Кристиан Эриксен атындағы Еуропа чемпионаты
Биылғы Еуропа чемпионаты сан түрлі сенсациясымен есте қалды. Мықты деген құрамалардың кейбірі ширек финалға шыға алмай, шыққандары одан әрі аса алмай пұшайман болды. Құрлық додасының бүкіл тарихнамасында 9 автогол тіркелсе, осы жолғы бәйгенің өзінде-ақ 11 автогол соғылды. Ізіне түссек талай деректі табамыз ғой… Атап тұрып айтпағымыз Кристиан Эриксен жайында. Әлем футболының жарық жұлдызы, Дания құрамасының көшбасшысы Финляндияға қарсы ойында күллі әлем жанкүйерлерінің жүрегін бір аунатып алды.
12 маусым күнгі топтық кезеңдегі фин құрамасына қарсы ойынға даттар фаворит болып шықты. Ойын да тәп-тәуір жүріп жатқан. Кенет көпшілік күтпеген уақиға орын алды. Жасыл алаңда футболшылардың жерге сұлап түсуі көз үйренген құбылыс. 45 минут таусылар тұста, санына доп тиісімен Эриксеннің алаңға етпеттей құлауы сондай көріністердің бірі болып сезілді. Бірақ іле-шала жағдайдың біз ойлағаннан басқаша өрби бастағанын аңғардық. Эриксен есінен танып қалыпты. Ешкіммен соқтығысқан жоқ. Жарақат та алмаған. Төреші Энтони Тэйлор жанұшыра дәрігер шақырды. Дания құрамасының капитаны Симон Кьер бірінші болып көмекке ұмтылды. Футболшы сұлық жатыр. Тіршілік белгісі байқалмайды. Артынша футболшылар Эриксенді қоршап тұра қалды. Жағдай тым ауыр еді. Футболшылар да, Копенгагендегі «Паркен» стадионына жиылған жанкүйерлер де көз жасына ерік беріп жатты.
Көп ұзамай Эриксеннің сүйіктісі Сабрина Квист Йенсен кедергілерді аттап-пұттап алаңға ұмтылды. Оны да алғаш болып жұбатқан Симон Кьер, сосын қақпашы Каспер Шмейхель. Ойыншының тағдыры дәрігерлердің ғана қолында еді. Одан өзге адамның бәрі тамағына өксік тығылып, үнсіз тілектес болып қана тұрды. Дефибриллятор арқылы алғашқы көмекті қолданған дәрігерлер ұзатпай ойыншыны ауруханаға алып кетті. Араға 40 минуттай уақыт салып матч қайта жалғасты. Алаңға шығып келе жатқан дат футболшыларын фин құрамасының ойыншылары мен бапкерлік штаб, күллі жанкүйерлер қол шапалақтап қарсы алып тұрды. Алаңдағы ала доп айқасының әп-сәтте жанашыр тілеулестікке ұласып сала бергенін көрдік.
Кристиан 1992 жылы 14 ақпанда Миддельфарт қаласында өмірге келді. 3-4 жасынан бастап ала допқа қызығып, жергілікті футбол мектебінің табалдырығын аттайды. Сол жерде 2005 жылға дейін жаттығады. «Оденсе» командасының жастар ұжымында ойнап жүрген сәтінде әйгілі «Аякс» скауттарының назарына ілігеді.
Сөйтіп голландиялық командаға ауысты. Мұнда Эриксеннің жолы жеңіл болды. Бүкіл турнирдегі 163 матчта 32 гол соғып, 65 нәтижелі пас беріпті. Мықты футболшыны тәрбиелеп, баптап, топ-клубтарға сатумен айналысатын «Аякста» Эриксеннің ұзақ тұрақтай қоюы да екіталай еді. 2013 жылы 13,5 млн еуроға лондондық «Тоттенхэмге» ауысып келді. Мұнда жүріп Кристиан Еуропа футболының жарық жұлдызына айналды. Баяғы балаң сәттері артта қалып, кемеліне жеткен, ысылған, шыңдалған футболшы атанды. «Тоттенхэм» жейдесін киіп 305 кездесуге шығып, 69 гол соғыпты. Кез-келген футболшы армандайтындай-ақ статистика. Ағылшын жерінде өткізген жеті жылдан соң оны былтыр италиялық «Интер» сатып алды. Трансфер 30 млн еуроға бағаланды.
Ал Дания құрамасы сапында алғаш 2010 жылы ОАР-да өткен әлем чемпионатында алаңға шықты. Ұлттық құрама қатарында 109 ойын өткізді, 36 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеді.
