Kursiv Research: Елімізде микроқаржы ұйымдарының активтері бір жылда 44,3 пайызға өскен
Дағдарысқа қарамастан, микроқаржы ұйымдарының өсу қарқыны қатты болды. Жалпы алғанда бұл саладағы жағымды динамикаға 2019 жылдың ортасында қабылданып, 2020 жылдың басына қарай күшіне енген «Микроқаржы ұйымдарының қызметі туралы» заңға енгізілген түзетулердегі институттық өзгерістер себеп болып отыр.
Сонымен бірге жағымды динамикаға кризис жағдайында да дамуын тоқтатпаған жекелеген микроқаржы компаниялары да септігін тигізді. Осы ретте Kursiv Research активтерінің көлеміне қарай аталған сектордағы он маңызды ойыншыны анықтады. Байқағанымыз, жаңа технологияларды меңгеріп, өнімдердің алуан түрін қосып, қарапайым микроқаржы ұйымы болып қалмай, алға жылжуды көздейтіндерінің өсу қарқыны қатты екен.
Карантин кезіндегі ахуал
Кредиттік серіктестіктер, ломбардтар мен микроқаржы ұйымдары еліміздегі заңнамаға сәйкес, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын компаниялар болып саналады. Оларды тізумен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айналысады. Қаржы реттеушісінің мәліметтеріне сүйенсек, (2021 жылдың 27 шілдесіндегі лицензиялар тізіміне сәйкес) республикада микроқаржылық қызметпен айналысатын 1 033 ұйым бар.
Табысы аз адамдардың арасында ломбард өте танымал. Себебі кепілді қарызды рәсімдеу жеңіл. Сәйкесінше, саны бойынша мұндай компаниялар көш бастап тұр. Атап айтқанда, 597 немесе 57,8%. Қазақстандықтар басқа адамдарға онша сеніңкіремейді (World Values Survey 2017–2020 зерттеуі бойынша ҚР халқының 77,6 пайызы абай болу керек деп есептейді), ал бес қазақстандықтың төртеуінің жинаған ақшасы жоқ (ҚР Ұлттық банк жүргізген сауалнама нәтижесінде). Сондықтан кредиттік серіктестіктер аса көп емес (216 компания немесе 20,9%).
Пандемияға қарамастан өткен жылы микроқаржы ұйымдарының саны едәуір өскен. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 199 ұйым жұмыс істеген болса, биылғы шілдедегі саны 220 болған (немесе микроқаржылық қызмет көрсететін барлық ұйымның 21,3 пайызы). Нарық қатысушыларының айтуынша, жаңа ойыншылар пайда болмаған. Бар болғаны жаңа реттеуге байланысты микроқаржы компаниялары деген түсініктің аясына көршілес салалардағы кәсіпорындар да кірген.
Микроқаржы ұйымдарының саны өскендіктен, активтер де көтерілген. Ұлттық банктің 2020 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сәйкес, 574,2 млрд теңгеге жеткен. Сандарды сөйлететін болсақ, өсім 44,3 пайызды құрап, пандемияға дейінгі үш жылдың орташа шамасы — 41,9 пайыздан көп болып отыр.
Пандемия жылы болса да, қазақстандық микроқаржы ұйымдарының қарыз қоржыны 316,1 млрд теңгеден 463,8 теңгеге өскен (+46,7%). Екі жыл бұрынғы бірдей аралықтармен салыстырып қарайтын болсақ, 10 пайыздық пунктте динамиканың өсу жылдамдығы байқалады.
«Бұрын мемлекеттің бақылауында болып, қадағаланған онлайн кредит беру сынды реттелмейтін сектор дәстүрлі микроқаржы ұйымдарына біріктірілді», – деп түсіндірді «Курсивке» Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығының директоры Ербол Омарханов.
Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы Рамазан Досов әріптесінің пікіріне қосыла отырып, мынадай тағы бір себепті атап өтті:
«Былтыр макроэкономикалық ахуал қиын болса да, ел азаматтары күнделікті тұтыну деңгейін ұстап отыра алды. Соның ішінде, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алу арқылы».
Салаға жағымды ықпал еткен фактордың бірі микроқаржы ұйымдарының 2019 жылдың желтоқсанында қабылданған «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасына қосылуы болды. Жаңа (үшінші) өңдеу кезінде басты назарға шағын бизнес субъектілері, атап айтқанда шағын кәсіпкерлік ілінді. Сол себепті мемлекеттік қолдау пакеті (мемлекеттік кепілдіктер мен мөлшерлемені субсидиялау) микроқаржы ұйымдары арқылы да беріле бастады.
Микроқаржы ұйымдарына қатысты есепте жағымды ғана емес, кері тенденция да байқалды. 2020 жылғы сәуірдің басында төлеу мерзімін 90 күннен кешіктіргендер 3,9 пайыз болса, биыл ол 1,5 есе өсіп 5,9 % болып отыр. Жалпы алғанда қазақстандық микроқаржы ұйымдары коммерциялық банктерге қарағанда неғайбыл борышқа белшеден бата қоймаған. Әрі микроқаржы ұйымдарының кредиттік қоржынының сапасы NPL 90+ көрсеткіші аталған кезеңде 7,1 пайызды көрсеткен ЕДБ-ларға қарағанда әлдеқайда жақсырақ.
Ондыққа кірген ойыншылар
Нарықтағы көшбасшыларды анықтау үшін ҚР Ұлттық банкі тұрақты жариялап тұратын статистикаға сүйене отырып, аквтивтерінің көлеміне қарай сараланды. Ондыққа кіретін компаниялар микроқаржы ұйымдарының жиынтық активтерінің 73,2 пайызын қадағалайды. 2020 жылдың 1 сәуіріндегі нәтижемен салыстырғанда концентрация төмендеген. Ол кезде ондықтағыларға барлық активтің 82,4 пайызы тиесілі болған.
Көш басында бұл салада бұрыннан бері ойып тұрып орын алған, 1997 жылы Талдықорған кәсіпкерлерінің кредиттік одағы ретінде жұмысын бастаған KMF компаниясы тұр. Бүгінде KMF бөлімшелері еліміздің барлық ірі қаласында, он шақты ауылда бар. Осы жылдар аралығында компания қор болып бастау алып, микроқаржы ұйымына айналды. Құрамын шетелдік стратегиялық инвесторлармен кеңейтіп, халықаралық даму институттарынан займ алып, сонымен бірге әлемдік ойыншылардан синдикатталған займдар тарта алды.
Өткен пандемия жылында компания активтерінің көлемі аз ғана төмендеген (–0,34%), бірақ қарыз қоржынын өсірген (3,63%). Бірінші орынды ұстап қалуына осы жылдар ішінде жиналған орнықты қор ғана көмектесті деуге келмейді. Өткен жылы шағын және орта бизнесті аймақтарда қаржыландыру үшін ауыл тұрғындары мен әйелдерге Еуропа қайта құру және даму банкінен — 40 млн доллар, Француз даму агенттігінің (AFD) еншілесі PROPARCO-дан — 15 млн доллар, швейцариялық SIFEM инвестициялық қорынан 10 млн доллар займ тартылған. «Даму» қорымен 5 млрд теңгеге кредит желісін ашу туралы келісімге қол қойылған. Ондағы мақсат — аймақтарда микро және шағын кәсіпкерлікті жеңілдікпен қаржыландыру.
Пандемия ойыншыға микрокредит алуға өтініш білдіріп, оны бөгде коммерициялық банктің картасына түсіруге мүмкіндік беретін мобайл қолданбаны жасап шығаруға ықпал етті. KMF-тің жылдық есебіне қарасақ, 2020 жылдың соңында 150 мың қолданушы қосымшаға тіркелген екен. Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып «жасыл микрокредиттеу» бағыты іске қосылды. Яғни тұрғын үй мен бизнесті энерготиімді материалдар мен технологиялармен модернизациялау үшін қаржыландыруды көздейді.
