Елімізде жаңа қаржы пирамидасы пайда болды. Ол салымшыларына қарапайым депозиттердің сыйақысынан 43 есе көп пайда уәде еткен. ҚНРДА әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіп, өз қызметін белсенді жарнамалған «Finiko» компаниясы анықтаған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, бұл компания инвестициялық қызметтен жоғары кіріс алуға уәде беріп келген. Ол өз қызметін Instagram әлеуметтік желісінде жарнамалапты.
«Finiko» пайдаланушыларға «Сyfron Sapital OÜ» платформасында cryptocurrency және басқа инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынады. Бұл –жылжымайтын мүлік, автомобиль сатып алуға, міндеттемелер өтеу мен инвестициялауға байланысты жағдайларды имитациялайтын ойын алаңы.
Ал СYFRON (CFR) есеп жүргізетін криптовалюта – ресми валюта емес және қаржылық құндылығы жоқ. Осылайша, пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, жалған үлгісіне салады.
Сонымен қатар «Finiko» компаниясы осы ойын платформасын пайдалану барысында күніне 1-1,2% мөлшерлеме бойынша кіріс төлейміз деп уәде беріп келген. Бұл теңгелік депозиттердің орташа нарықтық мөлшерлемесінен 43 есе көп.
«Finiko» сонымен қатар тұтынушылық және ипотекалық несиелерді де өтеуді ұсынады. Егер борыш сомасының 35%-ын салсақ, компания қатысушы кредитінің бүкіл сомасын төлеп береміз дейді. Автокөлік пен жылжымайтын мүлік сатып алу шарты да осындай: жарна мүлік құнының кемінде 35%-ын құрайды, 3-4 ай өткеннен кейін компания оны сатып алып, қатысушының меншігіне беруге уәде береді.
Компания сондай-ақ кез келген сауда-саттықтан 25%-на дейін қайтарып, тегін қызмет көрсету кезінде ай сайынғы қаражат қалдығына 6% сыйақыны ұсынатын жалған кэшбэк-карталар есебінен жоғары кіріс алуға уәде етеді. Осы карта аясында тағы бірнеше адам тартса, 1%-дан 10%-ға дейін жоғары кэшбэк пайызын ұсынатын анықтамалық бағдарлама бар.
«Finiko» өтініші бойынша кэшбэк-карточка MasterCard-пен ынтымақтастықта жасалған деп айтылады. Алайда, «Finiko» MasterCard серіктестерінің тізімінде жоқ.
«Finiko» компаниясы банктерде арнайы есеп айырысу шоттарын пайдаланбайды. Алаяқтық операцияларды жүргізу үшін ол ақшаны тек қолма-қол нысанда қабылдайды немесе Qiwi-кошелек, Яндех-ақша, Easy Pay, PayPal және т.б. сияқты интернет-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйелерін пайдаланады. Осылайша, қатысушылар салынған қаражаттың қайда бағытталғанын бақылай алмайды.
Ресейде осы қаржы ұйымына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Компания келтірген жалпы шығын 80 миллион рубльден асады.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де «Finiko» қызметін анық қаржы пирамидасы және қаржы алаяқтық белгілері бар деп бағалаған.
Аталмыш компания қаржылық ұйымдарға жатпайды, өйткені оның уәкілетті орган берген лицензиясы жоқ, тиісінше, оның халықтан ақша тарту, тартылған қаражатты сенімді басқару және инвестициялау бойынша қызмет көрсетуге құқығы жоқ.
Агенттік депозиттер түрінде немесе қаржылық құралдарға инвестиция тартуға тек екінші деңгейдегі банктер, ұлттық пошта операторы және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (брокер-дилерлер және басқарушы компаниялар) жүзеге асыраты, лицензия талап етілетін қызмет түріне жататынын еске салады. Агенттіктің лицензиясын алған ұйымдар туралы ақпарат ҚНДРА-ның интернет-ресурсында жарияланған.