Жаңалықтар

Балаларды онлайн-алаяқтардан қалай сақтауға болады?

Ересектердің өзін екіойлы ететін фишинг тәсілдеріне шолу

Қазіргі таңда фишинг күшейіп тұр. Яғни онлайн-алаяқтар қалайда сізден ақша суырып алу үшін түрлі тәсіл ойлап табады. Бірде банк менеджері болып хабарласса, енді бірде жалған сайттарды қақпан қылып қолданады. Естеріңізде болса осыған дейін «Алаяқтар қалай алдайды?» деген тақырыппен жарық көрген материалда соңғы кезде белең алған алдау жолдарына шолу жасағанбыз. Енді алаяқтардың балаларды алдап түсіретін тәсілдеріне тоқталсақ. Алаяқтар қазір банк картасындағы мәліметтерге құмар. Өйткені соларға қол жеткізсе, демек қазынаға кенелді деген сөз. Ол үшін банк картасының нөмірін, құпиясөздерді біліп алуға тырысады. Ересектердің өзін сендіріп, «басын айналдыруға» әбден машықтанған олар енді біртіндеп балаларға көшіп жатыр. Себебі бүгінде кәмелетке толмаған балалардың да ата-анасының есепшотына байланған карталары бар.  

Онлайн-дүкендердің фейк сайттарын ашып алады

Хакерлер де бала сияқты, ойын десе ішкен асын жерге қояды. Бірақ ондағы мақсат әсте көңіл көтеру емес. Виртуал әлемде адамнан сақтық кетіп, қалай алданғанын көбіне сезбей қалып жатады. Айталық, көптен алғыңыз келіп жүрген затты 80 пайыз жеңілдікпен сатып жатқанын көрсеңіз, бала тұрмақ өзіңіз де қызығып кетесіз ғой? Міне, сол схеманы алаяқтар балаларға қолданады. Айталық онлайн-ойын жасап, сол жерде бір-бірімен сөйесіп, танысуға мүмкіндік беріледі. Ойын толықтай тегін болғанымен, ТОП-қа шығу үшін немесе мықтырақ қару-жарақ, киім алу үшін ақша төлеу керек қылып қояды. Осылайша ортақ чатқа әңгіме арасында сілтеме лақтырады. Ештеңеден хабары жоқ бала сілтемені ашып қалғанда, ол фишинг сайт болып шығады. Ақыр соңында телефондағы деректер ұрланады. Мұндай әдіске ересектердің де алданып қалуы мүмкін екенін айттық. Мысалы баласының туған күніне телефон алмақшы болған ата-ана интернеттен бағасын қарайды. Сөйтіп бағасы салыстырмалы түрде арзан әрі кез келген жерге тегін жеткізу қызметін ұсынатын сайтқа тап болады. «Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар» деген осы екен деп бірден осы жерден сатып алуға ұйғарады. Кейде бұл жай ғана айлға болып шығуы мүмкін. Сол себепті жеке деректерді, құпиясөздер мен банк картасының реквизиттерін енгізбес бұрын әлгі сайттың сенімді екеніне нақты көз жеткізу керек.

Тез байып кетудің жолдарын ұсынады

Бала болған соң, ата-анасы берген азын-аулақ ақшаны еселеп, көбейткісі келетіні анық. Ал аяқ-асты сондай жарнама жылт еткенде көрген жасөспірім қалай қызықпасын? Мұндай әдіс арқылы алдап түсіру оңай екенін жақсы білетін алаяқтар барын салады. Ол үшін бар болғаны интернетте оңай әрі тез ақша табуға мүмкіндік беретін жұмыс туралы жарнама жариялайды. Мәтінінде «жасыңыздың нешеде болғаны маңызды емес» деген сыңайлы сөз болады. Бұл балаларды тіпті құштар етеді. Сөйтіп алаяқтар «ақша аспаннан жауатын керемет жобаға» қосылу үшін бастапқыда белгілі бір сома салуы керек деген шарт қояды. Бұл дегеніміз — кәдімгі қаржы пирамидасы. Ал оның тізбегі бойынша, басында үлгергендер ғана пайдаға кенеліп, соңына қарай сұйылып, салған ақшасын жоғалтып, сан соғып қалады. Одан бөлек, күмәнді сайттарға жай ғана тіркелгені үшін ақша беретін әдісті ұсынады. Ол үшін тапсырманы орындап немесе букмекерлік сайтта бәс тігу керек болады. Сөйтіп жастайынан құмар ойындарына қалай тәуелді болып қалғанын бала өзі де сезбей қалуы мүмкін. Бұл — өте қауіпті әдіс. Себебі ойын сияқты басталып, соңында қомақты қаражат ұтқанын айтып, оны шығарып алу үшін комиссия төлеу керек дейді. Ал істің бәрі онлайнда болып жатқандықтан, ол жерде деректерді де сайтқа енгізу қажет. Осылайша карта мәліметтері демде қолды болады. Нәтижесінде не ұтыс жоқ, не ақша жоқ. Бүгінгі балалардың неге қызығатынын алаяқтар жақсы біліп алған. Айталық, соңғы үлгідегі смартфон алғысы-ақ келеді. Бірақ ата-анасы жасы кішкентай екенін, телефон бағасының тым қымбат екенін айтып, алып бермейді. Ал интернет-алаяқтар «Айфонға тез арада ақша жинауды ұсынамыз» деп көзді қызықтырады. Бала ойланбастан сілтеме арқылы өтеді. Одан кейінгі сценарий белгілі: деректер енгізіліп, ол алаяқтардың қолына түседі. Мұндайға тап болмас үшін баламен қаржылық сауат, алаяқтарға алданбау жолдарын жиі талқылау керек. Себебі бірден байып кетуді ұсынатын күмәнді ұсыныстың соңы жақсы болмайды. Бала соны сезе алатындай болсын. Оңай жолмен ақша табуға құмартқаннан гөрі еңбегімен қол жеткізгеннің әлдеқайда дұрыс екенін түсіндіріңіз, ашық талқылаңыз. Қалай бюджет жоспарлауға, үнемдеуге, қор жинауға болатынын айтыңыз. Сондықтан бала кезден қаржылық жоспар жасауға баулыған жөн.   

