Жаңалықтар

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болады?

Халық санағы басталады

Араға жыл салып елімізде оқушылар мен ұстаздар мектепте оқитын болды. Сондай-ақ бұл колледж бен жоғары оқу орындарына да қатысты. 2021-дің күзі әкелетін жаңалық бір бұл ғана емес. Осы орайда 1 қыркүйектен басталатын бірқатар жаңашылдықтарды тізбелейміз. 

БІЛІМ

Алғашқы қоңырау салтанатына тек бірінші сынып оқушылары ғана қатысады. Бірақ барлық оқушы, студенттер офлайн форматта білім ала бастайды. Мектеп, балабақша, колледж, ЖОО аумағына кіретін барлық ересек адамдар Ashyq арқылы өз мәртебесін көрсетуі тиіс. Егер оқушы індет жұқтырса онда екі апта оқшауланады. Ондай жағдайда білім ордасы басшылығы ол бала үшін арнайы қашықтан білім беруді іске асыруы керек. 

КАРАНТИН 

Карантин шектеулері әдеттегідей сарында жалғаса бермек. Ashyq жобасына қатыспайтын мекемелер жұмыс істей алмайды. Бұл ретте жоба қатысушылары демалыс күндері түнге дейін жұмыс істесе, жоба лидерлері түнгі 2-ге дейін келушілерге қызмет көрсетпек. 

ВАКЦИНАЛАУ

1 қыркүйектен бастап қызметкерлердің вакцина паспортын тексеру басталады. Елде вакциналау ерікті түрде жүргізіледі. Вакцина алмаған адам әр 7 күн сайын ПТР-тестің теріс нәтижесін көрсетіп отыруы міндетті.  

Тексеріледі: 

  • Вакциналау паспорты немесе вакцинаның бірінші компонентін алғанын растайтын анықтама; 
  •  Соңғы үш айда COVID-19-бен ауырғанын растайтын немесе медициналық теріс көрсетілімі бар екендігі туралы анықтама; 
  • Вакцина алмаған қызметкерлер үшін ПТР-тестің теріс нәтижесін айғақтайтын анықтама. 

Еске салайық, бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша Қазақстанда екі компонентпен міндетті вакциналау мерзімі 1 қыркүйекте аяқталады. 

ХАЛЫҚ САНАҒЫ

1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында елімізде жаппай ұлттық халық санағы жүргізіледі. Санақ халық санын біліп қана қоймай, мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық, демографиялық және саяси жағдайына талдау жасайды. 

Санақ екі тәсілмен жүзеге асырылмақ. 

Алғашқысы – sanaq.gov.kz сайтында интернет-сауалнама арқылы. Сайт виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттің қайда орналасқанына қарамастан санаққа қатысып, ұсынылған беттерді толтыры шығуына мүмкіндік береді. Сайт 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында тәулік бойы жұмыс істейді. 

Екіншісі – дәстүрлі санақ әдісі. Бұл көрсетілген мерзімде онлайн-сауалнамаға қатыспаған респонденттер арасында жүргізіледі. Санақ кезінде 1446 нөмірімен сall-орталық жұмыс істейді. 

ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ

1 қыркүйектен бастап әскерге шақырудың күзгі бөлімі басталады. Шақыру кампаниясы жыл соңына дейін жалғасады. Биыл шақырылатындар саны көбеймек. Әскери қарулы күштер қатарын 18-27 жас аралығындағы 17 мың жас толықтырады деп күтілуде.

ПРЕЗИДЕНТТІК КАДР РЕЗЕРВІ

1 қыркүйектен бастап президенттік кадр резервіне жаңа іріктеу де басталмақ. Оның нәтижесі бойынша 50 резервші таңдап алынып, мемлекеттік қызметтерге жіберіледі. Іріктеуге қатысқысы келетін үміткерлерге қойылатын талап әдеттегідей – Қазақстан азаматы болуы тиіс, жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы керек. 

ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ

1 қыркүйектен бастап елімізде электр энергиясының бағасы қымбаттайды. Алайда бұл қымбатшылық жеке тұлғаларға емес, бизнесмендерге қатысты болып отыр. Алматы және Алматы облысының тұтынушылары үшін төмендегідей тарифтер күшіне енеді: 

  • Бірінші топ: 
  • Электр энергиясын тауар, жұмыс және қызметтер өндіру үшін емес, жеке тұрмыстық қажеттілігі үшін пайдаланушы тұтынушыларға – 1 киловатт сағаты қосымша құн салығынсыз 16,86 теңге; 
  •  Екінші топ: 
  • Электр энергиясын тұрмыстық қажеттілік емес, өзге мақсатта пайдаланушыларға – 1 киловатт сағаты қосымша құн салығынсыз 20,79 теңге. 
  • Үшінші топ: 
  • Мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын заңды тұлғаларға – 1 киловатт сағаты қосымша құн салығынсыз 27,23 теңге; 
  • Төртінші топ: 
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруші тұтынушылар – 1 киловатт сағаты қосымша құн салығынсыз 19,74 теңге. 

ӘУЕ САПАРЫ

Қыркүйек айынан бастап қазақстандықтар Лондонға тікелей рейспен ұша бастайды. Нұр-Сұлтан әуежайынан Хитроу әуежайына алғашқы рейс 18 қыркүйек күні орындалады деп күтілуде. Ұшақтар аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері ұшады. Лондонға дейін ұшу ұзақтығы – 7 сағат 15 минут. 

Ұшуды A321LR лайнері жүзеге асырмақшы. Эконом кластың базалық тарифі екі бағытты қоса есептегенде 284 535 теңгеден басталады. 

НЕКЕ

5 қыркүйектен бастап азаматтық хал актілерін тіркеу қызметін алу үшін жеке басты куәландыратын электронды құжат ұсыну жеткілікті болмақ. Яғни, электронды құжатты көрсету арқылы азаматтар: 

  • Некені тіркеуді; 
  • Неке жасын төмендетуді; 
  • Некені бұзуды; 
  • 16 жасқа дейінгі балаға туу туралы куәлікті қайтадан алуды; 
  • Тууды тіркеуді;
  • Аты-жөнін өзгертуді тіркеуді; 
  • Азаматтық хал актілері жазбасын жою және қалпына келтіруді; 
  • Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтаманы немесе куәлікті қайтадан беруді жүзеге асыра алады. 

Мәселен, некеге отырғысы келген екі жас жеке басын куәландыратын құжатпен немесе оның электронды нұсқасымен неке орталығына келуге міндетті. Электронды құжатты egov mobile қосымшасындағы «цифрлы құжаттар» бөлімінен алуға болады. 

ДЕМАЛЫС

Жылдың тоғызыншы айында бірде бір мемлекеттік және ұлттық мейрам жоқ. Қыркүйекте бес күндік жұмыс жағдайында 22 жұмыс күні және 8 демалыс күні бар екен. Алты күндік жұмыс жағдайында қазақстандықтар 26 күн жұмыс істеп, 4 күн демалады. 

Еске салсақ, тамыз айында аптасына бес күн жұмыс істеген ел тұрғындары 21 күнін жұмыста өткізіп, 10 күн демлаған еді. Ал аптасына алты күн еңбек еткендер жалпы 25 күн жұмыста болып, 6 күн ғана демалған.