Жаңалықтар

Бизнесмендер арасында «Жыл кәсіпкері» байқауы өтеді

Кандидаттар 31 қазанға дейін өтініш бере алады

2021 жылдың 1 шілдесінен EY халықаралық бағдарламасының кезекті ұлттық кезеңі – «Жыл кәсіпкері» байқауы басталды. Байқауға еліміздің барлық өңірінен кәсіпкерлер қатыса алады, деп хабарлайды «Атамекен» ҰКП. 

Оларға халықаралық және қазақстандық іскери топ өкілдерінен құралған тәуелсіз қазылар алқасы баға береді.

Конкурс ашық өтеді. Кез келген кандидат – қазақстандық кәсіпкер қатысу шарттарымен танысып, 31 қазанға дейін өтінім бере алады.

Бағдарламаға қатысуға кәсіпкерлерден ақшалай жарна талап етілмейді.

Халықаралық конкурстың қазақстандық кезеңінің қорытындысы 2022 жылды ақпанда шығарылады. Финалға шыққан үздіктердің есімін атау үшін Алматы қаласында салтанатты марапаттау рәсімі өтеді. Олардың арасынан ұлттық жеңімпаздың аты белгілі болады.

Жеңімпаз Қазақстан Республикасын 2022 жылдың маусымында Монакода өтетін халықаралық финалда таныстырады. Бағдарлама жеңімпазға кәсіпкерлердің беделді қоғамдастығының мүшесі болуға, өз бизнесін дамыту үшін жаңа идеялар алуға және өзінің табысын тек Қазақстанда емес, халықаралық аренада танытуға мүмкіндік береді.

Конкурсқа қатысушыларға мынадай талаптар қойылады:

1.    Қатысушы (компания) Қазақстанда құрылуы (тіркелуі) және негізгі қызметін Қазақстан аумағында жүргізуі тиіс;

2.    Қатысушы атынан конкурсқа компанияның негізін қалаушы немесе меншік иесі (мажоритарлық акционер) қатыса алады. Мажоритарлық акционер (немесе құрылтайшы) келіскен жағдайда бизнестің үлесін 20%-дан астамын иеленетін кәсіпкердің қатысуына жол беріледі;

3.    Егер компанияны бірден көп кәсіпкер құрған және екі (немесе одан да көп) іскерлік серіктес қазіргі уақытта кәсіпорынның жұмысы үшін негізгі жауапкершілікті мойнына алатын болса, онда конкурсқа қатысуға бизнестің негізін қалаушылардың/меншік иелерінің бірі де, 2-3 адамнан тұратын іскерлік серіктестер командасы да, бірақ одан көп емес адам да ұсыныла алады;

4.    Қатысушының (кәсіпкердің) компаниясы кем дегенде соңғы 2-3 жыл ішіндегі жұмысы үшін негізгі жауапкершілікті мойнына алып, бизнесті басқаруға белсенді қатысуы тиіс;

5.    Қатысушының (кәсіпкердің) компаниясы кем дегенде 10 қызметкерді жұмыспен қамтуы тиіс;

6.    Қатысушы кәсіпорынға/компанияға конкурстың негізгі аталымына қатысу үшін кемінде 5 жыл болуы тиіс. Бұл ретте компанияның соңғы екі жылдағы жыл сайынғы табысы 110 млн теңгеден асуы керек.

Сондай-ақ, 6-тармақты қоспағанда, ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер «Инновациялық стартап» аталымына үміткер бола алады. Бұл аталымға құрылғанына 2 жылдан асқан компаниялар қатысады.