Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының алты айдағы жұмыс нәтижесі қандай?

Жарияланды
Азаматтар артық жинағын пайдалануды жалғастыруда

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жанындағы Қоғамдық кеңестің 17-отырысында қордық қазіргі ахуалы, қаржылық жетістіктері, тағы да басқа күн тәртібіндегі мәселелері қаралды. 

Стратегиялық даму департаментінің директоры Камиля Фазылованың айтуынша, 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларының шоттарында 12,8 триллион теңге сомаға зейнетақы жинақтары қалыптасқан. Бір жыл ішінде (01.07.2020-01.07.2021) сома 1 трлн теңгеге немесе 8% дерлік ұлғайған. 

Зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсімі таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді, ол 2021 жылғы 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында 753,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 39% немесе 210 млрд теңгеге артық. Ұлттық Банк басқаруымен БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бастап 1 шілдеге 6,1%, ал инфляция 4,6% көрсетті. Сондай-ақ, салымшылардың жеке зейнетақы шоттары бойынша статистика келтіріліп, салымшылардың белсенділігі талданды, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі, жинақтар сомасы және т. б. құрылымдар назарға ұсынылды» делінген қор хабарламасында. 

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй және емделу үшін мерзімінен бұрын пайдалану, сондай-ақ, зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компанияларға аудару тақырыбы да назардан тыс қалмады. 

Есепке сәйкес, өткен жарты жыл ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) мен ИПБ-ға аударымдар жасауға қол жеткізе алатын салымшылар саны 1,2 млн адамнан 1,3 млн адамға дейін өсіп, бұл ретте қолжетімді сома 2,8 трлн теңгеден 1,9 трлн теңгеге дейін төмендеген. Сонымен қатар, БЗТ пайдалану қарқынының жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда төмендегені атап өтілді.

Баяндама соңында Камилия Фазылова қатысушыларға БЖЗҚ жұмысындағы заңнамалық өзгерістердің іске асырылуы, атап айтқанда: кесте бойынша төлем әдістемесіндегі өзгерістер, талап етілмеген зейнетақы төлемдерін қысқарту, ерікті зейнетақы жинақтарын дамыту, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімнің іске асырылуы туралы баяндап берген.        

Отырыста зейнетақы заңнамасын жетілдіру бойынша, мысалы, мұрагерлерге төлем жасау рәсімдерін оңтайландыру ұсыныс та айтылған. Еске салсақ,  биыл қаңтар айында әділет министрлігі, республикалық нотариаттық палата, ҰБ және БЖЗҚ-ның бірлескен жұмыс кеңесінде 2021-2022 жылдары нотариат туралы заңнамаға, оның ішінде нотариустар «Е-Нотариат» АЖ-ға тіркейтін ақпарат құрамына өзгерістер енгізу туралы келісімге қол жеткізілген еді. Олар бойынша, БЖЗҚ-да мұрагерлердің ЭЦҚ-сы болған жағдайда оларға төлемдерді электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болады. Қазіргі уақытта мәселе мемлекеттік органдар деңгейінде талқылануда.

«Әрине, біздің есеп қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ 2021 жылдың бірінші жарты жылдығы біздің қор үшін өте белсенді болды. Көптеген міндеттер іске асырылды, мысалы – зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге, емделуге және басқарушы компанияларға аудару. Салымшылар мен алушылардың өтініштерінің саны екі есе өсті, мемлекеттік органдармен және қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүйелер интеграцияланды, біз қызметтердің басым бөлігін онлайн форматқа ауыстырдық, сондықтан қойылған міндеттерді бірлесіп орындадық деп санаймын» деді «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов.

Зейнетақы активтерін есепке алу және есептілік департаментінің директоры Зарина Байғалиева 2016-2020 жылдардағы комиссиялық сыйақының төмендеуіне тоқталды. Қазақстандағы комиссиялар құны басқа елдерге қарағанда айтарлықтай төмен екені де атап өтілді

Жанат Құрманов өткен жылдар ішінде БЖЗҚ-ның комиссиялық сыйақысы айтарлықтай төмендегенін және өткен 2020 жылы өзінің ең төменгі деңгейіне жеткенін атап өтті. Бұл ретте заңнамаға өзгерістер енгізілді, оған сәйкес 2021 жылдан бастап БЖЗҚ зейнетақы активтерінен 0,01% мөлшерінде ғана комиссиялық сыйақы алмақ. Инвестициялық кірістен комиссиялық сыйақыны Ұлттық Банк сенімгер басқарушы ретінде және инвестициялық портфельді басқарушылар белгіленген мөлшерлемелерге сай алады.

Бюджетті жоспарлау және бақылау басқармасының бастығы Айгүл Жүсіпованың баяндамасында қордың 2016-2020 жылдардағы әкімшілік шығыстарының төмендеу серпіні атап өтілді. Бизнес-процестерді оңтайландыру, цифрлық қызметтерді енгізу, өңірлік желіні қайта қарау нәтижесінде шығыстар осы кезең ішінде 1 292 млн теңгеге немесе 10% қысқарған, оның ішінде қызметкерлерге арналған шығыстар 1 262 млн теңгеге немесе 14% қысқарыпты.

«Егер кез-келген компанияны қарастыратын болсақ, онда оны қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындар, ең болмағанда, дағдарысқа (тауарлар мен қызметтер бағасының көтерілуі) сай өсуі керек. Сондықтан БЖЗҚ жаңа міндеттер мен тапсырмаларға қол жеткізген кезде, біз оларды шығыстардың механикалық өсуімен емес, электрондық қызметтер мен автоматтандыру сияқты технологиялық шешімдерді енгізу арқылы жабуға тырысамыз. Сондықтан біз сапаны төмендетпей, шығындарды оңтайландыру бойынша үнемі жұмыс жасаймыз. Жағдай ұдайы бақылауымызда, шығыстарымыз алынатын табысымызбен сәйкес және біз қатаң түрде Директорлар кеңесі бекітетін бюджетпен жұмыс істейміз» деп атап өтті Жанат Құрманов.

Сондай-ақ оқыңыз