Павлодарлық зауыт қызметкері Орбұлақ шайқасын ағашқа ойып салды

Жарияланды
Бұл жұмысын дайындауға екі жылдан астам уақытын жұмсады

Павлодарлық Олег Попов қарағай ағашын ойып, төрт бөліктен тұратын «Орбұлақ шайқасы» композициясын дайындады. Қарапайым зауыт қызметкерінің мұндай идеяны іске асыруына тарихи мәліметтер әсер еткен көрінеді. 

«1643 жылы Орбұлақ өзенінің маңында Жәңгір хан бастаған 600 жауынгердің жаудың 50 мың қолына төтеп бергені тарихтан белгілі. Қазақтың батырлары Жәңгір хан ойлап тапқан жаңа әдіс – жертасаны қолдану арқылы жеңіске жетті. Яғни, сарбаздар жерден қазылған бекініс арқылы жауға қарсы шықты. Сондай-ақ, бұл шайқаста қазақтың жауынгерлері алғаш рет оқты қаруды қолданған деседі. Осы оқиға менің ағаштан сурет оюыма әсер етті», – дейді Олег Попов. 
Павлодарлық тұрғын ені бір жарым метр болатын жұмысты дайындауға 2 жыл 7 ай уақытын сарп етті. Оның айтуынша, «Орбұлақ шайқасын» суреттеуде картинаны бояу қиынға соқты. 

«Менің кәсіби білімім жоқ. Сондықтан көркемсурет мектебінің ұстазы Ольга Ловынинаның онлайн-режимде берген ақыл-кеңестеріне құлақ түрдім. Бейнелерді ағаштан ойып салуға бір жарым, ал оларды бояуға бір жылдан астам уақыт кетті. Қаладағы барлық дерлік дүкендегі бояуларды сатып алдым. Бұл жұмысқа әр беру үшін ондаған литр бояудың түр-түрі пайдаланылды», – дейді шебер.

 
Олег Поповтың негізгі мамандығы – болат құюшы. Ол облыс орталығындағы «KSP Steel» зауытында еңбек етеді. Жұмыстан қолы қалт еткен кезде сүйікті ісі – ағаштардан мүсін дайындаумен айналысады. Болат құюшының бұл қызығушылығын байқаған зауыт басшылығы қолдау білдіріп, осыдан бес жыл бұрын кәсіпорын ішінен шеберхана ашып берді. Материалдарды сатып алуға қажет қаржыны да қарастырады. 
Шебердің кезекті туындысы – «Орбұлақ шайқасының» ендігі «тағдыры» осы кәсіпорынның кеңесінде шешіледі. Ол музейлердің біріне орналастырыла ма, әлде зауытқа сән бере ме – әзірше белгісіз. 
 

Сондай-ақ оқыңыз