2021 жылдың шілде айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 102,6 кг 2410 өлшенген құйма сатып алды.Бұл туралы Ұлттық банк баспасөз қызметі хабарлады.
Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосты. Бағдарлама жүзеге асқалы жалпы салмағы 2,2 тонна 60 378 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалардың бес түрі ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылымдағы үлесі 30% – 17 868 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 13 417 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 11 910 дана (20%), 5 грамдық құйма – 9 842 дана (16%), 50 грамдық құйма – 7 341 дана (12%). Негізінен, өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие.
Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды «күнбе-күн» сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр.
Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамамен шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар, құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн.
Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jusan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.