Тауарды қайтарғанда нені ескеру керек?
Кейде алған тауарымызға көңіліміз толмай, «неге алдым?» деп өкініп жатамыз. Мұндайда заң бойынша ол затты қайтарып, ақшасын алуға немесе басқасына ауыстыруға болатынын есте ұстаңыз. Әрине, бұл ретте ескеру керек бірнеше жайт бар. Нақтырақ бүгінгі материалда айтамыз.
Қазақстанда «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заң бар. Тауарды қайтару мерзімі, шарттары, тәртібі — бәрі-бәрі осы заңмен реттеледі. Былтыр, 2020 жылы бірқатар толықтыру енгізіліп, тұтынушылар құқығына бұрынғыдан да жақсырақ көңіл бөлінетін болды. Ендеше, көп созбай бірден ережелерінен бастасақ. Тауардың сапасына сын келмей тұрса да, жай ғана өзіңізге түсі, пішіні, өлшемі ұнамай қалса қайтара аласыз. Яғни затты қайтару үшін міндетті түрде тігісінің жыртылып, бір деталінің жетіспеуі керек дегендей тәртіп жоқ. Әйтсе де, ескеру керек жайттар бар. Атап айтқанда:
• Алған тауарыңыздың тауарлық түрі бүлінбеуі керек. Бітемелері мен затбелгілері сақталуы керек.
• Оны қолданбаған болуыңыз қажет.
• Сатып алғаныңызды дәлелдейтін құжаттар болуға тиіс.
Осы үш нәрсе болса, сатып алған адам тауарды алған жерге 14 күннің ішінде барады. Осы уақыт ішінде қайтарып үлгеріңіз. Кейде өндіруші не сатып алушы бұдан да ұзағырақ мерзім беруі мүмкін. Әйтсе де, екі апта уақытыңыз анық бар. Затты қайтарам деп шешкен соң, алдыңызда екі таңдау бар. Ол затты түбегейлі қайтарып, ақшасын да қайтарып ала аласыз. Болмаса, басқасына ауыстыруын талап етесіз. Егер ол тауардың бағасы басқа болса, сатып алушы қайта есептейді. Сөйтіп арзандау шықса, қалғанын қайтарады. Қымбат болса, үстіне төлейсіз. Заң бойынша, қайтару мүмкіндігі жоқ тауар түрлері де бар. Олардың қатарына дәрі-дәрмек, медициналық бұйым, шұлық, іш киім, өсімдіктер мен жануарлар, метрлеп өлшенетін тауарлар (мата, кілем, кабель және т.б.).
Енді басқа бір жағдайды қарастырсақ. Мысалы, сатушы сізге ескертпей, дефектісі бар тауарды сатып жіберді. Мұндайда сатып алушы заң бойынша сатушыға немесе өндірушіге барып, тауарға жеңілдік алуға немесе тегін жөндем беруін сұрауға құқылы. Қазақстандық тұтынушының құқығында бәрі анық көрсетілген. Яғни сапасыз тауарды өткізу реті нақты жазылған. Ендеше, тауардың кепілдік берген мерзімі болса, ол уақыт өткенге дейін сатушыға барып, талап ете аласыз. Ал енді мерзім бекітілмеген жағдайда, сатып алғаннан кейін екі жыл ішінде баруыңызға болады. Кепілді мерзім екі жылдан аз болып, тауардың кемшілігі ол мерзім өтіп кеткен соң белгілі болса, сатушы жауапкершілік алуы мүмкін. Яғни ол үшін алдымен тауардың сатып алғанға дейін-ақ сапасыз болғанын, дефект екенін дәлелдеу қажет.