Эриксеннің әке-шешесі Томас пен Дорте де доп құмар жандар еді. Сірә, сол да оның жасыл алаңдағы аламанды таңдауына сеп болған. Айтпақшы, Кристианға «Челси», «Барселона», «Манчестер Сити» сияқты азулы клубтар да ұсыныс жолдаған. Бірақ бірде біріне келіспепті. Каталониялық клубты өзі қолай көрмеген. Өзге екі ұжымның ә дегенде-ақ негізгі құрам ойыншысы айналарына сенбеген. Карьерам арендамен өтпесін деп, ұсынысты кері қайтарған. Кристің мұнысы оңды да болған секілді. Мықты клубқа баруын барып алып, сосын мансабының тең жартысын арендада өткізіп, көлеңкеде қалған аяқдопшылар қаншама. Ол «Тоттенхэмде» өткізген жеті жылда бірде бір титул иелене алмады. Есесіне, клуб Почеттино баптаған кезеңде АПЛ-дің күмісін алды, Чемпиондар лигасының финалына дейін жетті. Мұндай жетістікте Кристің де орасан еңбегі жатқаны белгілі.
Эриксеннің ауыр жағдайға тап болуы командадағы ауа-райына сөзсіз әсерін тигізді. Олар 40 минуттан соң финдермен қайта ойнауға шықты. Бірақ футболшылардан қобалжу байқалды. Бірізділік жоғалған. Алаңдаушылық басым. Ақыры гол жіберіп тынды. Жеңілді. Бельгиямен болған екінші матчта да жеңіліс тапты (1:2). Үшінші кездесуде Ресейді 4:1 есебімен ойсырата ұтты. Топтан шыққан соң дат құрамасының ойыны түлеп сала берді. 1/8 финалда Уэльсті (4:0), ширек финалда чехтерді (2:1) жеңді. Жартылай финалда Англия құрамасымен терезесі тең ойын көрсетіп, экстра-таймда есе жіберіп алды. Сөйтіп, 1992 жылғы ерлікті қайталауға бір қадам жетпей тоқтады.
Әр ойын сайын қарсылас команда өз құрамасының жейдесіне Кристиан Эриксеннің аты-жөнін жазып, оны капитан Симон Кьерге құрметпен табыстап жатты. Криштиану Роналду бастаған марғасқа ойыншылар әлеуметтік желіде Эриксеннің суретіп қойып, тілектерін жазып, қолдау танытты.
Кейінірек Эриксеннің сол сәтте жүрегінің бір тоқтап барып, қайта соққаны анықталды. Дәрігерлер дефибрилляторды дер кезінде іске қосып, оның өмірін сақтап қалған. Бірнеше күннен соң жүрек ырғағын қалыпты етіп ұстап тұру үшін оның денесіне дефибриллятор қойылғаны жарияланды. Дания футбол федерациясы немесе Эриксеннің отбасы болған жағдайға қатысты әлі толыққанды ресми мәлімдеме жасап, диагнозын жария етпеді. Дегенмен Gazzetta dello Sport басылымының жазуынша, диагноз – миокардит: Жүрек бұлшық етінің қабынуы. 70 пайыз жағдайда ол адамға байқалмай пайда болады екен.
Дәрігерлердің айтуынша мұндай жағдаймен қайтадан ойнап кету қиын. Денеге түскен физикалық жүк денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал. Оралам деген күннің өзінде футболшы Италияда ойнай алмайды. Себебі, Италияда бекітілген COCIS (спорттағы кардиологиялық ұйым комитеті) хаттамасы бойынша имплантацияланған дефибриллятормен байланыс түрі іске асатын спортпен кәсіби түрде айналысуға тыйым салынған. Бірақ АПЛ-да, Эредивизияда (Нидерланды чемпионаты), Франция чемпионатында мұндай шектеу жоқ. Осыған дейін Эриксенге «ПСЖ», «Лестер», «Тоттенхэм» командаларының қызығып отырғаны туралы ақпарат тараған еді.
Матч кезінде стадион да неміс дәрігері Йенс Кляйнфельд те болған. Ол осы ойынға дейін дат дәрігерлеріне жүрек ұстамасымен күресу туралы дәріс оқыған реаниматологтар бригадасында болыпты.
«30 секундтан соң Кристиан көзін ашты, миының зақымданбағанын анықтау үшін мен одан бірдеңе сұрадым. Бірақ ол болса алаңдаулы болды, «Құрып кеткір, менің жасым небәрі 29-да емес пе» деді. Сол кезде барып бәрінің дұрыс екенін түсіндім» дейді дәрігер.
Кристиан Эриксен бүгін өтетін Еуропа чемпионатының финалына құрметті қонақ ретінде шақырылған. Шақыру футболшының жұбайы мен оны құтқарып қалған дәрігерлерге де жіберіліпті.
Италия мен Англия арасындағы финал Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 00:35-те басталады. Матчты тікелей эфирде Qazaqstan және Qazsport телеарнасынан көруге болады.