Жаңалықтар

Фермерлер құрғақшылықтан сақтандыру шарттары бойынша төлемдерін алуда

Үш фаза бойынша сақтандыру төлемдерінің сомасы 729 млн теңге құрайды

Топырақта ылғал жетіспеушілігінен сақтандыру шартын жасасқан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сақтандыру төлемдерін алуда.Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде ұзаққа созылған құрғақшылықтың салдарынан егістік алқаптары зардап шекті: аптап ыстық күн мен құрғақ желдер егінге және фермерлердің жақсы өнім алуға деген үмітіне нұқсан келтірді.

Құрғақшылық фактілері Qoldau.kz сайтында Agroinsurance жүйесімен спутниктік деректер негізінде автоматты түрде тіркеледі. Осылайша, сақтандыру жағдайлары тіркеліп, сақтандыру келісім-шартына отырған фермерлер сақтандыру төлемдерін алып жатыр.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, топырақ ылғалдылығы жетіспеушілігі индексінің бірінші фазасы бойынша жасалған 32 сақтандыру келісім-шартымен 5 облыстың фермерлеріне (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) сақтандыру компаниялары 190,5 млн теңге төледі.

Топырақ ылғалдылығы жетіспеушілігі индексінің екінші фазасы бойынша 38 сақтандыру келісім-шартымен 3 облыс (Ақмола, Қостанай, СҚО) және Нұр-Сұлтан қаласының фермерлеріне сақтандыру компаниялары 314,1 млн теңге көлемінде төлем жасады.

Үшінші фаза бойынша 5 облыстың фермерлері (Ақмола, Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары) топырақ ылғалдылығы тапшылығы индексі бойынша 56 сақтандыру шартын жасасқан болатын. Олар сақтандыру компанияларынан 224,4 млн теңге сомасында төлемдер алады.

Жалпы, үш фаза бойынша сақтандыру төлемдерінің сомасы 729 млн теңге құрайды. Бұл сома фермерлердің сақтандыру полистеріне жұмсаған шығындарын 565,5 миллион теңгеге асты (729 мың теңге – 159,5 млн теңге).

Ағымдағы жылы сақтандыру компаниялары топырақ ылғалдылығы тапшылығының индексті сақтандыру бойынша жасалған 100 келісім-шарт аясында жеті облыста және елордада 121,3 мың га аумақты сақтандырды. Бұл келісім-шарттар бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 319 миллион теңгені құрады, оның 159,5 миллион теңгесін фермерлер төледі, ал 159,5 теңгені ауыл шаруашылығын сақтандыру саласындағы оператор болып табылатын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры төледі.