Capital Bank салымшыларына 1,4 млрд теңге төленді

Жарияланды (жаңартылды )
ҚДКБҚ салымшылар алдындағы міндеттеменің 85 пайызын орындаған

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Еуразиялық банк арқылы «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына 1,4 млрд теңге төлеген. Бұл қаржы банк салымшылары алдындағы міндеттеменің 85%-ын құрайды.  Кепілдік берілген өтемді төлеу 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін жалғасады.

Агент банк кепілдік берілген өтемді алу жөніндегі өтінішті тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғана емес, Қазақстанның басқа да елдімекендерінде орналасқан бөлімшелері арқылы қабылдайды. 

Агент банктің бөлімшесіне баратын салымшының қолында жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек. Егер салымшының орнына басқа адам (сенімхат бойынша өкіл, мұрагер, басқа да құқық иеленуші) өтініш берген жағдайда агент банкке: сенімхат, мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе басқа да құқық белгілеуші құжаттар ұсынылады. 

Кепілдік берілген өтем банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының депозиттеріндегі қалдық сома шегінде төленеді. Бұл ретте кепілдік сома:
теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден; 
шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды.

«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшысының банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, Қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша белгіленген лимиттер ескеріледі. Мысалы, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті сома жоғарыда көрсетілгеніндей валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды.

Айта кетейік, Capital Bank Kazakhstan» АҚ банктік және өзге де операциялар атқару, сондай-ақ, бағалы қағаздар нарығында қызмет етуге берілген лицензиясынан биыл 25 маусымда  айырылған еді. 

Қаржы нарығын реттеуші органның хабарлауынша, банкті лецензиясынан айыруға:
–    банктік пруденциялық нормативтерді және басқа да сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде  бұзуы; 
–    қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде орындамауы;
–    банктің ірі акционері уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамауы себеп болған.
 

Сондай-ақ оқыңыз