Жазғы Олимпиада ойындары қазақстандық телеарналардан көрсетілмеуі мүмкін

Жарияланды
Токио Олимпиадасы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді

Qazaqstan тереларнасы  XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының трансляциясына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Онда тараптардың ортақ келісімге келе алмағаны жазылған. 

«Токио Олимпиадасының тікелей трансляциялар құқығы «Dentsu Inc.» компаниясына тиесілі. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігі» АҚ «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» телеарналары арқылы Жазғы Олимпиаданы ел аумағында көрсету бойынша келіссөздерді 2019 жылы бастаған болатын. Тараптар әзірге ортақ келісімге келе алған жоқ. Екіжақты келісімнің ұзаққа созылу себебі, құқық иесінің лицензия бағасын 2016 және 2018 жылдардағы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда 123 пайызға қымбатқа ұсынуы. Қазіргі кезде «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» телеарналары қазақстандық спортшыларды қолдау және отандық көрермендерге Олимпиададан жедел ақпарат ұсыну бойынша жан-жақты әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Телеарналардың Ұлттық Олимпиада комитеті мен шетелдік ірі ақпарат агенттіктерінен фото,-видеоматериалдар алу мүмкіндігі қарастырылған» делінген ресми хабарламада. 

XXXII Жазғы Олимпиада ойындары Токиода 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 27 түрінен 97 лицензия бар. Олимпиадаға қатысатын спортшылардың басым бөлігі Токиоға 16 шілде күні ұшып кетті. 
 

Сондай-ақ оқыңыз