Бүгінде онлайн тапсырыспен, пошта арқылы алдыру қарқын алып келе жатыр. Сондықтан бұл мәселені де назардан тыс қалдыруға болмайды. «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңда кепілді мерзім не қайтару уақыты тауар жеткізілген күннен бастап есептеледі делінген. Егер тауарды орнатып, құрып не қосу керек болса, онда сол сәттен бастап есептеледі. Жеткізген күні құру мүмкін болмаса, онда қайтару мерзімі өнімнің жасалған күнінен саналады. Ал енді өндіруші күнін көрсетпей, айын ғана көрсетсе онда өндірілген күн ретінде сол айдың соңғы күні есептелетін болады. Мерзіміне қатысты білуіңіз керек дүниелер осы. Ал қайтаруға қажет құжаттарға келсек, сатушыға тауарын кері өткізу үшін нақты сол жерден алғаныңызды дәлелдеу керек. Ол үшін бар болғаны тауар не фискальды чекті көрсетіңіз. Болмаса, сатып алған кезде жасалған келісімшартты да апаруға болады. Тіпті аталған құжаттың ешқайсысы болмаса да, қайтаруға өтініш бере аласыз. Бірақ оның уақыты ұзақтау әрі қалай болған күннің өзінде сатып алғаныңызды анық дәлелдеу керек. Қалай дейсіз ғой? Заңға сәйкес, сатып алушы фото не видеоматериал, куәгерлер сөзін, сатып алғанын білдіретін өзге де құжаттарды көрсетсе болады. Онлайн сатып алған жағдайда тауарлық-жеткізу құжатын да дәлел ретінде көрсете аласыз.
Дегенмен ең басты құжаттың чек екенін есте ұстаңыз. Егер қолыңызда сол болса, бұлтартпас айғақ бар дей беріңіз. Сол себепті кепілді мерзім өткенше чектерді жинап жүретін әдет қалыптастырсаңыз дұрыс болады. Әсіресе, бағасы қымбат тауар алғанда мұқият болыңыз. Сатып алған кезде сатушы ұмытып кетсе не бермей қойса да талап етуіңіз қажет. Өйткені чек беру — міндеті. Картамен төлесеңіз, қайтарым жасау үшін карта нөмірін, жеке куәлігіңізді, төлқұжат не жүргізуші куәлігін көрсетсеңіз болады. Есте ұстаңыз: қай картамен төлесеңіз, қаражат сол картаға ғана аударылады. Яғни қолма-қол ақша түрінде не басқа картаға аударып ала алмайсыз. Картаға ақша қайтару керек болғанда сатушы сізге тиісті чек береді. Есепшотыңызға ақша түспейінше оны жоғалтып алмаңыз. Себебі ақша картаға бірден түсе қоймайды. Банк 3-10 күн аралығында қайтарады. «Маған дәл қазір керек» десеңіз де, сатып алушы бұл жерде дәрменсіз.
Сатып алушы мен сатушы бір мәмілеге келе алмаған жағдайда істі сот қарайды. 2020 жылдың соңына қарай Қазақстанда тұтынушылар құқығын қорғауға арналған бірыңғай платформа іске қосылатыны туралы ақпарат шыққан. Яғни аталған платформа шағым мен қайтарым процесін жеңілдетіп, автоматтандыруға бағытталады. Қазіргі таңда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай ақпараттық қабылдау жүйесі мынадай принцип бойынша жұмыс істеп тұр: сатып алушы сатушының алдына бармай-ақ, шағымын қалдыра алады. Ол үшін e-tutynushy.kz сайты арқылы өтінім қалдырады. Ол болса, автомат түрде сатушыға бағыттайды. Сатушының арадағы мәселені шешуіне он күн уақыт беріледі. Егер осы уақыт ішінде шағым қаралмаса, онда бұл іске мемлекеттік органдар кіріседі. Осылайша оңтайландырылған жүйемен жұмыс істеуге де болады.
Материал пайда болды деп ойлаймыз. Осындағы біраз ақпаратты есте сақтап, тұтынушы ретіндегі құқығыңызды талап етсеңіз болады. Әрі заңды білсеңіз, сатып алушылар алдамауға тырысады. Бастысы, чектерді сақтап жүру әдетін сіңірген дұрыс. Сонда тез арада мәселені оңынан шешуге болады. Ұнамай қалса, сапасы сын көтермесе сатып алушыға шағымданудан қорқудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайда заң сізді қорғайды.