Аз, бірақ өнімді жұмыс істеудің 5 тәсілі

Жарияланды
Осы бесеудің біреуін басшылыққа алыңыз

Ел арасында «жұмысты 8 сағат емес, мимен істеу керек» деген сөз бар. Демек, шаруаның сәтті аяқталып, өнімді атқарылуына уақыттың көп болуы міндетті емес. Осы орайда оқырмандарға аз жұмыс істей отырып, көп нәрсеге үлгеруге көмектесетін 5 тәсілді таныстырғымыз келіп отыр. Жұмыстағы шаруа кеңседе қалғаны дұрыс. Оны үйге тасу арқылы үйдегі шаруаның кейбіріне кедергі келтіруіңіз мүмкін. Әрі қазір қашықтан істеу қалыптасып келе жатқандықтан, өнімді жұмыс істеу жолдары өте өзекті болып отыр. Ұсынылған тәсілдің ішінде көңіліңіз қалаған біреуін таңдап, жасап көріңіз. Әсіресе, қызанақ әдісі қызық сияқты. Атауы неге олай, оның орындалу жолы қандай — ол туралы төмендегі материалда толығырақ жаздық. 

Қызанақ әдісі

Бұл тәсіл асханаға арналған қызанақ түріндегі таймердің құрметіне осылай аталыпты. Ал енді әдістің өзіне келсек. Жұмыс уақытын 30 минуттарға бөліп, оларды бір-бір қызанақ деп қарастырайық. Сол жарты сағаттың ішіндегі 25 минутын жұмысқа бөлесіз де, қалған 5 минутында миыңызды тынықтырасыз. Әр төрт қызанақ сайын үзіліс уақытын ұзартып, 15-30 минут аралығында демалып отырасыз. Мәселе мұнымен біткен екен демеңіз. Себебі аталған тәсілдің жұмыс істеуі үшін ескеру керек бірнеше жайт бар. Атап айтқанда:
•    Тапсырмаларды ретімен тізіп қойып, нақты жоспар жасап қойған болуыңыз керек;
•    Таймер қосулы кезде сіз міндетті түрде бар назарыңызды жұмысқа аударуыңыз шарт. Яғни ұялы телефонға қарап кетуге, ас бөлмесіне барып шай-тамақ ішуге, біреулер сөйлесіп кетуге болмайды. Таймер қосылып тұрса, демек сізге тек жұмыс істеу қажет;
•      Ал енді ақыры алаңдап, басқа нәрсемен айналысып кетсеңіз, қызанақ таймерді өшіресіз де, қайтадан бастайсыз. Бұл жерде өзіңізді өзіңіз алдамай, адал болуға үйрететін темірдей тәртіп бар, байқасаңыз.  
•    Егер атқаратын ісіңіз кішігірім болса, бір қызанақ жеткілікті. Ал енді көлемді жұмыс болса, оны бірнешеуіне бөлген дұрыс. 

Эйзенхауэр матрицасы

Аталған тәсіл қай шаруаның басымдырақ екенін анықтап, тапсырмаларды жоспарлауға көмектеседі. Ол үшін график сызылады. Жалпы саны 4 секторға шаруаның орындалуы дереу ме, жоқ па, маңызды ма, әлде аса маңызды емес пе — соны жазу керек. Яғни көлденең өсте — тығыз және тығыз емес, тікесінен маңызды және маңызды емес деп бөлесіз. Сөйтіп іске кірісер кезде ойға алған жұмысты басты екі параметр бойынша бағалап, қажет секторға орналастырасыз. Мысалы, «мына материалды түске дейін бітіруім керек, өте маңызды» десеңіз, ол әрі маңызды, әрі тығыз секторда тұрады. Осылайша бір күндік шаруаларды маңызы мен уақытына қарай орындайсыз. Алдымен маңызды әрі тығызы, одан маңызды, бірақ уақыты аса тығыз емес, кейіннен маңызды емес әрі қатты тығыз да емес түрлерін атқарасыз. Сонда көз алдыңызда шаруалардың орындалу реті айқын көрініп тұрады да, орындау жеңілдей түседі.   

