Құран ғарыштан таралатын болды. Қазақстандық компания бұған қалай қол жеткізді?

Жарияланды
Жоба Илон Маск компаниясы арқылы жүзеге аспақ

Маусым таусылып, шілде басталар аралықта бортына 88 спутникті сықита тиеген америкалық SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран тасығышы Флоридадағы айлақтан ұшып шығып, ғарыш төсіне жол тартты. Сиыр жылы басталғалы SpaceX орбитаға 900-ге жуық спутник жеткізіпті. Осы жолы да АҚШ қорғаныс министрлігінің бес аппаратын, тағы ондаған компанияның спутниктерін бауырына басып, ғарыш кеңістігіне аттаныпты. 

Соның арасында қазақстандық компанияның да микро спутнигі бар. YAM-2 деп аталатын спутникті қазақстандық Eurasian Space Ventures (ESV) жеке компаниясы SpaceChain-мен бірлесе Divine қоғамдық жобасы аясында дайындаған. Дәл осы Divine жобасы жерде орнатылған бірнеше платформаға Құран сүрелерін трансляциялау үшін SpaceChain технологиясын қолданады. Дыбысталған Құран сүрелері қараша айынан бастап тарайды және жердегі арнайы станцияларға келіп түседі деген жоспар бар. 

Жобаға ұйытқы болып отырған – негізін қазақстандық кәсіпкер Шухрат Ибрагимов қалаған жаһандық I AM PART OF қайырымдылық қоры. Құранның аудио жазбалары мен мультимедиалық файлдар жоғарыда айтқан YAM-2 спутнигіне жүктеліпті. 

Үйлестірушілердің түсіндіруінше, жоба ислам ілімдері туралы қате түсініктер мен стереотиптерді жою және әлемнің әр түрлі тілдерінде қасиетті Құран Кәрім жазбаларын зерттеуге мүмкіндік беру мақсатында қолға алынып отыр. 

«Ғарыштағы серверлерде ақпаратты орналастыра отырып, спутниктің кең ауқымды қамтуының арқасында Құран жазбаларын байтақ жатқан аудиторияға жеткізе алады. Орбитада активация сәтті жүрген жағдайда 2021 жылдың қарашасында ғарыштағы Құран файлдары жердегі платформаға жете бастайды. Ол платформалардың арасында – Divine ресми сайты, Divine Live мобилді қосымшасы бар. Пайдаланушылар Құранның қасиетті мәтініне ғана емес, толыққанды аудио және мәтіндік жазбасына және әртүрлі тілдегі мағыналық түсіндірмесіне қол жеткізе алады. Divine платформасының көмегімен қолданушылар реалды уақыт режимінде Құранның мультимедиалық файлдарын таратып жатқан спутниктің орналасқан мекенін көре алады. Сондай-ақ интернеті жоқ ауылдық жерлерде орналасқан жерүсті станцияларында орнатылған қабылдағыштарға ғарыштан Құранның мультимедиялық файлдарын жіберу жоспарлануда» делінген ұйымдастырушылар мәлімдемесінде. 

Осы орайда жоба авторы Шухрат Ибрагимовтың өзіне хабарластық. Оның айтуынша, спутникті пайдаланудың максималды мерзімі – 5 жыл.

«Осы уақыт ішінде Құранды ғарыштан тарату процесі үздіксіз жүруі үшін біз аудиожазбаларды және бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңартуды жоспарлап отырмыз. Осындай идея бар екенін айтқан соң ақ SpaceChain-дегі серіктестеріміз бірден қолдау танытты. Ең қиыны – осындай бірегей жобаны ғарышқа олардың спутнигі мен зымыран тасығыштары арқылы ұшыру үшін NASA, SPACEX және LOFT ORBITAL-дан рұқсат алу болды. Бірнеше айға созылған келіссөздер жемісін беріп, біз америкалық ғарыш индустриясы тарапынан оң шешім алдық. Нәтижесінде біздің жоба Илон Масктің Space X Falcon 9 ғарыш кемесі арқылы орбитаға аттанды. Спутникті құрастыру, келісім жасау және жобаларды интеграциялауды қосқанда жобаны дайындау процесі 2 жылға созылды» дейді Divine жобасының негізін салушы. 

