Жаңалықтар

Қай елде коммуналдық қызмет ақысы қымбат?

Оның отбасылық бюджетке салатын салмағы қандай?

Қазақстандықтардың «таза» жалақысының кемінде 12%-ы коммуналдық қызмет ақысына жұмсалады. Салыстырар болсақ, Ресейде бұл көрсеткіш 17%-ды  құрайтын болса, Украинада  23%-ға дейін жетеді, деп жазады Energyprom.kz.

Numbeo сарапшыларының мәліметі бойынша, ауданы 85 шаршы метр пәтердің негізгі коммуналдық шығыны:  электр қуаты, жылу, сумен жабдықтау, қоқыс шығару  ақысы орта есеппен ай сайын 49,91 АҚШ долларын құрайды. ТМД елдерінің арасында Қазақстан үшінші орынға  жайғасса, мониторинг жасалған 109 елдің арасында 21-орынға табан тіреген. 

ТМД елдерінің арасында Өзбекстанда коммуналдық қызмет  ақысы ең арзан болса, (ай сайын 30,43 АҚШ доллары), ең қымбаты — Молдовада (119,46 АҚШ доллары) екен. 

Рейтингке кірген елдер арасында ең арзан коммуналдық қызмет  Нигерияда көрсетілсе (айына 1,78 АҚШ доллары) коммуналдық қызмет ақысы ең қымбат ел – Германия (263,45 АҚШ доллары).

Рисунок1_1.png
 
Алайда бұл баға қандай да бір елдегі коммуналдық қызметтің қымбаттығы жайында айқын ақпарат бермейді. Бұл жерде ең маңыздысы — коммуналдық қызмет ақысы әр тұрғынның «қалтасына» қандай салмақ түсіретіні. Мәселен, Германияда коммуналдық қызметтер — әлемдегі ең қымбат қызметтердің бірі, дегенмен, орташа нетто-жалақыға (яғни, салықтарды төлегеннен кейінгі «таза» жалақы) қатысты алсақ,  8,9%-ын ғана құрайды.

Ал коммуналдық қызмет ақысы ең арзан Нигерия тұрғындары өз отбасылық бюджетіне салатын салмақты анағұрлым айқын сезінеді. Өйткені олар жалақысының 12,2 пайызын коммуналдық қызмет ақысы ретінде төлеуге мәжбүр. Греманияда қызмет ақысы ең қымбат болғанымен, ел азаматтарының қалтасына аса қатты салмақ салмайтынын байқаймыз. 

ТМД елдерінде де коммуналдық қызмет ақысы әрқалай. Қазақстандықтар жалақысының орта есеппен  11,8 пайызын, Молдава азаматтары жалақысының төрттен бір бөлігін коммуналдық шығынды жабуға жұмсайды. Украинада бұл көрсеткіш 22,7% болса, Арменияда — 19,7%, Ресейде – 17,1%.
Сөйтіп, ТМД  елдері арасында Өзбекстанда коммуналдық қызмет ең арзан болғанымен, бұл шығынның отбасылық бюджетке ықпалы жағынан Қазақстан көш бастап келеді.

Рисунок2.png
 
Зерттеуге енген елдер арасында Кувейтте коммуналдық қызмет құны  мен «таза» жалақының ең тиімді арақатынасы — небәрі 2,3%. Ең нашар көрсеткіш Эфиопияда: бұл елде коммуналдық қызмет ақысына тапқан табыстың 66% кетеді.