Қарыздан құтылуға қадам қалай жасалуы керек?
Қазіргі таңда қарызы жоқ, соның ішінде кредит алмаған адам кемде-кем. Тіпті танысыңыз айлығын түгел өзіне құртатын болса, таңырқап, тамсанып қалуыңыз мүмкін. Әлбетте, кім болса да кредитті жауып, қарыздан құтылып, өмірін тап-таза парақтан бастағысы-ақ келеді. Ал олай етейін десе, ай сайын келіп тұратын кезекті төлемдер мен өзге де шығындар бір демде мәселені шешіп тастауға мүмкіндік бермей жатады. Сондықтан қарыздың бәрін беріп тастағысы келетіндерге бірнеше кеңес бере кетейік.
Бастысы, адам қай жағдайда да мақсат қоюы керек. Оның неғұрлым нақты әрі айқын болғаны жөн. Сонда ғана жағдайдың шынайы көрінісі көз алдыңызға келіп, оны реттеудің жолы да анықтала бастайды. Демек, ең бірінші бізге керегі — есеп. Кімге қанша қарызсыз, қай банкте қанша теңгелік кредитіңіз қалды — ерінбестен есептеп шығыңыз. Егер қолма-қол қарыз алған болсаңыз, өзіңіз де бір жерге жазып жүрген болсаңыз керек. Тіпті болмаса, кімнен қанша алғаныңызды өзіңіз жақсырақ білетініңіз анық. Ендеше, қолға қағаз бен қалам алыңыз да, кімге қарыз болсаңыз, бәрін тізіп шығыңыз.
Кредитке келсек, оның көлемін білу тіпті қиын емес. Бүгінде біраз банктің мобайл қолданбасы жақсы жетілдірілген. Ішіне кіресіз де, қанша қалдық қалғанын қарайсыз. Болмаса, қағазға шығарылған келісімшартта бәрі көрсетіліп тұрады. Ал оны жоғалтып алған болсаңыз, банкке хабарласып не бөлімшеге барып ақпарат ала аласыз. Есіңізде болсын, ерінбей есептеген өзіңізге жақсы. Әйтпесе, осы жүргеніңіз жүрген.
Одан кейінгі қадам — реттеу. Яғни қарыздың қайсысын бірінші жабуға ниеттеніп, амалдау керек, соны шешіп алыңыз. Жалпы алғанда мұның екі тәсілі бар. Біріншісі, логикаға сыятын әдіс. Яғни пайызы да, көлемі де көп кредиттен бірінші құтылу. Өйткені неғұрлым пайызы жоғары болған сайын, сіздің үстіне төлеп жатқан сомаңыз соғұрлым көп болады. Сондықтан алдымен пайызбен алынғандарынан құтылып, соңғы жағына бөліп төлеуге алынған не таныстардан пайызсыз алынғандарын жабатындай ете аласыз. Әрине, қағазға жазып, есептеумен шаруа бітпейді. Уақытынан бұрын жауып тастау үшін сізге қосымша табыс көзін тауып, уақыт пен күш сарқып, ресурс жұмсау қажет. Бірақ қарызсы өмір сүргеннің әлдеқайда жақсырақ екенін ойласаңыз, тау қопаратындай жігер пайда болуға тиіс. Ал енді әлсіздік танытып, осылай айлықты шайлыққа жеткізе алмай, үнемі өзіңізге әлденені қимай, тапқан-таянғанның бәрін қарызға үлестіріп беруді жалғастырғыңыз келсе де, ерік өзіңізде. Есіңізде болсын: қарыздан құтылу оңай емес. Ақша оп-оңай, жеңіл жолмен келе салмайды. Сізге шынымен еңбек ету керек.
Тәсілдің келесі түрін психологиялық десек дұрысырақ болар. Мұнда керісінше, қарыздың ішіндегі ең азынан бастау ұсынылады. Неге десеңіз, адам жетістікке жеткенін барынша тезірек көргісі келеді. Ал ұсақ қарыздар көлемдірек түрлеріне қарағанда оңайырақ жабылады. Сондықтан психологтар қарыздан құтылуды ойлаған адамның осыдан бастағаны жөн деген кеңес береді. Қалай десек те, қайсысы басым түсіп тұрғанын қалауыңыз шешсін. Бастысы, екеуінде де мақсат айқын: қарыздан құтылу.
Үшінші қадам — кредиттерді біріктіріп, қайта қаржыландыру. Әр банктен бір алынған ұсақ кредитіңіз көп болса, оның бәрін бір жерге топтастыруға болады. Мұны қайта қаржыландыру процесі деп атайды. Бірақ бұл ретте тиімділігі қандай, пайызы аздан болып шыға ма — соны есептеу маңызды. Демек, сізге қаржылық сауат қажет-ақ. Кейбірі ұсақ-ұсақ кредиттердің сомасын есептейді де, сонша сомаға несие алып, бәрінен құтылып жатады. Мұнда ай сайынғы төлем мен жалпы мерзімі бойынша үстіне төлейтін соманың алдыңғылардан әлдеқайда көп болып кетпеуін ескеру қажет.
Әрине, жоғарыда айтқанда есептеумен мәселе бітпейді. Бірақ сіз бұл ретте қарызды жабуға қадам басқаныңызды ұмытпаңыз. Бұрын кредит төлейтін күн келген уақытта біртіндеп төлеп жүрген болсаңыз, енді сіз нақты соманы, мерзімдерді де біліп қалдыңыз. Тағы бір тәсіл — ең ірі кредитті біртіндеп болсын жаба беру. Яғни ай сайынғы соманы төлеумен шектелмей, шама келгенше бөлікке бөліп болса да құтылуға тырысу. Аса бюджетке салмақ түсіп кетпес үшін жалақыңыздың 10 пайыздай шамасын сол кредитке қосымша төлеуге әдеттеніңіз. Сонда қарыздан да құтыла бересіз, ал айлықтың 10 пайызы былайғы күні қайда кетіп қалғаны да біліне бермейді. Сол себепті барынша сіз үшін тиімді жолдарын қарастырыңыз.