137 мың адам зейнетақы жинағына баспана алған

Жарияланды
70 мыңға жуығы ипотекалық қарызын өтеген

Тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері күшіне енген алты айдың ішінде 222 000 астам қазақстандық enpf-otbasy.kz платформасы арқылы жалпы сомасы 1 трлн 280 млрд теңгеден астам зейнетақы жинақтарын пайдаланған.  Бүгінгі күні 137 мың қазақстандық үй иесі атанып, тағы 70 мыңға жуығы ипотекалық қарызын өтеді және 14 мыңнан астамы зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін емделуге жұмсады, деп хабарлайды «Отбасы банк». 

2021 жылдың 23 қаңтарынан бастап «Отбасы банк» АҚ  тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеу мақсаттары бойынша уәкілетті оператор ретінде, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін өтініш тапсыруға болатын enpf-otbasy.kz арнайы онлайн платформасын іске қосқан. 

«Біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану бойынша бірінші орында Маңғыстау облысының тұрғындары тұр (35 304 адам), олар жалпы сомасы 319 млрд теңге пайдаланған. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы (34 414 адам), елорда тұрғындары 207 млрд-қа жуық теңге қолданған. Алматы қаласы – үшінші орында (29 466 адам), алматылықтар жалпы сомасы 277 млрд-қа жуық теңгені тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеуге жұмсаған. БЗТ-ін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу үшін Маңғыстау облысының 40 пен 59 жас аралығындағы ер азаматтары жиі пайдаланған. Әйелдер арасында Нұр-Сұлтан қаласының 40 пен 59 жас аралығындағы қыз-келіншектері көш бастап тұр» делінген ресми хабарламада. 

БЗТ-ін «Отбасы банкінде» ипотекалық тұрғын үй заемын алу үшін бастапқы жарна ретінде қолданған 10 698 қазақстандық, қайталама нарықтан тұрғын үй таңдаған. Қалған 1 950 адам, алғашқы нарықтан тұрғын үй алуды жөн көрген. 100-ден астам адам зейнетақы төлемдерін құрылыс, жөндеу және қайта қаржыландыруға жұмсаған.
 

Сондай-ақ оқыңыз