Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарында індетті жұқтырғандар саны 259-ға жетті. Бұл туралы Анадолу сайты хабарлады.
Бір тәулікте 2020 жылғы Олимпиада ойындары аясында Күншығыс еліне келген тағы 18 адамнан COVID-19 анықталды, деп хабарлады Ұйымдастыру комитеті.
Жаңадан жұқтырғандардың арасында спортшылар жоқ.
Барлық жұқтырғандар карантинге жатқызылды.
Қазіргі Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтуі керек еді. Пандемияға байланысты жарыстар бір жылға шегерілді, олар 8 тамызға дейін жалғасады.
Ұйымдастырушылар ойындарды шетелдік жанкүйерлерсіз өткізу туралы шешім қабылдады, ал жергілікті көрермендерге Жапонияның алты префектурасында, соның ішінде Токиода өтетін олимпиадалық шараларға қатысуға рұқсат жоқ.