Биыл 464 мың адам декларация тапсырған
Қазіргі кезде жалпыға бірдей декларациялау аясында 464 мың жеке тұлға декларация тапсырған. Бұл – жоспарлы санның 97 пайызы, деп хабарлайды Қаржы министрлігі.
Қазақстанда 2021 жылдың 1 қаңтарынан жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі басталғаны белгілі. Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген азаматтар мен жұбайлары деклация тапсырады. Мемлекет осы бастама арқылы жемқорлықпен, көлеңкелі экономикамен күресіп, қазына қаржысын молайтпақ.
Ұсынылған декларациялардың 99,9% – электронды түрде, 0,1% -ы қағаз түрінде тапсырылған.
Электронды түрде декларация тапсыру 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Оны Электронды үкімет порталы, Салық төлеушінің жеке кабинеті немесе «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы тапсыруға болады.