Қазақстандықтар арасында автонесие өте танымал. Соның арқасында «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан» микроқаржы ұйымы (Toyota Motor Corporation еншілесі) соңғы бірнеше жылда екінші орынды ұстап тұр. Компания активтері — 2,18 пайызға, кредит қоржыны 3,21 пайызға өскен.
Үшінші орында ренкиңнің жаңа ойыншысы — MyCar Finance. Алдыңғы компания секілді бұл да автонесие бағытында жұмыс істейді. Бұл — Mycar.kz стартапының бір бөлігі. Олардың әу бастағы мақсаты Қазақстан бойынша автокөлік саудасына қатысты жеке және коммерциялық хабарландыру беретін ірі агрегатор болу екені баршамызға белгілі. Сервиске бизнесмен Нұрлан Смағұлов қолдау білдіріп, болашақта Kolesa.kz-ке бәсекелес болуды жоспарлап отырғандарын да айтып қалған еді.
Осы ретте ренкиңдегі тағы бір жаңа қатысушыны атап өту керек. Активтерінің көлемі 18,1 млрд теңге болған TAS Finance Group алтыншы орынға жайғасты. Компанияның негізі 2010 жылы қаланған. Ол кезде TAS Credit тауарлар мен алтын бұйымдарды кепілдікке қою арқылы кредит беретін классикалық ломбард түрінде қызметін бастаған еді. 2012 жылы TAS Credit автонесие сынды екінші бағытын іске қосып, араға үш жыл салғаннан кейін қанатын кеңге жая бастады.
Қаржы саласындағы білімі мен тиісті тәжірибесінің арқасында Дулат Тастекеев кешегі ломбардты 2020 жылы TAS Finance Group деген қаржылық топқа айналдырды. 2021 жылдың мамырында компания TAS Credit-ті құжат жүзінде біріктіру процесі аяқталатынын хабарлаған болатын. Алдыңғы жылдары компания Қазақстанның 24 қаласынан — 33, Мәскеуден 3 филиал ашып үлгерді. 2019 жылы қатысушылар кредитке инвестиция құятын Mintos халықаралық алаңына шықты.
Осы жылдың бірінші тоқсанының соңында TAS Finance Group клиенттерінің саны 19 мыңнан асты. Бүгінде компаниялар тобы жеке және заңды тұлғаларға арналған микрозаймдардан бастап, лизинг және сақтандыру сынды түрлі қызмет ұсынады.
TAS Finance Group-тің скорингті жеке IT-платформасы бар. Әрі микрозаймды айналдырған жарты сағат ішінде рәсімдеуге мүмкіндік жасалған. Негізін қалаушының ойға алғаны — Қазақстаннан тыс жерде де бәсекелесе алатын, жоғарытехнологиялық инновациялық қаржылық компания қылу. Алдағы уақытта Өзбекстан мен Индонезия нарығына шығу туралы жоспары бар.
ROA мен ROE
Үздік ондықты анықтау үшін микроқаржы ұйымдары несиелендіру тиімділігі, активтерінің жинақталған (ROA) және жеке капиталдың табыстылығы (ROE) сынды сапа көрсеткіштері бойынша сараланды. Бұл жерде табыс ретінде ҚР Ұлттық банкі жариялаған «Бөлінбеген пайда» (өтелмеген залал) көрсеткішінің мәні алынды.
Микроқаржы ұйымдарының несие қоржынының активтерге қатынасы түрінде есептелетін несиелендіру тиімділігі бойынша үздік бестігі былайша орналасты. Бірінші орында — MyCar Finance (98,87%), екінші орында — «Шинхан Финанс» (97,23%), үшінші орын — «Арнұр Кредитте», төртінші орынға TAS FINANCE GROUP (89,22%) жайғасса, бесінші орын — KMF (87,76%) еншісінде. Жалпы алғанда көш бастап тұрған ойыншылар негізгі қызметке басымдық береді. Өйткені активінің басым бөлігі кредиттік қызметке бағытталған.
