Capital Bank Kazakhstan салымшыларына 518,7 млн теңге төленді

Жарияланды (жаңартылды )
Салымшылар алдындағы міндеттеменің үштен бірі орындалды

«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына агент банк ретінде таңдап алынған «Еуразиялық банк» АҚ арқылы кепілдік берілген өтем 3 шілдеден төлене бастаған. 

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры алғашқы күндері кепілдік берілген өтем алуға өтініш берген 189 азаматқа агент банк арқылы шамамен 518,7 млн теңге төледі. Бұл банк салымшылары алдындағы міндеттемелердің  30,8 пайызын құрайды. 
    
«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік берілген өтемді алуға жүгінбеген салымшылдарға төлем мерзімі кезінде (2021 жылдың 2 шілдесінен бастап, соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесіне дейінгі аралықта) агент банктің кез келген бөлімшесіне барып, өтем алуға өтініш беруге кеңес береді. Қолда жеке басты куәландыратын құжат болуы керек. Салымшының орнына басқа адам (сенімхат бойынша өкіл, мұрагер, басқа да құқық иеленуші) өтініш берген жағдайда агент банкке: сенімхат, мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе басқа да құқық белгілеуші құжаттар ұсынылады. Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді» делінген ҚДКБҚ таратқар ақпараттта. 

Салымшылар агент банктің бөлімшелеріне бармастан бұрын, «Еуразиялық банк» АҚ сайтында (eubank.kz/capital-bank/): төлем сомасын тексеру, бөлімшенің жұмыс кестесі және жұмысбастылығына қатысты онлайн-сервистерді пайдалана алады.  

Агент банк кепілдік берілген өтемді алу жөніндегі өтінішті тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғана емес, Қазақстанның басқа да елдімекендерінде орналасқан бөлімшелері арқылы қабылдайды. Барлық ақпарат «Еуразиялық банк» АҚ – www.eubank.kz ресми сайтында тұр. 

Айта кетейік, 25 маусым күні Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі  «Capital Bank Kazakhstan» АҚ банктік және өзге де операциялар атқару, сондай-ақ, бағалы қағаздар нарығында қызмет етуге берілген лицензиясынан айырған еді. 

Қаржы нарығын реттеуші органның хабарлауынша, банкті лецензиясынан айыруға:

–    банктік пруденциялық нормативтерді және басқа да сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде  бұзуы; 
–    қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде орындамауы;
–    банктің ірі акционері уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамауы себеп болған.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры  банк салымшыларына кепіл берілген төлем жүргізу  үшін  агент банк ретінде «Еуразиялық банк» АҚ таңдап алған.

«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшысының банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, Қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша белгіленген лимиттер ескеріледі. Мысалы, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті сома жоғарыда көрсетілгеніндей валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды. 

 

Сондай-ақ оқыңыз