Қазақстанда жүк тиейтін контейнер жоқ па?

Жарияланды
Жүк тасымалдаушылардың базынасы қаншалықты орынды?

Осыдан біраз уақыт бұрын құрылыс материалдарының тапшылығы мен қымбатшылығы қос бүйірден қысқан кезде контейнер жетіспеушілігі туралы әңгіменің шеті қылаң берген. Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген тиісті сала өкілдері контейнер тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты. 

«KTZ Express» АҚ бас директоры Нұрлан Игембаевтың айтуынша елімізде контейнер жоқ деуге негіз жоқ. Ал осыған дейін отандық жүк тасымалдаушылар контейнерлердің уақытылы келмейтінін, тауарды уақытылы ала алмай, шығынға бататындарын айтқан еді. 

«Қазіргі кезде ҚТЖ компаниясында 5 мыңға жуық контейнер бар. Олардың 56 пайызы қолданылуда және 44 пайызы кәсіпкерлерге беріледі. Осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Кәсіпкерлер контейнермен жүк жөнелтпек болса, біз олармен бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Бүгінде транзиттік контейнерлердің бәрі қайтарылуда, оны экспорттық жүкке қолдануда ешқандай қиындықтар жоқ. Контейнерлер жеткілікті. Министрлік тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр» дейді компания басшысы.

Транскаспий халықаралық көлік маршрутында (ТХКБ) тасымалдардың оң серпіні байқалады дейді спикерлер. Аталған маршрутта контейнерлік тасымалдардың 2,3 есе өсуі байқалған. 2021 жылдың 6 айында 7,4 мың контейнер тасымалданыпты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,3 есе артық. 

«Қазіргі уақытта тасымалдау көлемін одан әрі арттыру мақсатында өткізу қабілетін жаңғыртуды және ұлғайтуды талап ететін «тар» орындар анықталды: Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша негізгі транзиттік дәлізде екінші жолдарды салу және Достық – Мойынты т/ж учаскесін электрлендіру жоспарлануда. Бұл жоба дәліздің өткізу қабілетін 5 есе арттырады, осылайша Қытайдан Еуропаға жыл сайын өсіп келе жатқан контейнер ағынын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қазіргі Сарыағаш өткізу пунктін «түсіруді» қамтамасыз ету үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасында Дарбаза – Мақтарал жаңа теміржол желісін салу жоспарлануда. Осы жобаны іске асыру учаскенің өткізу қабілетін 2 есе арттыруға, жүктерді тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл жоба Орталық Азияның Еуропаға экспорттық-импорттық ағымын қабылдауға мүмкіндік береді, осылайша Қазақстанның халықаралық нарықтардағы ұстанымын нығайтады» дейді көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов. 

Спикерлер Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісін салу жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүріп жатқанын да айтты. Аталған жобаның құрылысы Алматы станциясы арқылы транзитпен өтетін жүктерді тасымалдау мерзімін 2 тәулікке қысқартуға және Алматы станциясын 40%-ға жеңілдетуге мүмкіндік бермек. 

Тайжановтың айтуынша, министрлік вагондар паркін жаңартуға операторларды ынталандыру бойынша жұмыс жүргізуде. 

«2016 жылдан бастап вагондарды сатып алуға несие беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау құралы енгізілді. Осылайша, мемлекеттік қолдау аясында шамамен 5,5 мың жүк вагоны сатып алынды, оның 3,5 мың бірлігі контейнерлер тасымалын қамтамасыз етуге бағытталған фитингтік платформалар. Бұл жұмысты «Қуатты өңірлер – экономика драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жалғастыру жоспарланған» деді спикер.

Ведомство өкілінің айтуынша, соңғы жылдары транзиттік контейнерлік жүктер ағыны үшін күрес күшейтіліп, транзиттік дәліздердің тартымдылығын арттыру бойынша шаралар қабылдануда. 

«Бұл мәселеде Қытай мен Азия-Тынық мұхиты аймағы елдері негізгі күш болып саналады. Әлемдік үрдістерді ескере отырып, министрлік пен теміржол саласының алдына қойылған басым міндеттердің бірі елдің транзиттік әлеуетін дамыту. Біздің еліміздің географиялық орналасуы Еуропалық Одақ елдері мен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасындағы жүк ағындарына бірегей транзиттік мүмкіндіктер береді. Қазақстанның транзиттік хабқа айналуы бірқатар жобаларды іске асырумен қатар жүрді, соның ішінде Орталық өңірлерді Батыспен (Жезқазған – Бейнеу) байланыстыру, Алматы – Шу учаскесінің өткізу қабілетін арттыру (Алматы – Шу екінші жолдары), қажетті порт және терминал инфрақұрылымын құру (Ақтау, Құрық порттары, «Қорғас» құрғақ порты, КЛО және Боржақты – Ерсай). Өз кезегінде, жоғарыда аталған жобаларды іске асырудың нәтижесінде транзиттік тасымалдардың қазіргі көлемі 2016 жылғы көрсеткіштен 3,6 есе асады» деді сарапшы. 
 

Сондай-ақ оқыңыз