Қазір құрылыс саласында қордаланған проблема көп. Соның бірі де бірегейі – баға қымбатшылығы. Ауыл-елдегі ағайын қара базардағы кез келген тауар түрінің кем дегенде 3 есе құн қосып шыға келгенін айтып зар қағады. Үлкен құрылыстың да жағдайы мүшкіл. Егер қымбатшылық тап осылай жалғаса берсе бірқатар компанияның нарықтан ығысуы да бек мүмкін. Осындай мәселелерді негіз еткен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері өзекті сауалдарға жауап беріпті.
Вице-министр Қайырбек Өскенбаев тапсырыс берушілердің сәуір-мамыр айларында құрылыс материалдарын сатып алуды бірден бастап кетуі – баға қымбаттауына себеп болады дейді. Нәтижесінде жеткізушілер мен делдалдар өз өнімдерін белсенді түрде сата бастайды, ал кейбіреулері импорттайды, бұл сайып келгенде құрылыс материалдарының бағалық параметрлеріне әсер етеді деген ой айтады. Енді қымбатшылықтың алдын алу үшін министрлік «оффтейк» келісімшарттар түрін енгізбек. Материалдарды онлайн саудалайтын «Маркетплейс» арнайы ақпараттық алаңын құру да жоспарда бар екен.
«Бұл материалдардың құнын 15%-ға дейін төмендетуге және құрылыс материалдары нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылыс компанияларының құрылыс материалдарына қажеттіліктерінің онлайн-витринасы құрылды, онда қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілер қажеттіліктермен таныса алады және қажет болған жағдайда тіркеуден өткеннен кейін осы құрылыс компанияларына коммерциялық ұсыныстарын жібере алады. Құрылыс компанияларына жеке кабинеттерінде құрылыс материалдарын өндірушілерден коммерциялық ұсыныстар алынғаны туралы хабарлама келеді, онда олар коммерциялық ұсыныстарды қарау, таңдау мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі уақытта витрина тестілік режимде іске қосылды. Екінші кезеңде (2021-2022) материалдарды өндірушілер үшін өз құрылыс материалдарының витриналарын жариялау функциясы әзірленетін болады. Барлық қатысушылар үшін ЭЦҚ-ны қолдана отырып, шарттарды онлайн жасасудың бизнес-процесін енгізу жоспарланған. Маркетплейсте логистикалық компаниялармен бірлесіп тауарларды жеткізуді бақылау функциясы пайда болады» дейді ведомство өкілі.
Өскенбаев құрылыс материалдарының номенклатурасын көрсететін электрондық тізілімі жасалғанын да жеткізді. Бұл жоба президенттің құрылыстағы жергілікті қамту үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қолға алынып отыр.
Баға қымбаттауының алдын алуға бағытталған тағы бір шара – импортқа тәуелділікті азайту және ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамту. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен 100 пайыз қамтуды жоспарлап отырмыз дейді министрлік өкілі.
«Қазақстандық өндірушілер ішкі нарықтың базалық құрылыс материалдарына – бетонға, цементке, қабырға материалдарына қажеттілігін қамтамасыз етеді. Отандық зауыттардың арматура өндірісінің қолданыстағы жобалық қуаты 1,9 млн тоннаны құрайды, жыл сайынғы ішкі қажеттілік – 1,2 млн тонна. Алайда, сынықтардың жетіспеушілігіне байланысты зауыттар ішкі нарықты тек 60% қамтамасыз етеді. Бір ірі кәсіпорын, 11 орта және 276 шағын кәсіпорын кірпіш өндіреді. Бірақ олар ел ішіндегі қажеттіліктің тек 62%-ын ғана өтейді. Өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 2 есеге артты. Кірпіш импортының артуы да байқалады. Бұл ішкі нарықта тұтыну көлемінің күрт өсуіне байланысты. Отандық өндіріс үлесін арттыру үшін 2022 жылдың соңына дейін олардың өндірісін жылына 440 млн данаға дейін арттыру көзделген» дейді вице-министр.
Импортқа тәуелділікті төмендету және құрылыс материалдары бағасының күрт ауытқуын болдырмау үшін 2021-2025 жылдарға арналған құрылыс индустриясын дамыту бағдарламасы жасалған. Ведомство келесі 5 жылға құрылыс материалдарына деген қажеттілікке талдау жүргізіп, импортталатын материалдарды бөліп, олар бойынша 360 млрд теңге сомасына 22 жоба дайындаған. «Аталған зауыттардың құрылысын 2021-2022 жылдары салуды жоспарлап отырмыз және 2023 жылы импортқа тәуелділікті азайту және ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен 100% қамтамасыз ету бойынша жоспарланған қуатқа шығу көзделген» дейді.
Баға өсіміне әсер еткен тағы бір елеулі себеп – «кейінге қалдырылған сұраныс» әсері. Яғни, 2020 жылы салынуы тиіс нысандар бір жылға кейінге қалдырылды және осының есебінен биылғы құрылыс көлемі ұлғайды. Бұған былтырғы инфляциялық компоненттер қосылды. Өз кезегінде, Қазақстанда соңғы 2 жылда тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар көлемі күрт артты. Статистикаға қарасақ, 2019 жылдың мамыр айында инвестициялар 432 млрд теңгені, ал 2021 жылдың сәйкес кезеңінде 732 млрд теңгені құраған.
Оның айтуынша, құрылыстың қарқынды өсуі құрылыс материалдарына деген сұраныстың артуына алып келді, бұл жекелеген позициялар аясында отандық өндірісті өтеуге үлгермейді. Бағаға жеке делдалдар мен өндірушілердің алыпсатарлық әрекеттері де септігін тигізді.
Осындай қиындықтардан сабақ ала отырып мемлекет алдағы жылдары құрылысты цифрландыра бастайды. «Е-Құрылыс» ақпараттық жүйесінде барлық атқарушылық құжаттама электрондық түрде жүргізіліп, блокчейн жүйесінде құрылыстағы әрбір әрекет тіркеліп отырмақ.
«Қазір барлық техникалық қадағалаушылар осы жүйеде жұмыс істеп жатыр, техникалық қадағалаулардың барлық құрылыс тізілімдері мен есептері бірыңғай электрондық форматқа көшірілді. Құрылыс процесін барлық журналдармен, жасырын және орындалған жұмыс актілерімен тікелей цифрландыру келесі жылдан бастап мемлекеттік объектілерде автоматтандырылады. Сонымен қатар, мемлекет басшысының құрылыс сапасын жақсартуды түбегейлі қайта қарау жөніндегі тапсырмасы аясында біз бірқатар заңнамалық түзетулер дайындадық. Түзетулер мемлекеттік және жеке меншік объектілерге міндетті зертханалық бақылауды көздейді. Механизм тапсырыс берушімен бірлесіп құрылыс процесін зертханалық сүйемелдеуді және құрылыс барысын кезең-кезеңімен техникалық тексеруді көздейді» деп атап Қайырбек Өскенбаев.