Желіде сатып алудың көптеген артықшылықтары бар: ыңғайлылық, уақытты үнемдеу, таңдаудың ауқымдылығы, бағаларға мониторинг жасау және салыстыру мүмкіндігі, сондай-ақ қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, көпшіліктің денсаулығы үшін қауіпсіз болатын кезектердің болмауы. Алайда, киберқауіпсіздік пен Желідегі алаяқтық мәселелеріне қатысты кемшіліктер де бар. Сондықтан онлайн режимінде кез келген қаржылық операцияларды жасау кезінде екі есе қырағы болыңыз.Бұл туралы fingramota.kz сайты хабарлады.
Қаржы алаяқтары онлайн-платформаларға да бір қарағанда, қауіпсіз болып көрінуі мүмкін өз тұзақтарын құрады. Бұл, былайша айтқанда, «бір күндік сайттар». Сатушылар сатып алушыларды түрлі акциялармен, төмен бағалармен қызықтырады, алайда интернет-дүкеннің сайтында оның заңды мекенжайы, иелері және басқа да маңызды мәліметтер туралы деректер болмайды.
Зиянкестер клон-сайттарды, мысалы, танымал онлайн-дүкендердің көшірмелерін жасай алады. Фишинг беттер сіздің дербес деректеріңізді, оның ішінде төлем картасының деректемелерін шығару үшін арнайы жасалған.
Қаржылық тұзақтарды әлеуметтік желілерде, тауарлар немесе қызметтер туралы жалған пікірлері бар форумдарда, сондай-ақ сатып алу-сату туралы жеке хабарландырулар сайттарында кездестіруге болады, онда алаяқтар тек сатушылар ғана емес, сатып алушылар да болады.
Өзіңізді қаржы алаяқтарынан қорғау үшін мынадай қарапайым қауіпсіздік қағидаларын басшылыққа алу қажет:
1. Сайттың доменіне назар аударыңыз. Ол «https:/» деп басталуға тиіс, ал қорғалмаған сайт «http:/» деп басталады.
2. Төмен бағалар, сондай-ақ аса үлкен жеңілдіктер дегенге қызығып, сақтық шараларын ұмытпаңыз.
3. Қандай жағдай болмасын алдын-ала ақы енгізбеңіз және өзіңіздің жеке деректеріңізді, төлем картасының деректемелерін, әсіресе, сырт жағындағы үшмәнді кодты бермеңіз.
4. Тауарды қайтару қағидаларымен мұқият танысыңыз.
5. Жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін қоса алғанда, өзіңіздің дербес деректеріңізді ешқашан дауыстап айтпаңыз және бөтен адамдарға жібермеңіз.
6. Дербес ақпаратты беру талап етілетін күмәнді интернет-конкурстарға және лотереяларға қатыспаңыз.