Арал ауданында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланды

Жарияланды
559 бас мал өлген

Елдегі қуаңшылыққа байланысты Қызылорда облысы, Арал өңіріне 13 шілдеден төтенше жағдай енгізілді, деп жазады облыс әкімдігінің ресми сайты.  Қуаңшылықтан 559 бас мал өлген. Қалған мал басын сақтап қалуға бағытталған іс-шаралар үшін аймақ басшылығы республикалық бюджеттен қаржы бөлуді сұрап отыр. 

«Биыл Арал ауданында құрғақшылық  орын алып, 559 мал басының өліміне себеп болды. Бірінші кезекте мал басын аман алып қалу үшін су ұңғымаларын қазу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыруғаканалдар тазаланып, су тоспалары салынуы керек. Бұл жобалар толық жүзеге асуы үшін Сырдария өзенінің Бұрмаұлақ арнасын бөгеп, Аспай суағытқысын іске қосу арқылы, Ақшатау-Қамбаш көлдер жүйесін суландыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Жоғарыда аталған жұмыстардың ірі көлемдегі қаржыны қажет етуіне байланысты республика бюджетінен қаржы бөлу жөнінде Үкіметке хат жолданды» деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Комиссия отырысында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов қабылданған шаралар туралы баяндап,мәселені шешу үшін қажетті іс-шараларды ұсынды. Ауданда мал өлімінің алдын алу, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында суаттар мен көл жиектеріне ауыл тұрғындарының көмегімен кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылып, жағдай бақылауға алынды. Сонымен қатар, әр елді мекен бойынша пада мәселесі күшейтіліп арнайы CALL-орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда мал өлімінің тіркелуі тоқтады.

Облыс әкімі облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына шұғыл түрде ауданға қарасты елді мекендер малын суару үшін бірінші кезекте қажетті 3 су ұңғымасын қазу жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді. Бұл ретте «Бұрмақұлақ» су арнасын уақытша бөгеу және Бектау каналын тазарту және тоспа салу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мақсатында сыр беткейінде орналасқан елді мекендердегі 7 каналдыңарнасын тазалау және су тоспаларын салу жұмыстарыныңжоба-сметалық құжаттарын әзірлеуді міндетті.

Егер республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда каналдың арнасын тазалау және су тоспаларының құрылысын салу, 12 ұңғыманы іске қосуды ұйымдастыру керек.

Ал, Арал ауданының әкіміне аудан бюджетінен Аспай суағытқысын  іске қосу және 49 су ұңғымасының төлқұжатын әзірлеу жұмыстарын ұйымдастыруды, республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда су насостары мен арнайы техникаларды сатып алуды қамтамасыз ету міндеттерін жүктеді.

Қуаңшылық жайлаған ауылдық округтер «қызыл», «сары» және «жасыл» болып 3 аймаққа бөлініп, тізбесі әзірленген. Оның ішінде қызыл аймаққа 13 ауылдық округ, сары аймаққа 6 ауылдық округ және жасыл аймаққа 4 ауылдық округ енгізілді. Аудан бойынша 205 822 бас малға қажетті азық көлемі 184 640 тоннаны құраса, бүгінгі күнге ауданға 2190 тонна жеткізілді. Бұдан бөлек ауданнан ерікті жастардан 14 жасақ құрылып, шөп ору науқанына өз үлестерін қосуда. Аталған жасақтар қазіргі таңда Қазалы ауданының Қарашеңгел, Көларық округінен, Қармақшы ауданының Жаңажол ауылынан және Сырдария ауданы Н.Ілиясов және Шіркейлі ауылдарынан шабындық жерлерін шабуға жұмылдырылуда. Сонымен бірге, 11 шілде күні көршілес Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына барып, жергілікті шаруашылықтармен кездесіп, шөп бағасын қол жетімді етумен қатар шабындық жерлерді оруға келісімге келінді. Қазіргі таңда аралдық 5 бригада шөп орымын бастап кеткен.
 

Сондай-ақ оқыңыз