ROA коэффициенті (табыстың активтер сомасына қатынасы) дегеніміз — займдық қаражатты қосқандағы өз мүлкін қаншалықты өнімді пайдаланатынын көрсететін қаржылық көрсеткіш. Бұл коэффициент бойынша ірі компаниялар былайша жайғасты: Creditum (17,00%), Lending and Financy technologies (11,37%), TAS FINANCE GROUP (6,08%), «ОнлайнКазФинанс» (4,90%) және KMF (2,24%).
ROE коэффициентінің активтердің табыстылығынан айырмашылығы сол — ол акционерлік капиталдың ғана тиімділігін бағалайды (табыстың жеке капиталға қатынасы түрінде есептеледі). Бұл көрсеткіш бойынша көш басында мына компаниялар тұр: Creditum (67,55%), «ОнлайнКазФинанс» (38,66%), Lending and Financy technologies (33,11%), TAS FINANCE GROUP (24,58%) және MyCar Finance (10,56%).
Осы жинақталған ROA және ROE көрсеткіштері бойынша мынадай жалпылама қорытынды жасауға болады: айтарлықтай көлемді активтері мен жеке капиталы бар, үздік ондыққа енген компаниялардың бөлінбеген пайдасы әлдеқайда төменірек. Яғни олар барынша тұрақты даму кезеңінде ол қаражат не жеке капиталға кетеді, не акционерлер арасында үлестіріледі. Егер нарықтың барлық қатысушысы Қаржы есебінің халықаралық стандартына сай қаржылық есепті жариялап отырғанда, ойыншыларға қатысты анағұрлым сапалы анализ жасауға мүмкіндік болар еді.
Институцияландыру тренді
Айтқандай, «Микроқаржы ұйымдары туралы» заңға енгізілуі керек өзгерістердің негізі 2019 жылы қаланған еді. Былтыр сол құрылымдық өзгерістер жалғасын тапты. Айталық, микроқаржы ұйымдарына биржаға облигациялар шығару құқығы берілді. Бұл мүмкіндікті 2019 жылдың желтоқсанында TAS Finance Group қолданып, АХҚО эрисдикциясындағы (AIX) алғашқы микроқаржы ұйымы болған еді. Компания AIX-ке 20 пайыздық купон мөлшерлемесімен құны 4 млрд теңге болатын екі жылдық облигацияларды орналастырған болатын.
Былтыр биржадан орын алғандарға келсек, R-Finance (AIX; 10 млн долларға бес жылдық бондтар, жылдық мөлшерлемесі — 7%), «Бастау Агро Финанс» (AIX; көлемі 6,6 млн доллар болатын екі жылдық бондтар, купон мөлшерлемесі — 5,5%), «Кредит Time» (KASE; 500 млн теңгеге екі жылдық облигациялар, купон мөлшерлемесі — 20%) және ренкиң қатысушысы – «ОнлайнКазФинанс» микроқаржы ұйымы. Бұл компания биржаға қазақстандық юрисдикциямен шықты. Былтырғы тамыз айында компания 4 млрд теңгеге екі жылдық бондтарын 19% жылдық мөлшерлемемен шығарып, KASE-ден орын тепкен еді. Сол жылдың қыркүйегінде AIX-те екі жылдық облигацияларды орналастырды. Олардың құны — 7 млн доллар, купон мөлшерлемесі — жылына 9%.
Ербол Омархановтың айтуынша, 2020 жылы микроқаржы саласында ірі құрылымдық өзгерістер болған. Бірінші кезекте, бұл реттеушілік әсердің ықпалы, микроқаржы ұйымдары қызметінің құқықтық режимінің күшеюі, оларға қатысты лицензиялау процедурасын енгізу, микроқаржы ұйымдарын қаржы жүйесінің толыққанды қатысушысы ретінде қаржы ұйымдарының қатарына қосу сынды микроқаржы нарығы ландшафтысын модификациялауға байланысты.