Өтірік байқаулармен басты айналдырады

Бұл әдіске тіпті ересектер де тап болып шығады. Бергісі — блогерлердің атынан ашылған жалған парақшалар «Сіз ұтыс иегері болдыңыз. Үйіңізге жеткізіп беру үшін мына реквизитке ақша аударыңыз» деп алдайды. Әсіресе, қазір мұндай әдістің тұзағына түсіп қалғандардың есебі жоқ. Ең қарапайым түрі картасына ақша аудартып алып, артынша парақшаны жауып, сонымен бірге өзі де доқ болады. Ал сәл дамыған түрінде ұтыс туралы толығырақ білу үшін сілтеме беріліп, соған деректерді жазуды ұсынады. Артынша құпия ақпараттарға қол жеткізеді. Есіңізде болсын, егер қандай да бір блогер байқау ұйымдастырып, сіз жүлдегер тізімінен табылсаңыз, ұтысыңыз солардың есебінен жеткізіп беріледі. Олар бұл үшін ақша сұрамайды. Әлеуметтік желідегі ұйымдастырылатын байқау, лотолар ойнатылатын сыйлықтың да, жеткізу қызметінің ақысын да қамтиды. Сол себепті алаяққа алданбас үшін блогердің ресми парақшасы ма, соны тексеріп алыңыз.

 

Желіде көмек сұрайды

Аталған тәсіл соңғы жылдары өте көп қолданылып жүр. Атап айтқанда, досыңыз не туысыңыздың атынан аккаунт ашып немесе солардың парақшасын бұзып алып, көмек сұрайды. Мысалы WhatsApp профайлына суретін қойып, атын жазып бірнеше танысының нөміріне қиын жағдайға тап болғанын, бірнеше күнге қарызға ақша керегін айтып қол ұшын беруін өтінеді. Әрине, сақ адамдар ақшаны аудара салмас бұрын әлгі адамның неге жаңа нөмірден жазып тұрғанын, басқа адамның картасына неге аударуын сұрағанын анықтайды. Ал енді бірі ойланбастан жібере салады. Сонымен бірге аккаунтты бұзып алып, ондағы достарына жазатындар бар. Байқатпай хал сұрасып, соңынан қарыз сұрайды. Болмаса сілтеме жіберіп, күмәнді сайтқа жолдайды. Балалар мұндайда еш қауіп сезбеуі мүмкін. Сөйтіп құпия деректер қолды болады. Сол себепті балаларды сақтау үшін ата-ана бақылауы бағдарламасын, антивирус бағдарламасын орнатып қойған жөн. Сіз жоқта баланы қорғауға жақсы әдіс. 

Жалған дос болып алады

Жасөспірімдер қатарластарымен түрлі чатта әңгіме соққанды жақсы көреді. Олардың бұл қызығушылығы алаяқтардың оң жамбасына келетіні сөзсіз. Белгілі бір тақырып аясында ашылған форумдарға қосылып алып, балалардың сеніміне әбден кіріп алатындар бар. Аз ғана уақыттың ішінде айнымас дос болып шыға келіп, берік байланыс орнатады. Тіпті кейде ата-анасының банк картасының алды-артын суретке түсіріп жіберуін сұрайды да, есепшотттан ақша ұрлап алуы мүмкін. Қатарласының рөліндегі алаяқ онлайн-ойындарды шемішкіше шағатын болып виртуал досына ойынды дамыту үшін ақша керегін айтады. Оған сенген бала анасының картасының дерегін айта салуы ғажап емес. Мұндай жағдайға тап болмас үшін әлеуметтік желідегі таныстық әдебін үйрету керек. Сонымен бірге картадан ақша алынған бойда хабарлама келетіндей етіп қойыңыз. Сонда бәрінен дер кезінде хабардар болып отырасыз. Жалпы алғанда балаңызға банк картасын ашып берсеңіз, есепшотына қомақты қаржы салмаңыз. Күнделікті шешуге не жұмсауға болатын соманың шегін белгілеп қойыңыз.