Адам алдына мақсат қойғанда, ескеру керек жайттар бар. Яғни армандау жеткіліксіз. Нақты жоспарын жасап, қадамдарды дұрыс тізгенде ғана көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады. Осы ретте сіздерге бірер кеңес әзірлеп қойдық.
1. Алдымен, тыңғылықты дайындық қажет. Яғни әр мақсатты үй салған процесс ретінде елестетсек, бастамасы үшін іргетасын қалау керек болады. Ал құрылыстан хабары барлар іргетастың берік болуы үйдің сапасына бірден-бір әсер ететін фактор екенін жақсы біледі. Мақсат қойғанда да солай. Дайындықты бастаған кезде бұрын орындалуы арман болып жүрген көп іс қолжетімді көріне бастайды. Жалпы алғанда қаражат мәселесінде нақтылық маңызды. Сондықтан әр тиынына есеп жүргізіп, санаған жөн. Сома анықталғанда бұлдыр бейненің біразы ашылып, анық көрінеді. Сөйтіп қалтаңыздағы ақшаның қиыс кетіп жатқан тұстары болса, анықталып, бос шығындар белгілі болады.
Шығындарды бақылап жүру үшін кіріс-шығыс құжатын әркім өзінше жүргізсе дұрыс болады. Бірі қойындәптерге түртіп жүрсе, енді бірі мобайл қолданбаларға сеніп тапсырады. Қаражатты басқарудың қай әдісі болсын сізге айқын картинаны көруге мүмкіндік береді. Сол себепті шығындарды тізіп жүру — қаржылық мақсаттардың орындалуына апаратын төте жол. Сол арқылы мақсатыңызға жету үшін қанша қаражат керегін, қай шығынды қысқарту қажет екенін білесіз. Бастысы, бастаңыз. Әдетке айналдырсаңыз, оң нәтижесін араға ұзақ уақыт салмастан көресіз.
2. Соманы белгілеп, мерзімін анықтау керек. Біз бүгін қозғап отырған тақырып қаржылық мақсат болғандықтан, бұл жерде сандардың жүруі заңдылық. Ендеше, сізге ол мақсатқа жету жолында қажет соманың мөлшерін анықтап, қанша уақытта жинап болатыныңызды шамалау керек болады. Ақша ешқашан жеткізбейді. Жалақысы 80 мың теңге болатын азамат «Қайран, айына 200 мың теңге қолыма таза түсіп тұрса ғой» деп ойлайды. Ал 200 мың теңге ай сайын шотына түсіп тұратын адам миллион табуды көздейді. Демек, белгілі бір сомадан асқан соң бақытты болып кетемін не арманым болмас еді демеңіз. Өйткені қаражат көбейген сайын, тиісінше шығынның да көбейетіні бар. Әйтсе де, жалпылама емес, нақты мақсаттар қою арқылы белгілі бір соманың шегін белгілеуге болады. Әрі ол әу бастан бір затты сатып алуға, бір істі бастауға не өзге де мақсатқа арналғаны белгілі. Бұл дегеніміз сізде стимул барын білдіреді.
Яғни «көп ақша табуым керек» пен «ұялы телефонды қолма-қол ақшаға алуым керек» деген мақсаттың екі түрлі екенін түсініңіз. Алғашқысында нақтылық болмаған соң, шашыраңқы. Ал екіншісінде сізде ойға алған сома бар. Ал ол соманы жинауға қанша уақыт керегі өзіңізге ғана мәлім. Қаржылық мақсаттар осылай пайда болады, осылай өркендейді. Іш пыстыратындай көрінуі мүмкін. Десе де, осы әдіс жақсырақ жұмыс істейді. Тіпті ойдағыдан да жақсырақ табыс тауып, ертерек мақсатқа қол жеткізіп қалуыңыз да ғажап емес. Қаражат жүрген жерде сауат керек.
3. «Аспандағы айды алсам» дегендей арман-мақсаттардан арылыңыз. Яғни реалист болыңыз. Олай дейтініміз, жақсы ойда болған, әлбетте, керемет. Бірақ шынайы күш-жігеріңізді бағалай отырып, мақсат қойған одан да жақсы. Айталық, 150 мың теңге жалақы аласыз. Оның жартысынан көбі шығындарға кетіп, қолда 50 мың ғана қалатын болса, алдағы алты айда автосалоннан көлікті кредитсіз ала алмайтыныңыз белгілі. Ал енді мақсат қойып, қосымша жұмыс істеп жинайтын болсаңыз, әңгіме басқа.
