Чарджбэк деген не?
Қолма-қолсыз есеп айырысып, ақыры тауар сәйкес келмесе не тіпті үйіңізге жеткізілмесе, онда ақшаны қайтарып алуға болады. Бұл тәсілді «чарджбэк» дейді. Мысалы такси шақырып, жүргізуші келмей қойса, бірақ банк картаңыз байланғандықтан қаражат шотыңыздан шешілуі мүмкін. Сол сияқты смартфон арқылы төлем жасағалы жатқанда жүйе қатып қалып, бір емес, екі рет төленіп кетті делік. Электронды сауда әлемінде осындай жағдайларда мәселені шешетін сhargeback бар. Мұны түсінікті тілде төлем қайтарымы дейміз. Яғни картада жасалған операция бойынша клиент келіспеген жағдайда банктің қаражатыңызды қайтару процесі.
Бұл қандай процедура?
Чарджбэкте екі тараптың қатысы болады: біріншісі — алушы (сауда нүктесі, интернет-дүкен), екіншісі — банк-эквайер (POS-терминалдар немесе импринтерлер арқылы төлем қабылдайтын тарап) және картаны шығарған банк-эмитент. Мұндай процедура Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйесінің барлық қолданушысына қолжетімді. Сол себепті банктер ұстануы тиіс қатаң регламент бекітілген. Былайша айтқанда, сатып алушы мен сатушының арасында келіспеушілік туғанда төрелігін айтатын — чарджбэк. Егер карта иесі басқа біреудің картасына шатасып ақша жіберіп қойса немесе алаяқтарға алданса, бұл әдіс арқылы ақшаңызды қайтару мүмкін емес. Осыны ескеріңіз.
Енді қайтарым жасау схемасына келсек. Тауар сапасына көңілі толмаған сатып алушы ақшасын қайтару үшін алдымен сол қызметті не тауарды сатқан жерге хабарласатыны белгілі. Егер олардың тарапынан еш қимыл байқалмаса, банкпен байланысып, чарджбэк процедурасын жүргізуді сұрайды. Егер қайтарым жасауға толық құқылы болсаңыз, банк клиентінің қаражатын қайтаруға кіріседі. Яғни тексеріс жасалған соң сіздікі дұрыс екені анықталса, сатушының есепшотынан тиісті соманы шешіп алып, төлем жүйесі арқылы сатып алушының банкіне жолдайды. Осыдан соң қайтарылған сома есепшотқа түседі. Бұл процедураның ережесі мен мерзімін төлем жүйесі белгілейді.
Қандай жағдайда чарджбэк жасауға болады?
Төлем жүйелері мен банктер қандай жағдайда төлемді қайтаруға болатынын бекітеді. Жалпы алғанда ең кең таралғандары мыналар:
• Тауардың ақшасы төленіп, бірақ затты алмаған болсаңыз;
• Сатушы тапсырыс берген тауарды емес, басқасын шатасып салып жіберген. Болмаса, ақауы бар не жарамсыз тауар келген болса. Сіз тауарды қайтардыңыз, бірақ қаражатыңыз қайтпаса;
• Тауардың не қызметтің ақысын артық алып қойса. Бірақ бұл ретте қандай валютада төлеп жатқаныңызды ескеру керек. Шетелдік сайттан тапсырыс берсеңіз, екі ортада конвертация салдарынан басқа сома шығуы мүмкін. Ал егер бірдей валютада аударылған болса, артық алмауға тиіс.
• Кейде сатушы қателесіп ақша шешіп алуы мүмкін. Мәселен, онлайн-кинотеатрдың жылдық жазылымын төледіңіз. Негізі «автомат түрде жазылымды созу» деп белгілемесеңіз де, келесі мерзім үшін де ақы алынып кеткен болсын. Картаңыз байланып, осылай ай сайын ақшаны өзі шешіп алатын болса, бірінші баптаулар арқылы шектеу қоюға болады. Ал енді соған қарамастан әлі де тоқтатпаған болса, онда чарджбэк арқылы мәселе шешуге тура келеді.
• Бір тауар үшін екі рет төлем алынған жағдайда. Яғни жүйедегі ақауға байланысты осындай проблема туса, эмитет-банкке хабарласасыз. Қазақстан аумағында жасалған транзакция болса, мәселе екі апта ішінде қарастырылады. Ал шетелде болса, шамамен 40 күндей мерзімді талап етеді. Егер карта арқылы төлеген бойда екі рет төлем алынғанын байқасаңыз, сатушыға демде ескертіңіз. Ол POS-терминал арқылы қайтарымды рәсімдеуі керек. Ал енді кейінірек көрген болсаңыз,транзакция жасалғанына 60 күн өтпей тұрып өтініш жіберуіңіз қажет.
