Уақыт өткен сайын вакцина салдыру қажеттілігі күшеюде. Үкімет бұл науқанды «ерікті» деп атағанымен, жұмыс орындары мен түрлі қоғамдық орындар тарапынан туындап жатқан шектеулер бәрібір екпе алуға мәжбүр ететіндей. Тіпті бірінші кезекте, індетті жеңудің жалғыз жолы осы вакцина деп мамандар дабыл қағып жатыр.
Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы шыққаннан кейін әлеуметтік желіде кәсіпорындарда вакцина салдырмаған қызметкерлер бар болғаны үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынады деген ақпарат тарады. Осы мәселенің ақ-қарасын «Атамекен» палатасы анықтап көрген.
«Бүгінде, өкінішке қарай, екпе салдырмаған азаматтардың жұмысқа барғанын анықтаудың бірыңғай алгоритмі жоқ. Бұл фактілерді кім және қалай анықтайтыны белгісіз. Сонымен қатар, ерекше жағдайлар бар – соңғы үш айда COVID-19 жұқтырып ауырған адамдар, медициналық рұқсаты бар азаматтар жұмыс орындарына жіберіледі. Мұндай тұлғалар туралы мәлімет көрсетілген ақпараттық база жоқ. Бұл мәселе де ашық күйінде қалып отыр. Мұның бәрі кәсіпорындарда вакциналанбаған фактілерді анықтау үшін ескерілуі керек» дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Өстеміров.
Біз бұл мәселені денсаулық сақтау министрлігімен пысықтаймыз, біздің міндетіміз – адал кәсіпкерлерге қатысты заңбұзушылыққа, тексеруші және мониторинг топтар тарапынан заңбұзушылыққа жол бермеу дейді.
Бас прокуратураның ресми жауабы бойынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің аталған 425 және 462-баптарында вакцина салдырмаған қызметкерлер үшін жауапкершілікке тарту қарастырылмаған.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес, субъект өзіне заңды негізде берілген санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлерінің актілерін орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай актілер тексеру жүргізген жағдайда беріледі. Кәсіпкерлік кодекстің 143-бабы 3-тармағына сәйкес, тек тексеру парақтарында белгіленген талаптар бойынша субъектіге (объектіге) барып, тексеру және бақылау, қадағалауға болады. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық денсаулығы саласындағы тексеру парақтарында екпе егу талабы қарастырылмаған» делінген ведомствоның ресми хатында.
«Сонымен, қызметкерлердің вакцина салдырғанын тексеру үшін құқықтық негіз жоқ» деп мәлімдеді Ербол Өстеміров.
Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша әкімшілік жаза қолдануға негіз жоқ, өйткені бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы нормативтік құқықтық акт болып есептелмейді және заңнамаға қолданылмайды.
Ал мониторинг топтар тек 5 критерий бойынша:
1. жұмыс режимі;
2. отбасылық, еске алу іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуді шектеуге қойылатын талаптар;
3. әлеуметтік қашықтық;
4. бетперде режимін;
5. келушілер санының лимитінен асып кетуін тексеруге құқылы.
«Қызметкерлерді вакциналау мониторинг топ мүшелерінің тексеруіне жататын мәселелер тізіміне кірмейді. Мониторинг топтар тарапынан вакциналау рейдтерін жүргізу заңнамаға сәйкес келмейді» деп атап өтті Ербол Өстеміров.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасының өкілі жұмыс орындарында вакциналанбаған фактілерді анықтау алгоритмінің болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
«Егер сіз заңсыз тексеру фактіне тап болсаңыз, кәсіпорында вакцина салдырмаған қызметкерлер (антиденелері немесе медициналық анықтамасы бар) бар болғаны үшін айыппұл салынса, бірден Өңірлік кәсіпкерлер палатасына немесе прокуратура органдарына хабарласыңыз. Сондай-ақ, Ұлттық палатаның 1432 кол-орталығына қоңырау шалыңыз» делінген «Атамекен» ҰКП хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қызмет көрсету саласының қызметкерлері, сондай-ақ 20-дан астам адам еңбек ететін ірі ұжымдардың қызметкерлері вакцинаның бірінші компонентін 15 шілдеге дейін, ал екінші компонентін 15 тамызға дейін алуға міндеттелді. Кейін кәсіпкерлер бұл уақытқа дейін еңбек ұжымдары екпе салдырып үлгермейтінін мәлімдегеннен кейін вакцина салдыру мерзімі бірінші компонент үшін 10 тамызға дейін және екіншісі үшін 1 қыркүйекке дейін ұзартылды.
Қазір Қазақстанда толық вакцина алған азаматтар саны жалпы халықтың 25 пайызынан асқан. Вакцинаның тек бір компонентін алғандар 7 пайызды құрайды. Our World in data ғылыми онлайн-басылымы сарапшыларының түзген рейтингі бойынша вакциналау қарқыны бойынша 194 елдің ішінде 99-орында тұрмыз. Үш ай бұрын еліміз 60-орында тұрған екен. дегенмен деректерін ашық көзге айналдырған елдер санының 114-тен 194-ке дейін өскенін ескерсек, Қазақстан орта деңгейлі позицияны берік ұстап тұр деуге негіз бар.
Ourworldindata.org мәліметі бойынша (19 тамыз), планетада толық вакциналанғандар 23,8 пайызға жеткен. Дегенмен Қытай туралы мәлімет бұлдырлау болғандықтан шынайы статистика көрсетілген пайыздан сәл жоғары болуы да мүмкін. Орта Азиядағы сөзсіз лидер – Қазақстан. Вакциналау қарқыны бойынша Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдері әзірге біздің қарқынға ілесе алмайды. Түрікменстан әзірге деректерді жария еткен жоқ.
Қазақстан билігі қыркүйек-қазан айына дейін елімізде 10 млн адам вакцина алып үлгереді деп үміттеніп отыр.
«Адамдар жазғы демалыстан шығып, жұмыстарына орала бастайды. Сол кезде вакциналау қарқыны артады деп отырмыз. Бірінші компонентті 6 276 224 адам алса, екінші компоненті 4 913 196 адам алды» дейді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.