Франклин пирамидасы

Бұл әдісті тектен-тек Франклин пирамидасы деп атамайды. Себебі мақсат қою және оны іске асырудың аталған тәсілін Бенджамин Франклин өзі ойлап тапқан. Оның ішінде алты бөлім бар: 
•    Негізгі өмірлік құндылықтар;
•    Көлемді мақсаттар;
•    Мақсатқа жету үшін жасалатын бас жоспар;
•    Алдағы 3-5 жылға арналған ұзақ мерзімдік жоспар;
•    1-12 айға арналған орташа мерзімдік жоспар;
•    Бір күнге немесе аптаға арналған жоспар.
Енді бұл жүйе қалай жұмыс істейтініне тоқталсақ. Бір қарағанда, біртүрлі көрінуі мүмкін. Әрі өмірде өзгеріс көп болатындықтан, мұны жасау қаншалықты тиімді дерсіз. Дегенмен мәселе мұнда емес. Пирамиданың табанында өмірлік құндылықтар тізіледі. Ал құндылық әркімде әр түрлі. Айталық, біреулер бұл жерге отбасы, балалардың өмірге келуін жазса, енді бірі кәсіби шыңға шығуды көздейді. Ал енді біріне бұлардан гөрі ел көріп, жер көрген қызығырақ дегендей. Міне, осы құндылықтарға сай сіздің әр күнге, әр апталық жоспарыңыз түзеледі. Яғни сол маңызды құндылыққа байланысты үлкен мақсатыңызға жету жолында күн сайын қадам басасыз деген сөз. Ыңғайланып отырып алыңыз да, сіз үшін маңызды нәрслерді ойлаңыз. Сөйтіп пирамиданы құрастырасыз.  

Бақа жегізетін тәсіл

Атауынан қорықпаңыз. Ешкім сізді бақаны тірілей жеуге мәжбүрлейін деп жатқан жоқ. Бар болғаны бұл — әдістің атауы. Яғни бақа жеу деген ең маңызды тапсырманы бірінші орындау әдетін қалыптастыруды білдіреді. Бақа — сіздің үнемі кейінге шегере беретін ісіңіз. Мұндай атаудың шығуына Марк Твеннің мынадай сөзі себеп болған: «Егер таң атысымен бақа жесеңіз, күніңіздің қалған бөлігі керемет өтеді. Себебі бүгіндікке ең жағымсыз нәрсе артта қалды». Сондықтан күн сайын кешке ерінбей, шаруаларды тізіп шығыңыз. Оларды маңызына қарай бөлесіз. Алдымен «бақаларды» орындаймыз. Сосын барып қалған кішігірім «майшабақтарды» істейсіз.  

Интеллектуал карта жасау

Әу басында мұндай карталарды ақпаратты есте сақтау үшін қолданатын болған екен. Сөйтіп зерттеу жасаса, ақпаратты берудің графикалық әдісін қолданатын студенттер кәдімгі конспект не кестені қолданатындарға қарағанда материалды 70 пайызға жақсырақ сіңіріп, есте сақтайтыны анықталған. Бұл әдіс қазір трендтегі армандар картасына аздап ұқсайды. Бірақ арман емес, жоспарларды тізуге арналған. Яғни интеллект-картаның көмегімен оқу жоспарын жасауға немесе алда болатын бір шараға арналған тезис істеуіңізге болады. Ол үшін өзіңізге ұнайтын түсті маркер, стикер, түрлі-түсті қаламдар аласыз да, әрмен қарай қиялға ерік беріп, шығармашылыққа «сүңгіп» кетесіз. Ең ортасына басты тақырып жазылады. Сөйтіп біртіндеп тармақтар шығара бересіз. Бастысы, барлық ақпараттың қамтылуы керек. Әдемі әрі түсінікті болуы үшін міндетті түрде түрлі-түсті қаламдар мен маркерлерді қолданыңыз. Сонда анығырақ болады. Сонымен бірге, мидың қабылдауына да осы әдіс оң әсер береді екен. Маңызды істі жүзеге асыру жолында атқарылуы керек шаруалар бір жағы көз алдыңызда тұрады. Керемет емес пе? Әрі орындалғаны не орындалмағаны анық көрініп тұрғанда жоспарыңызды жүйелеу де жеңілдей түседі. Сондықтан шашыраңқы болмас үшін осы сынды тәсілдердің көмегімен бір жолға түсіп алуға болады.    
 

Сондай-ақ оқыңыз