Жарты жылда 1 миллион теңге жалған ақша анықталды
2021 жылдың алғашқы 6 айында Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банктер 1 млн теңгеден астам сомаға қолдан жасалған 336 ақша белгісін (333 банкнот пен 3 монета) анықтаған. Былтыр осы кезеңде осындай 390 банкнот айналымнан алынған, деп хабарлайды Ұлттық банк.
ҚР ҰБ қолма-қол ақша айналысы департаменті банкноттар мен монеталарды сараптау басқармасының басшысы Асқат Мұқамадиевтің айтуынша, көп жағдайда номиналы 2 000 және 5 000 теңгелік купюралар қолдан жасалады: олардың жалпы үлесі – 65% және 19%. Қалған 16%-ы басқа номиналдағы банкноттар мен монеталарға тиесілі. Жалған ақшалардың басым бөлігі Алматы (228) мен Нұр-Сұлтанда (43) анықталған.
«Қолдан ақша жасаушылар негізінен визуалды қорғаныш элементтерін имитациялайды. Бір қарағанда, олар шын ақша сияқты болуы мүмкін, бірақ банкнотты мұқият зерделеп көрген кезде қолдан жасалғанын анықтай аласыз.Түпнұсқа банкноттар айқын бейнелерімен ерекшеленеді, аңыздағы Самұрық құсы түріндегі су белгісі, номиналы, сондай-ақ жарық түсірген кезде анық көрінетін қорғаныш жібі бар» делінген ҰБ хабарламасында.