Жыл басынан бері 312 адам суға кеткен
Жыл басынан бері елімізде 312 адам суға кетіп қайтыс болған. Оның 109-ы – балалар. Жалпы 214 адам құтқарылған. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов осындай дерек келтіріп өтті.
«Мұның себептері: өз күшін дұрыс бағаламау, су қоймаларына құлау, мас күйінде шомылу, жүзе алмау, балық аулау кезінде, суға батушыны құтқару кезінде, жүзу құралдарында сырғанау кезінде ережелерді бұзу» дед Бауыржан Сыздықов.
Шомылу маусымы басталғалы бері (1 маусымнан) Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 219 адам, оның ішінде 43 бала құтқарылыпты. 233 адам, оның ішінде 70 бала суға батып, қайтыс болды. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Ақмола, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл облыстарының су айдындарында адамдар қайтыс болған.
Еліміздің су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп практикалық және профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізеді.
Бүгінгі күні еліміз бойынша шомылуға рұқсат етілген 515 орын анықталған. Су айдындарында 5 500-ден астам ескерту белгісі орнатылды. Биыл су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алудың жаңа әдістері мен тәсілдері енгізілген.
«2GIS» картографиялық платформасында барлық өңірлердегі су айдындарында шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындардың деректері орналастырылған.