Бұл Құранның ғарыш көгіне алғаш рет аттануы емес. Бәлкім, біз білмейтін бірнеше дерек бар шығар, білетініміз – сонау 1994 жылғы уақиға. Сол жылы Талғат Мұсабаев ғарышқа самғап, өзімен бірге елтаңба, ту және қасиетті Құран Кәрімді алып кеткен еді.

Ал жалпы Құран мен ғарыш байланысы жайлы да аз әңгіме айтылмайды. Соның бірі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринге қатысты дерек. Журналист Марфуға Шапиян «Құранда Юрий Гагарин туралы айтылғанынан хабардарсыз ба?» атты мақаласында Гагарин айтқан сөздің қасиетті кітапта жазылып қойғаны жайлы сөз қозғайды. 

«Күн өткен сайын Құранның құпиялары ашылуда. Оның әр аятының тегіннен тегін түспегеніне ғалымдардың көзі жетіп, ашқан жаңалықтарын халыққа қуана хабарлауда. Сондай ғалымдардың бірі, астронавтика, космос ғылымдарымен айналысатын профессор өзінің ғылыми еңбегінде ғарышқа алғаш жол салған ұшқыш жөнінде әңгімелейді: «Құдайға сенбейтін коммунист Юрий Гагарин ғарышқа ұшып, иллюминатор арқылы Жерді алыстан көргенде: «Мен не көріп тұрмын? Бұл түс емес пе? Әлде менің көзім байланды ма?» деген болатын. Бұл 1961 жыл. Ал мың жыл бұрын жазылған Құранның «Хижр» сүресінде былай делінеді: «Бұл халық бұрын сенсе де, кейін Құдайға сенбеді». 1961 жылы коммунистер де, осы космонавтика айналысында жүрген мамандар да сенімнен алыста болатын. Бірақ революцияға дейін олар да Құдайға сенетін еді ғой әрі шіркеулері бар болатын. Құран аятының дәлдігін көрмейсіз бе?! Яғни, осыдан 1400 жыл бұрын адамзаттан ғарышқа алғаш кім ұшатыны белгілі болған болды ғой! Ары қарай аяттарға үңіліп көрейік: «Біз оларға аспан есіктерін ашуға мүмкіндік бергенде, олар оған көтеріледі. Сосын «Мен не көріп тұрмын? Бұл түс емес пе? Әлде менің көзім байланды ма?» дейді. Гагариннің айтар сөзін Құранда келтірген Алла Тағала бұл оқиғаның қашан, қай жерде болатынын, кімнің не айтатынын да сөзсіз жақсы білген» деп жазады ол. 

Кей деректерде Гагариннің жердегі басқару орталығымен сөйлесуінде жоғарыдағы сөздер айтылмаған делінеді. Стенограммада ондай диалог тіркелмеген. Бірақ автордың сөзінше, Құран аяттары мен Гагарин сөзінің сәйкес келуі туралы ақпар Кеңес билігі тұсында таратылмаған. «Бұл сөздер Батыстың космостық дыбыс жазу орталықтарында сақталған деседі» дейді автор. 

Бәлкім, айтты. Бәлкім, айтпаған шығар. Дегенмен бұл жайлы әңгіменің тектен текке тарамасы тағы белгілі. Біз аспан әлемі құпияларын әлі ашып бітпедік. Тиісінше Құран құдіретін де толық сезіндік, онда айтылған сөздер мәнін түгеліміз түсіндік деп те айта алмаймыз. Қалай болғанда да біз үшін беймәлім бір тылсымның бары анық және ол тылсымның жаратушы күш пен адамзат, жер мен ғарыш кеңістігі арасын жалғап тұрар құдіретті тылсым екені де шүбәсіз. Құран аудиожазбасының ашық ғарыштан саңқылдап естіліп, күллі жаһанға тарауы – өркениет дамуының кезекті сатысы. Исламды зерттеп, зерделеудің кезекті белесі болатын сыңайлы. 
 

Сондай-ақ оқыңыз