Ауыл шаруашылық өнімдерін сырттан тасуды қашан доғарамыз?

Жарияланды
Министрдің айтуынша алдағы жылдары көтерме-тарату орталықтары мәселені шешпек

Сауда-саттық саласына арналып жеке министрліктің ашылуы – бұл саланың жұмысын жандандырып жатқандай. Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг берген сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов салада атқарылып жатқан шаруалар туралы баяндады. 

Министр алдымен Өзбекстан мен Тәжікстан елдеріне жасаған сапарының мәніне тоқталды. 

«Оңтүстіктегі көрші елдерге сапарым біздің бизнесмендердің өзара іс-қимыл жүйесін құруға негізделді. Атап өтерлік жайт, мен бұл келісімдерге қол қоймаймын. Мемлекеттік органдар, негізінен, келісімдерге қол қояды, үкіметаралық, ведомствоаралық меморандумдарға қол қоюы мүмкін, онда кәсіпкерлер үшін жағдай жасау үшін қандай да бір тәсілдер мен қағидаттар, негіздер көрсетіледі. Өзбекстан мен Тәжікстанға жасаған нақты сапар барысында үш облысты араладық. Біз көтерме-бөлшек сауда орталықтары орналасатын орындарды, осы республикаларға инвестиция салуға дайын бизнесмендерді–инвесторларды қарастырдық. Сапалы өнім қалыптастыру және Қазақстанға, одан әрі Ресейге уақтылы жеткізу үшін» дейді Бақыт Сұлтанов. 

Оның айтуынша, бизнесмендер 3 млн долларға 6 сынақ келісімшартын жасаған. Контрагенттер табылды. Кейіннен бұл жүйе кеңейтілетін болады. Келесі жылы осы келісімшарттар мен сомалар бірнеше есеге артады деп күтілуде. 

«Бір қарағанда біз олардың экспорттаушыларын қолдап жатқандай көрінетін шығар, бірақ іс жүзінде әрқашан маусымнан тыс уақытта өнім импорты болған және бола береді. Мысалы, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан немесе Ауғанстаннан әкелінетін шие. Оған сұраныс болды, бар және болады. Ол кезде бізде әлі шие піспейді. Сондықтан, бұл жерде ерте піскен өнімдерді оңтүстіктегі көрші елдерден маусымаралықта жеткізу, ал күзде оларға біздің өнімдерімізді жеткізу жайлы айтылып отыр. Картоп бойынша: егер Өзбекстаннан жас картоп қажет болған кезде шамамен 50 мың тонна сатып алсақ, онда бір жыл ішінде сол Өзбекстанға шамамен 260 мың тонна картоп экспорттаймыз. Біз кез келген жағдайда ұтамыз, бірақ әңгіме объективті бағамен, түсініксіз және ашық емес делдалдарсыз, мұндай өнімді біздің нарыққа жеткізуді қамтамасыз ету туралы болып отыр» деп атап өтті министр.

Министр былтыр сәуір айында көкөніс пен жемісті жыл бойы сақтауды қамтамасыз ететін көтерме-тарату орталықтарын құру туралы айтқан болатын. Егер жоба іске асса жетіспей жататын маусымдық өнімдердің басым бөлігін сырттан тасудың қажеті де болмайды. Министр жыл бұрынғы тақырыпты қайта жаңғыртты және ол жоспарының әлі де күшінде екенін айтты. 

«Мен өз сөзімнен бас тартпаймын. Иә, мерзімдер өзгерді. Объективті себептер бар. Біріншіден, біз ұлттық тауар өткізу желісін құру мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаттарына негізделуге тиіс екенін жарияладық. Біз жеке инвесторлардың консорциумдарымен жұмыс істедік. Бастама көтерілді, өткен жылы барлық рәсімдерді, тиісті сараптаманы жүргіздік. Басқа келісімшарт бойынша 3-4 жыл, тіпті 15 жыл өткен жұмыс бір жыл ішінде өтті деп объективті түрде айта аламыз. Өткен аптада келісімшартқа қол қойылды. Дұрыс айтасыз, тиісті қоймалардың болмауы да ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің шығындарына, өнімнің ел ішінде таратылуына тікелей әсер етеді және сайып келгенде тиімсіз баға белгілеуге әкеледі. Сондықтан бұл бір күндік жұмыс емес. Көтерме-тарату орталықтары саңырауқұлақтар сияқты бір күнде шықпайды. Тиісті жұмыс кестесі жасалуда, бірінші кезең бойынша 7 КТО бойынша тиісті келісімшарт жасалды, жұмыстар басталды. 2022 жылғы егінді қамтуға тырысамыз. Бірақ бұл барлық қажеттілікті өтемейді. 24 КТО, оның 15-і ауылшаруашылық өнімдерін өндіру орындарында орналастырылатын агрологистикалық типтегі көтерме және бөлшек сауда орталықтары. Мемлекет басшысы сенбі күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында тапсырғанындай зәкірлік жүйе құрамыз. Бизнес осындай көкөніс қоймаларын құру бойынша жұмысты белсенді жүргізуі үшін жұмыс жүргізіледі және олардың барлығы осы зәкірлі жобаның айналасында бірыңғай жүйеге құрылатын болады. Бірыңғай ақпараттық жүйе тауар өндірушілерге ақпаратты дұрыс алуға және өзінің өндіріс көлемін болжауға, тиісінше, өнімділікке бағытталған инвестицияларды есептеуге мүмкіндік береді» деп түсіндірді спикер.

Брифинг барысында министрге қазақстандық экспорттаушылардың өзбек пен тәжік территориясында кедергіге жиі тап болатыны да сұрақ ретінде бағытталды. Мәселен, қазақстандық ұн, кондитерлік және басқа да тауарларды экспорттаушылар өзбек және тәжік нарықтарына кіру үшін транзиттің жоғары импорттық баждары мен тарифтері сияқты кедергілерге шағымданады. 

«Тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр. 1 қаңтардан бастап өзбек тарапы баж салығын толығымен алып тастады. Өнімдер экспортында шамамен екі есе күрт өсім тіркелді. Белгілі бір инерция да бар, егер өткен жылы экспорттың 4 айы ішінде өнімнің 10 атауы бойынша 38 млн доллар болса, биыл 52 млн доллар. Басқа бағыттардың тәртібі бар, тиісті ақпарат сайтта ұсынылады. Біздің өнімдерімізді Өзбекстанға экспорттау процесі жүріп жатқанын көруге болады» деп жауап берді сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов. 
 

Сондай-ақ оқыңыз