«Біздің қауымдастық банктік емес кредиттік ұйымдардың мемлекеттің бақылау-қадағалау функцияларының периметріне қосылуына оң көзқараспен қарайды, — дейді Омарханов. — Себебі бұл — несиелендіру саласына тәртіп орнатуға бағытталған өзгерістер. Осылайша ашықтық көбейеді, кредит берушілердің жауапкершілігі артады, тұтынушылардың құқығы қорғалады».
2020 жылы коммерциялық банктер секілді микроқаржы ұйымдары да ТЖ кезінде зардап шеккен клиенттеріне қарызын кейінге шегеруге мүмкіндік берді. «Микроқаржы ұйымдарының қызметі жеке немесе мемлекеттің көмегінсіз қарызға алынған қаражаттың есебінен жүретінін ескерсек, кредит қоржынын нақты «қатырып» қою микроқаржы секторының қаржылық тұрақтылығына жағымсыз әсер етті», – дейді сұхбаттасушы.
Микроқаржы ұйымдарына «арзан» ақша жетіспейді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2021 жылы салада тәртіп орнатуын жалғастырды. Мәселен, биылдан бастап реттеушінің лицензиясын алған ұйымдар ғана микрокредит бере алатын болды. Сонымен бірге осы жылдың мамыр айынан бері микроқаржы ұйымдары сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін жарнамада көрсетуге міндеттелді. Әрі реттеуші қарыз беру туралы келісім шарттың мазмұны мен міндетті шарттарына қатысты талаптар бекітті.
Реттеуші азаматтардың мерзімі кешіктірілген төлемдерін реттеудің міндетті құқықтық режимін жалпыға бірдей етіп енгізді. Одан бөлек, микроқаржы ұйымдары несие бюросына берілген кредиттер бойынша атаулы мөлшерлеме мен сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі туралы ақпарат беруге міндеттелді.
«Осылайша сала реттелмейтін қатынастардың көлеңкесінен шығып, құқықтық ортаға енді. Бұл болса, кредиторларға да, қарыз алушыларға да оң әсер етеді», – дейді Рамазан Досов.
Микроқаржы ұйымдарына айыпақы мен сыйақы есептеу арқылы табыс табуға рұқсат етілді. Дегенмен оларға комиссиялар мен микрокредит беру, қызмет көрсетуге қатысты өзге де төлемдерден пайда көруге тыйым салынды. Ал банктерге бұл жағынан рұқсат берілген.
«Бұл дегеніміз микроқаржы ұйымдарына тең жағдай жасалмай отырғанын көрсетеді. Әрі кредит беру нарығында реттеуші төрелікті тудырады», – деген пікірде Ербол Омарханов.
Спикердің айтуынша, микроқаржы ұйымдарын аяқтан тартып тұрған факторлардың бірі —бұрыннан бері айтылып жүрген проблема — ел ішінде қолжетімді қорландырудың жоқ болуы. Сондықтан қазақстандық микроқаржы ұйымдары шетелдік кредиторлардан қаражат алады. Сұхбаттасушының сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы барлық микрокредиттің он мың теңгесінің тоғыз мыңы — шетелден алынған қарыздың есебінен.
Десек те, шетелдік қаржы ағыны дағдарыста тартылып қалуы мүмкін. Бұл болса, сектордың тұралауына әкеліп соғады.
«Бірнеше жылдан бері біздің қауымдастық микроқаржы ұйымдарын қаржыландырудың ішкі қолжетімді механизмдерін құру мәселесін көтеріп келеді. Соның ішінде апекстік қор арқылы қаржыландыру, — дейді Омарханов. — Әзірге аталған мәселе шешімін таппай отыр».