Жаңалықтар

Қазақстан «Байкал» ұшағын шығаратын болды

Сонымен қатар авиациялық техникаға арналған жинақтауыштар да шығарады

Жуковский қаласында өткен МАКС-2021 халықаралық авиациялық ғарыш салоны алаңында еліміздің авиациялық өнеркәсібі үшін маңызды оқиға болды, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. 

Қазақстан-Ресей кооперациясы шеңберінде «Байкал» жеңіл көп мақсатты ұшағын  шығару жобасы аясында «Қазақстандық авиациялық индустрия» компаниясы  «Байкал-инжиниринг» ЖШҚ-ның қатысу үлесін сатып алу жөніндегі келісімге келген.  

Келісімшартқа «Қазақстандық авиациялық индустрия» сатып алатын кәсіпорын шығаратын «Байкал» ұшағы қанатының астында қол қойылыпты.

«Байкал» жеңіл көп мақсатты ұшағы 50 жылдан бері  жұмыс істеп келе жатқан Ан-2 ұшағын ауыстыруға арналған.

Жобаға Қазақстан  салған инвестиция жалпы көлемі 1 млрд. рубльді құрайды. Оның орнына Қазақстан жобадағы миноритарлық үлесін және осы ұшақтарды шығаруға лицензия алады.