• Қонақүйге брон жасадыңыз. Негізі бармайтын болып қалсаңыз, ол үшін ақша алынбайды деп көрсетілген болсын. Сөйтіп екі ортада бара алмай қалып, ақшаны шотыңыздан шешіп алса.
• Машинаны жалға алдыңыз. Еш жеріне сызат түсірмей қайтардыңыз. Бірақ сервис сізден ақша ұстап қалды. Мұндайда фото не видео түрінде дәлеліңіз болса, ақшаны қайтарып ала аласыз.
• Жалпы алғанда чарджбэк арқылы ақшаны алып, қайтару керек болып қайтармай қойған жағдайларда қолданылады.
Процедура қалай жүреді?
1.Алдымен сатушымен хабарласыңыз. Мәселені екеуара шешуге тырысыңыз. Себебі чарджбэк деген — сатушы тарапынан еш қимыл болмағанда қолданылатын тәсіл. Яғни тауарға қатысты көңілі толмайтын тұсты түсіндіріп, ақшаңызды қайтаруын сұраңыз. Негізі сіздікі дұрыс болса, бұл жерде мәселе болмауы керек. Яғни ақшаңызды кері қайтаруы тиіс. Шағымды жазбаша түрде не электронды пошта, кеңесшімен байланысатын чат арқылы жеткізген дұрыс. Екі арадағы сөйлескен чатты скриндеп алыңыз. Хат жазсаңыз, көшірмесін жасаңыз. Яғни сатушы ақшаңызды қайтарғысы келмесе, бұл сізге кейін дәлел болады.
2.Банкке қайтарым жасауға өтініш жолдаңыз. Сатушыдан жауап ала алмасаңыз немесе ол қайтаруға ниет білдірмесе, банкке бару керек. Сатушының емес, өз картаңызды шығарған банкке барасзы. Картамен жасалған төлемге қатысты қайтарым жасау керек деңіз. Осылайша сізге өтініш үлгісі беріледі. Болмаса, еркін формада шағым жазасыз. Қасына іске қатысы бар құжаттың бәрін қосыңыз. Түбіртек, сатушымен арада болған чат скрині және т.б. Әлгі жауапсыз қалған хаттарды да қосуды ұмытпаңыз.
3.Банк шешімін күтіңіз. Өтінішіңіз қарастырылады. Сөйтіп қаражатыңыздың қайтатыны не қайтпайтыны туралы жауап келеді. Қандай жағдайда қайтармайды? Егер банкіңізде чарджбэк процедурасы болмаса, шағымыңыз чарджбэк ережесі бойынша сәйкес келмесе немесе мерзімі өтіп кеткен соң хабарласқан болсаңыз.
4.Егер шағымыңыз орынды болса, ақшаңыз қайтарылады. Шағым төлем жүйесіне жөнелтіледі де, олар өз кезегінде сатушының банкіне жолдайды. Екі ортада тексеріс жүріп, бәрі дұрыс болса ақшаңызды кері қайтарады. Ал енді ақшаны кері қайтармайтын шешім қай кезде қабылданады? Мәселен қайтарымсыз тарифпен әуе билетін алып, қайтарған болсаңыз сізге қаражаттың қайтпауы әбден заңды.
Қалай қорғануға болады?
Онлайн сауда жасағанда алаяқтарға арандап қалмас үшін мынадай кеңестер беріледі.
• Карта бойынша жасалған барлық операцияны қадағалап отыру үшін смс-банкинг не пуш-хабарлама қосып қойыңыз.
• Сертификатталған интернет-браузерлерді ғана қолданыңыз. Уеб-парақшаның мекенжайы көрсетілетін жолда https деп басталуы керек.
• Банк есепшотының не картаның деректерін электронды пошта арқылы ешкімге жібермеңіз.
• Бағасын шамадан тыс түсіріп тауар сататын сайттарға сенбеңіз.
Негізі интернет-дүкендердің сайтында жария келісімшарт пен қолданушы келісімі орналастырылады. Бірақ көп жағдайда сатып алушылар оны оқып жатпайды. Яғни толық таныспағандықтан, кейде олардың дұрыс деп ойлағаны келісімшартта көрсетілмеген, тиісінше еш жауапкершілік алмауын мүмкіндік беруі ғажап емес. Себебі әу баста келісіп қойған болуыңыз мүмкін. Десе де, тұтынушы құқығын бұзатын болса, онда Қазақстанның заңнамасына сәйкес келісімшарттағы әлгі тармақтарды өзгертуге талап етуге болады. Мысалы Тұтынушылар лигасы Қазпоштадан тауар аларда ұстап көріп, киіп көріп, ұнамаса бірден қайтаруға мүмкіндік беру үшін арнайы кабинкалар орнатқызған еді.