Қазақстан әскерінің ғылыми әлеуеті қай деңгейде?

Жарияланды
Армияны заманға сай жабдықтау – уақыт талабы

Әлем әлдері әскерін барынша мобилді етуге күш салып жатыр. Шоғы сөнсе де, табы басылмаған Қарабах қақтығысы, Таяу Шығыстағы бітпейтін дүмпу, Украинадағы соғыс біздің әскерді де мейлінше заманға сай жабдықтау қажеттігін жиі еске сала бастады. Оның үстіне АҚШ-тың өз әскерін Ауғанстаннан алып кетуі бүкіл Орталық Азияны, оның ішінде Қазақстанды да ойландырады. 

Қорғаныс министрлігінің өкілдері Ауғанстандағы ахуал жіті бақылауда дейді. Брифингте министрдің орынбасары Тимур Дәндібаев осы мәселеге тоқталып өтті. 

«Ауғанстандағы бүгінгі әскери-саяси ахуал аса күрделі екенін атап өткім келеді. Бұл кезеңде болжам жасау қиын. Қорғаныс министрлігі Ауғанстанға қатысты ахуал жайлы ақпаратты тұрақты түрде бақылауда, оның ішінде әріптес шет мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарымен және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылды да жүргізеді. Сондықтан бұған қатысты нақты ештеңе айта алмаймыз, жағдайды бақылап, тиісті шаралар қабылдаймыз және қазір күтудеміз» дейді генерал. 

Ал Ауғанстандағы жағдай ушығып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы елдерінің аумағына басып кірген жағдайда, қазақстандық әскер енгізіле ме? 

«Тұрақты жауынгерлік дайындық жағдайында, осы мәселе төңірегіндегі жағдайды мониторингтеу және зерделеу бойынша тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі. Сонымен қатар, осы мәселеге қатысты қалыптасқан жағдай айтылып отырған салдарға алып келуі үшін бірқатар шарттар қажет екенін атап өткім келеді. Ең алдымен, тараптардың бірінің ҰҚШҰ штабына өтініш жасауы, Парламент және ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесі деңгейінде шешім қабылдауы. Осыдан кейін ғана, тиісінше, осы оқиғалар аясында қатысу туралы қандай да бір шешімдер қабылданатын болады» деді ведомство өкілі.

Кез келген қатерге әзір болу үшін әскердің әлеуеті, оның ішінде ғылыми мүмкіндігі ауқымды болуы тиіс. Дәндібаевтың айтуынша, шетелдік серіктестермен бірлесіп қазақстандық оқу орталықтарының базасында тренингтер өткізіледі және курстар әзірленеді. Жалпы, тәуелсіздік жылдары Қорғаныс министрлігі негізгі одақтастармен, әріптес елдермен, әртүрлі халықаралық және өңірлік қауіпсіздік құрылымдарымен өзара іс-қимылды жолға қойды. Осы негізде бүгінде әскери ынтымақтастықты, коалициялық әскери құрылысты және әскери білім беру саласын дамыту жалғасуда. 

«Бүгінгі таңда шетелдік әскери оқу орындарында әскери кадрларды даярлау ҚР Қарулы күштерінің қажеттілігіне сәйкес жүзеге асырылады. Біздің әскери қызметшілер Ресей, Беларусь, Армения, Түркия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Корея, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция және ГФР жоғары оқу орындарында білім алуда. Бүгінде қорғаныс министрлігінің қарамағында 9 әскери оқу орны бар. Әскери кадрларды даярлау шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында да жүзеге асырылады. Ұлттық қорғаныс университетінде 10 факультет, сондай-ақ 27 оқу кафедрасы жұмыс істейді, онда күндізгі және қашықтан оқыту форматында 500-ден астам әскери магистранттар мен докторанттар оқиды. Оның ішінде Қырғызстан, Тәжікстан және Армениядан ҰҚШҰ елдерінің 24 әскери қызметшісі бар. Жыл сайын қайта даярлау және біліктілікті арттыру жүйесі арқылы еліміздің Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының, мемлекеттік органдарының 3 500-ден астам әскери қызметшілері мен қызметшілері өтеді» деді спикер. 

Жоғары білім беру бағдарламасы бойынша дайындық барлық әскер түрлері мен Қарулы күштердің негізгі мамандықтарын қамтитын үш әскери институтта жүзеге асырылады. Соңғы жылдары оларға ерекше сұранысқа ие жаңа мамандықтар енгізілген. Сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттырады, ғылыми әлеуетті дамытады. 

Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледж үш мамандық бойынша толық емес орта білім негізінде техникалық, кәсіптік білім беру бағдарламалары аясында кәсіпқой сержанттар дайындайды. Атап айтқанда, «Мотоатқыштар бөлімшелерін басқару», «Зымыран әскерлері мен артиллерия бөлімшелерін басқару» және «Танк бөлімшелерін басқару». 

«Сонымен қатар, Қарулы күштерді кәсіпқой сержанттармен жасақтау мәселесін шешу үшін биыл 9 ақпанда үкімет қаулысымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж болып қайта аталды. Әскери колледжде негізгі орта білім беру базасында (орта мектептің 9-шы сыныбынан кейін) 2 жыл 10 ай оқу мерзімімен мынадай 4 мамандық бойынша техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары іске асырылады: «Әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар», «Қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету», «Инженерлік бөлімшелерді басқару» және «Радиациялық, химиялық, биологиялық қауіпсіздік әскерлері бөлімшелерін басқару». Құрылған әскери білім беру жүйесі әскери сала маманының мансаптық өсуінде дәйекті модель жасауға мүмкіндік береді» деді Дәндібаев. 

Қазіргі уақытта еліміз 180-нен астам мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатқан. Шет елдерде қорғаныс министрлігінің 25 әскери атташесі, ал елімізде 44 әскери-дипломатиялық корпус өкілі жұмыс істейді. 

Сонымен қатар министрлік шетелдік қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуды әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұдан басқа, халықаралық міндеттемелерді орындау, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қатысу мақсатында Қазақстан Қарулы күштердің әскери қызметшілерін бейбітшілікті қолдау жөніндегі миссияларға жібереді. 2014 жылдан бастап БҰҰ миссиясына әскери байқаушылар мен штабтық офицерлер қатысады. 2018 жылдан бастап қазақстандық бітімгершілік контингент БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына қатысуда. 2020 жылы Ливанға Бейрут портындағы жарылыс кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ҚР ҚК Әскери-медициналық мамандарының топтары жіберілді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз