Мемлекеттің бизнесті қолдау тетіктері қаншалықты тиімді жүзеге асып жатыр?
Мемлекет бизнесті қолдау шараларын биыл да белсенді түрде жалғастыруда. Іске қосылғанына 10 жылдан асқан «Бизнестің жол картасы – 2025» (БЖК-2025) бағдарламасы дәл қазіргі сәтте де шағын және орта бизнеске көмек көрсетудің маңызды функциясын атқарып отыр.
Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, БЖК-2025 бизнесті қаржылай, сондай-ақ қаржылай емес жолмен де қолдайды.
«БЖК-2025»-тегі қолдаудың негізгі қаржы құралдары – проценттік мөлшерлемені субсидиялау және кәсіпкерлердің кредиттеріне кепілдік беру, мемлекеттік гранттар беру, сондай-ақ бизнес жобаларына жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу. «БЖК-2025» бағдарламасы шеңберіндегі жеңілдікті кредиттеу жылдық 6% мөлшерлемемен, 5 жыл мерзімге беріледі, кредит сомасы 7 млрд теңгеге дейін, салалық шектеу жоқ. 6% жеңілдікті мөлшерлеме бұрын-соңды болмаған мөлшерлеме инфляцияның ағымдағы деңгейінен және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен айтарлықтай төмен екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап «БЖК-2025» бағдарламасы аясында басым жобаларға несие беру тетігі енгізілді. Көпшілік үшін бұл «Қарапайым заттар экономикасы» (ҚЗЭ) бағдарламасы ретінде белгілі. Бағдарлама халық тұтынатын тауарларды қолдауға бағытталған. ҚЗЭ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын жүктеуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың халық үшін қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді» деп атап өтті спикер.
«Қарапайым заттар экономикасы»
• Несие мөлшерлемесі – 6%;
• Несие сомасы – шектеусіз;
• Субсидия мерзімі – 10 жыл
«БЖК-2025» шеңберінде бизнесті микрокредиттеу бағдарламасы былтыр басталды. Осы бағыт шеңберінде 5 млн теңгеге дейін кредит, инвестициялық мақсатқа 20 млн теңгеге дейін айналым қаражаты беріледі. Бұл ретте 5 млн теңгеге дейінгі қарыздардың басым бөлігі соңғы қарыз алушы үшін 6% мөлшерлеме бойынша кепілсіз негізде ұсынылмақ. Тимур Жақсылықовтың мәліметінше, биыл 7 айда «БЖК-2025» және ҚЗЭ шеңберінде 801,2 млрд теңге сомасындағы 25 мыңнан астам жоба жеңілдікпен қаржыландырылған.
• 603,7 млрд теңге 14,4 мың жоба субсидияланды;
• 200 млрд теңгеге жуық 11 мың жобаға кепілдік берілді;
• Экономиканың зардап шеккен саласында және жалпы кредит сомасы 50 млрд теңгеге жуық 460 астам жоба субсидияланды;
• 62 млрд теңге сомасында 10 мыңнан аса микрокредит берілді.
• «БЖК-2025» бағдарламасы іске асырылған сәттен бастап 10 млрд теңгеден астам сомаға 4 100 аса мемлекеттік грант берілді;
• 160 млрд теңгеден астам сомаға бизнес жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу бойынша 930 жоба іске асырылды.
Айта кетейік, «БЖК-2025» шеңберінде болашақ және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді бизнестің қыр-сырына баулау да қамтылады. Бұл қаржылай емес қолдау түріне жатады. Мұнда й қолдаулардан бөлек үкімет бизнеске жүктемені төмендетуге, сұраныс нарықтарына қол жеткізуді қамтамасыз етуге, жаңа реттеушілік саясатты енгізуге бағытталған бірқатар өзге де шараларды қабылдады.
«2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зардап шеккен салаларда алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді. Наурыздан бастап 300-ге жуық ШОБ жеңілдіктің осы түрін қолдануда. 2021 жылғы 1 сәуірден бастап 1 шілдеге дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықтарды төлеу кейінге қалдырылды. Бұл шараны 900 мыңнан астам жұмысшы еңбек ететін 137 мыңға жуық бизнес субъектісі пайдаланды. 1 шілдеден бастап жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70% мөлшерінде ҚҚС бойынша қосымша есепке алу құқығы берілді, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне ұсынылған қорғау құралдарының құны ЖТС-тен босатылды» деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ Жақсылықов жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары Аshyq қосымшасын енгізу және дұрыс пайдалану жұмысын жандандыруда деп атап өтті.
«Қазіргі уақытта бұл бизнестің кәсіпкерлік қызметтен пайда алу және азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатындағы бизнес-процестерді қайта құрудың жалғыз тәсілі. Бұл жерде кәсіпкерлердің аталған мәселеге түсіністікпен қарауы және жәрдемдесуі қажет. Аshyq-ты пайдалануда бизнестің адал ниеті мен жауапкершілігі маңызды» деді ҰЭМ өкілі.
«Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламары іске қосылғаннан бері олардың аясында несиелердің жалпы сомасы 5,3 триллион теңге құрайтын 68,5 мың жобаға қолдау көрсетілген. Несие мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша жалпы несие сомасы 4,5 триллион теңгелік 44 мың жобаға қолдау көрсетіліпті. Несиелерге кепілдік беру құралы бойынша 24,5 мың жобаға қолдау көрсетілді, олардың жалпы несие сомасы 747 млрд теңгеге тең. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Әлия Ағыбаева осындай деректерді жария етті.
«2021 жылдың 7 айында бағдаламалардың негізгі көрсеткіштері 2020 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда «БЖК – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» аясында кәсіпкерлерді қолдау 2,3 мың жобадан 25 мыңға дейін өскені байқалады. Яғни, 10 еседен артық. Несие сомасы 3 есе артты, 246 млрд теңгеден 740 млрд теңгеге дейін. Мемлекет басшысының пандемия кезінде экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларында микро/шағын және орта кәсіпкерлікке субсидиялар беру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бірінші толқын аясында 746 млрд теңгеге жуық несие сомасына 8 921 жоба мемлекеттік қолдау алды; 2 толқын шеңберінде – шамамен 85 млрд теңге кредит сомасына 2420 жоба мақұлданды; 3 толқын бойынша қор шамамен 277 млрд теңге кредит сомасына 2636 жобаны мақұлдады. Барлығы 838 млрд теңгеге 13,9 мың жобаны құрайды» деп атап өтті спикер.