Елімізде жан басына шаққандағы орташа табыс азайған

Жарияланды
Жан басына шамамен 123 мың теңгеден келеді

Биыл жыл басында қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа номиналды табысы 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3 пайызға азайған. Одан бергі жарты жылда жан басына шаққандағы табыс бұрынғы деңгейіне қайта жеткен жоқ. Бұған «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы» статжинағының деректері дәлел бола алады.

Құжатта 2020 жылдың ІV тоқсанында бұл көрсеткіш 125 мың теңгеден жоғары болғаны, ал жыл басынан бері бірден 4 мың теңгеге төмендегені жазылған. Маусым айында жан басына шаққандағы орташа жалақы сәл өсіп, 123 мың теңгеге болған. Егер бұл соманы бр жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, 11 пайызға өскенін байқауға болады. 

Жан басыны шаққандағы табыс жыл соңында көбейіп, жыл басында азаятын бұл үрдіс соңғы 5 жыл сақталып келеді. 

Алайда азайған табыс бұған дейін ақпан-наурыз айларында қайта қалпына келетін болса, 2021 жылдың 6 айында бұл көрсеткіш көтерілмей тұр. 

Аймақтар бойынша алсақ, ең жоғары жалақыны батыс аймақтың тұрғындары алады:  Атырау (248 мың), Маңғыстау (155 мың) облыстары. Нұр-Сұлтан (179 мың) мен Алматы (166,5 мың) қаласында орташа табыс жоғарылау.  Ең төмен көрсеткіш – халық тығыз орналасқан Түркістан облысы (64,5 мың) мен Шымкентте (77 мың).

Халықаралық әдістемеге сәйкес, Ұлттық статистика бюросы өз есептеулерінде пайдаланатын жан басына шаққандағы орташа атаулы табыс –  жалдамалы және өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерлер жалақысының жалпы халық санына бөлінген көлемі. Яғни, жалпы табыс  елдәң бәріне соның ішінде  жұмыс істемейтіндерге де (зейнеткерлер, балалар, жұмыссыздар) бөлінеді. 

Айта кетейік, 2021 жылдың екінші тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы былтырғы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға өскен.  Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша, қазақстандықтардың нақты табысы тек 10%-ға артқан. 
 

Сондай-ақ оқыңыз