Жаңалықтар

Экономика және қаржы секторында қандай өзгеріс болмақ? Президент жолдауының негізгі бағыттары қандай?

Енді мемлекет банктерге көмектеспейді

1 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа дәстүрлі жолдауын жариялап, елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты басым бағыттарды ұсынды. Шешілмей тұрған түйткілдер мен қолға алынуы тиіс жобаларды атап көрсетті. Бұл орайда мемлекет басшысының экономика және қаржы секторына байланысты бастамаларын жинақтадық. 

Президент кіші және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорының жүктемесін 34-тен 25 пайызға дейін төмендету керек деген ой айтты. Тоқаевтың айтуынша, қор жұмысын мейлінше қарапайым әрі түсінікті етіп жүргізу қажет. Бұл бастама бизнестегі мыңдаған қызметкердің көлеңкеден шығып, әлеуметтік және медициналық сақтандыру, сондай-ақ зейнетақы жүйесінің толыққанды қатысушысы болуға мүмкіндік береді деді. Дұрыс әрі ыңғайлы жүйе 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеуі керек. 

Сонымен қатар бұдан былай қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы қаржысының бір бөлігін үй алу мақсатында «Отбасы банктегі» шотына аудара алады. «Бұл үрдісті сақтау үшін зейнетақы жинағының жеткілікті шегінен асатын мөлшерін кейін баспана сатып алу мақсатында «Отбасы банк» шотына аудару қажет деп есептеймін. Бұл қаржы жинау әдетін қалыптастыруға және оны сауатты жұмсай білуге ынталандырады» деді мемлекет басшысы. 

Бұл ретте президент елімізде бірыңғай тұрғын үй бағдарламасының да іске қосылатынын да жария етті. 

«Тұрғын үй азаматтарымыз үшін қашан да басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Сонымен қатар нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында бір терезе қағидатты бойынша есеп жүргізіп, азаматтарғат ұрғын үй бөлу міндеті тұр» деді мемлекет басшысы.

Елімізде минималды жалақы көлемінің 60 мың теңгеге дейін арттыру да жолдауда айтылды. 

«Минималды жалақы мөлшерін қайта қарастыратын уақыт жетті деп ойлаймын. Минималды жалақы мөлшері 2018 жылдан бері көбейтілген жоқ. Әлемдік коронадағдарыс тұрғындардың табысына қауіп төндірді. Сонымен қатар минималды жалақы мөлшері бойынша Қазақстан ТМД-ның біраз елінен қалып отыр. Сол себепті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдап отырмын. Аталған шара жанама түрде барша еңбек етушілерге, тікелей 1 миллионнан астам адамға әсер етеді» деді президент. 

Біраз уақыттан бері бас ауруға айналған азық-түлік бағасының қымбаттауы да жолдаудан тысқары қалмады. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасын бірыңғай бақылаумен қамтамасыз етуді тапсырды. 

«Қазақстанның аса үлкен аграрлық әлеуеті туралы жиі айтылады. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында біршама проблема жинақталып қалды. Соның ішінде тиімсіз баға саясатын және азық-түлік тауарларын бөлістіруді айтуға болады. Бұған дейін мен көтерме бөлістіру орталықтар желісін құрудың маңыздылығы жайлы айтқан едім. Бұл тапсырма қазір жүзеге асу кезеңінде. Ондай желілер қосалқы шаруашылықтарды қоса алғанда шағын ауыл шаруашылық тауар өндірушілері үшін де қолжетімді болуы керек. Бұл нарықта монополияға жол бермеу керек» деді президент. 

Тоқаевтың айтуынша, өндірушіден бастап азық-түлік бағасына бірыңғай бақылау орнатуы тиіс. 

«Қазір бұл үшін бірнеше ведомство жауапты. Кезекті баға өсімінен кейін олар терең анализ жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына жауапкершілікті бір-біріне лақтырып әуре. Бұл істе тәртіп орнату қажет. Нақты жауапты ретінде бір органды анықтап, өзге ведомстволармен өзара іс-қимыл туралы түсінікті регламентін жазу керек. Үкімет бір ай ішінде бұл мәселе бойынша шешім қабылдауы тиіс» деді президент. 

Сондай-ақ президент ендігі ретте мемлекеттің банк секторына көмектеспейтінін де мәлімдеді. 

«Стресстік активтердің деңгейін төмендету бойынша жұмыс үлкен маңызға ие. Біз мемлекет банкирлерге көмектеспейді деген шешім қабылдадық. Бұл ретте, тоқтатылған активтер тек қана нарықтық негізде экономикалық айналымға қайтарылуы тиіс. Ол үшін заңнамалық база керек» деген президент бұл іс бойынша қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне үкіметпен бірлесе отырып жыл соңына дейін тиісті заң жобасын дайындауды тапсырды. 

Президенттің айтуынша, 2022-2025     жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өседі

«2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді» Тоқаев. 

Сонымен қатар президент қаржы пирамидаларымен күрес мәселесіне де тоқталып, нарықты алаяқтардан арылту қажеттігін атады. 

«Қылмыспен күрестің тәжірибелік мәселелерін назардан тыс қалдырмау керек. Алаяқтық қылмыстардың көбеюіне қатысты азаматтар әділ наразылық білдіруде» деді. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Бас прокуратура алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша шаралар кешенін әзірлеу керек. Сонымен қатар балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою мәселесі ерекше бақылауда болуы керек екенін қадап айтты. 

«Болашақ ұрпақтың амандығына есірткінің таралуы жағдайы қатты қатер келтіріп отыр, оның ішінде синтиетикалық есірткінің қаупі жоғары. Құқық қорғау органдарына осы есірткі атты пәленің ел халқы арасында таралуы жолына қатаң тосқауыл қою тапсырылады» деді президент.