Шынайылық керек дедік. Аспандағы айдың мысалында қарастырсақ, ондай орындалуы өте қиын мақсаттар адамды теріс істерге итермелеуі мүмкін. Мәселен, сіз үш ай бойы 50 мың теңгеден алып қалып, 150 мың теңге жинап қойдыңыз. Ал ойыңыздағы мақсат — 15 миллион теңге тұратын көлік. Үш айдан кейін аз ақшамен ондай сома жинау қиын екенін біліп, жылдам көбейтемін деп казино, лото сынды құмар ойындарына кіріп кетуіңіз мүмкін. Болмаса, қарызға барып не кредит алып дегендей. Сондықтан армандау тегін болғанымен, бұл жерде де сараптап, талдау қажет. Есіңізде болсын, қаржылық мақсаттар сізді тығырыққа тіремей, керісінше, жағдайыңызды жақсартып, өміріңізді жеңілдетуге тиіс.
4. Шынайылық жайлы айтып өттік. Ендігі кезекте — басымдық. Қаржылық мақсат қойғанда қайсысын бірінші орындау керек, қайсысы маңыздырақ соны бағамдау қажет. Яғни әрі көлік алып, әрі баспаналы болып, әрі шетелге шығамын десеңіз, бұл ойыңыздың жүзеге асуы аяқ-асты лотереядан қыруар қаражат ұтып алмасаңыз, мүмкін емес. Сондықтан басымдық беруді үйреніңіз. Бірнеше айға созылатын мақсат болса, депозит ашып, сонда сақтауға болады. Болмаса, дәстүрлі әдіс — құтыға салып қою. Бұл жерде ескеретін жайт: ұсақ мақсат болса да, олардың саны 4-5 болғаны дұрыс. Өйткені қанша жерден орындалуы оңай десек те, оңтайлы жүзеге асу ықтималы көбейе береді. Сондықтан қысқамерзімді мақсаттардың өзін шамадан тыс қоя бермеген абзал.
5. Стратегия, стратегия және тағы да стратегия. Мақсаттың өзі стратегия болғандықтан, бұл бөлімді қалдырып кету мүмкін емес. Мақсаттарды дұрыс қойған кезде орындалуы оңайлап, жылдамдай түседі. Кейде қатты қажып кетпес үшін бірнеше бөлікке бөліп қойсаңыз болады. Мысалы тоғыз айдың ішінде 2 миллион теңге жинау керек болса, ол соманы үш айға бөліңіз. Сонда адам шошытарлық сома емес, санаға қабылдауы оңайырақ сома шығады. Ал нәтиже болса біреу — қалаған соманы жинау. Бар болғаны сіз стратегиялық тұрғыдан жақсы әдісті таңдап, сол бойынша қадам жасадыңыз.
6. Табандылық өте керек. Өзіңізді құдды белгілі бір бағдарлама бойынша жұмыс істейтін робот деп елестетіңіз. Олардың әр қадамы ойластырылған әрі нақты. Соған сай мақсаты да айқын. Тайқып кету деген жоқ. Қаржылық мақсатта да солай болғаны дұрыс. Мынадай бір қызық әдіс бар. Қолға қағаз бен қалам алып, жүз шақты арман-мақсатты тізіп шығыңыз. Тізім дайын болған соң, оның тең жартысын алып тастаңыз. Тағы бірнеше рет қайталап, соңында он шақтысын ғана қалдыру керек. Соның арқасында ойыңызда бекер жүрген мақсаттардан арылып, өзіңіз үшін маңызды дегендері ғана қалады. Сөйтіп миыңыз бағдарлама жазып алғандай әлгі армандарды санаға құйып қояды.
7. Түзету енгізу — қалыпты жағдай. Өмір болған соң, өзгеріс болуы да заңдылық. Сондықтан уақыт өте келе кей мақсаттар басымдықтан түсіп қалып, орнына басқалары еніп жатады. Мұндайда маңыздысы — жоспарды дәл осы шаққа сай уақытылы өзгертіп отыру. Мысалы, бұрын бір бөлмелі үй аламын деп жинап жүрдіңіз делік. Шаңырақ құрғандықтан, мақсатыңыз өзгеріп, бір емес, екі бөлмелі пәтерге жинайтын болдыңыз. Мұндайда сома өседі. Сәйкесінше, жинайтын мерзім де үйреншікті уақыттан сәл өзгеруі мүмкін. Онда тұрған ештеңе жоқ. Алдыңғы бөлімдердегі кеңестерді бір қарап шығып, жаңа мақсатты соларға ыңғайласаңыз болады. Тағы бір айта кетерлігі, бір мақсат орындалса, дереу екіншісін іске асыруға кірісіңіз. Себебі бір орында тұру деген болмайды. Олай етсеңіз, сіз бір қадам артқа кетіп жатқаныңыз. Мақсат болмаса, ақшаңыздың берекесі болмай, желге ұша береді. Сол себепті ойыңызды босатпаңыз.