«Бастау Бизнес» жобасына қалай қатысуға болады?

Жарияланды
Шағын және орта бизнес экономиканың маңызды арнасына айналып келеді

Соңғы уақытта экономиканы қаржыландыруға микроқаржы ұйымдарының араласа бастағаны белгілі. Қазіргі кезде бір орында тұралап қалған ел экономикасының тамырына қан жүгірту үшін «Бастау Бизнес» жобасының маңызы зор болып тұр. Жоба қолға алынған 2016 жылдан бері жоба аясында 151 мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққан. 

Соның 40 мыңнан астамы өз кәсібін ашқан. Осы 40 мың адамның 36 пайызы микронесие, өзге 64 пайызы «Еңбек» бағдарламасы бойынша гранттық қаржыландыру есебінен шаруасын дөңгелеткен.  Ашылған кәсіптердің 60 пайызға жуығы ауыл шаруашылығына қатысты болса, қалғандары қызмет көрсету, сауда, өндіріс секторларына тиесілі. 

4 жыл ішінде 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. 2020 жылы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жоба қысқа мерзім ішінде онлайн режимге ауыстырылған. 

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, 2021 жылға 30 мыңнан астам жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланған. Жоспар қазірдің өзінде асыра орындалыпты. 

«Атамекен бізге «Бастау бизнес» түлектерінің жобасын оқытуға, қаржыландыруға және кейіннен сүйемелдеуге мүмкіндік беретін экожүйе құруда. Республиканың 14 облысында және Шымкент қаласында өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен микроқаржы ұйымдарын құрудамыз. Бұл жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асырылып жатыр. Биыл 22,5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған. «Бастау бизнес» жобасының 5 мыңнан астам тыңдаушысы қамтылады. Түлектерімізді ғана несиемен тікелей қамтамасыз ететін микроқаржы ұйымдарын аштық. Экономиканың қалған секторларын іске қосуды жоспарлап отырған жоқпыз» деп нақтылады спикер. 

Мұндай қаржылық көмекке NEET санатындағы жастар, көп балалы және аз қамтылған отбасылар, еңбекке қабілетті мүгедектер, қандастар үміткер бола алады екен. 

Ал мұндай несиені алу үшін қандай кепілдіктер болуы керек? Мәселе кепілдік мүлік туралы болып отыр, өйткені бұл мерзімділік және қайтарымдылық қағидаты бойынша қайтарымды қаражат болып табылады – деп жауап берді микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Ринат Кемешов.

«Біз тиісті түрде тіркелген және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жылжымайтын және жылжымалы мүлікті кепілге қабылдаймыз. Бұл тұрғын үй, қойқора, автомобиль және басқа көлік құралдары мен ауыл шаруашылығында қолданылатын техникалық құралдар болуы мүмкін. Бірақ бұл мүлік қосымша қолдау ретінде қабылданады. Негізгі кепіл – жылжымайтын мүлік және басқа да өндірістік үй-жайлар. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің құрылтайшысы мемлекет болып табылатын заңды тұлғалардан кепілдіктер қабылданады» деп түсіндірді сарапшы. 

Алайда, несие алушылар үшін айтарлықтай шектеулер жоқ. Ұсынылып отырған қаржыландыру – өңірлерде ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін неғұрлым тиімді құралдардың бірі, өйткені екінші деңгейдегі банктер экономиканың осы секторына салым сала алмайды. Тәуекелдер өте жоғары. «Бастау бизнес» бойынша қаражат жылдық 6%-бен беріледі, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны бір жылға дейін қайтару бойынша жеңілдікті кезең бар. Бұл әсіресе ауылдағы кәсіпкерлерге тиімді, өйткені ауыл шаруашылығы белгілі бір циклдік сипатқа ие.

Микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеу департаменті өкілінің айтуынша, жалпы көлемі 3,5 млрд теңгеге 600 астам өтініш келіп түскен. Олар 11 күннің ішінде қаралмақ. 

«Ауылдық жерлерде жалпы сомасы 7 млн теңгеге дейін несие беріледі. Оның ішінде қалалық аумақтарда 18 млн теңгеге дейін, Шымкент, Атырау, Ақтау елді мекендерінде 23 млн теңгеге дейін несие беру қарастырылған. Несие 6 пайызбен 5 жылға дейінгі мерзімге, ал ауыл шаруашылығы саласында жүрген азаматтарға 7 жылға дейін беріледі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық саласындағы жемшөп өндірісінде мал өнімдерін дамытатын шаруа қожалықтарына 1 жылға дейінгі жеңілдіктер бар» деді департамент директоры бұл қолайлы шарттардың ауыл шаруашылығы саласындағы және шалғай аймақтарда жатқан шаруа қожалықтарының, кәсіпкерлердің дамуына зор үлесін қосатынына үмітін білдіре отырып.  

Оның айтуынша, кепілзат ретінде мүліктің барлық түрі қабылданады. 

«Бастау Бизнес» жобасына қалай тіркелуге болады?

Ол үшін алдымен жеке куәлігімен жолдама алып, atameken.co сайтына тіркеледі. Оқу мерзімі – 21 күн. Осы уақыт ішінде қатысушылар 50 видеожазба көреді, түрлі бағыттар бойынша 12 модульдік сабақ өтеді, көбіне менеджмент, маркетинг саласы, салық төлеу бойынша оқыту жүргізіледі, электрондық коммуникациялар туралы айтылады, бизнес жоспар жазу үйретіледі. 

Тіркелгенде бірінші кіріспе тест тапсырады. 80 сабақ өтеді. Ал қорытынды тестке өткеннен кейін оларға бизнес конструктор ашылып, сол жерде бизнес тренерлердің сүйемелдеуімен бизес жоспар жазады. Одан кейін жартысы грант иеленеді, жартысына несие алуға мүмкіндік беріледі. 

Сондай-ақ оқыңыз